Алматы музейіне бара қалсаңыз, талай тарихи жәдігерге көзайым боласыз. Солардың бірегейі – тұтас даланы дүбірге бөлеген Түрксіб темір жолының құрылысы кезінде тұтынылған бұйымдар.
Қазақ даласына жаңалық ала келген алып теміржолдың құрылысы жылдарға созылды. Арқасын ат тұяғынан басқа таптамаған салқар мекенді сан күйге бөлеген бұл шойынжолға мыңдаған еңбек адамының тері сіңді. Музейде орын алған мына бір экспозицияға еңбеккерлердің құрылыс кезінде тұтынған темір шамдары қойылыпты. Оған қоса алғашқы рельс ретінде төселген шойын темірдің бөлшегі де тарихқа айналған өткен кезеңдердің жарқын көрінісіне сапар шектіреді. Музей қызметкері Абадан Тілеубергенова бұл бұйымдарға келушілердің ынта-ықыласы ерекше екенін айтады.
«Түркістан-Сібір теміржолы Орталық Азия мен Сібірді байланыстыру үшін салынған КСРО-дағы ірі магистралдың бірі. Теміржол құрылысы бір мезетте солтүстікте Семей және оңтүстікте Луговой бекеттерінен басталып, 1442 шақырымдық жол 1930 жылы Айнабұлақ бекетінде түйісті. Түрксіб теміржолының жолаушылар тасымалдайтын бағыттары бойынша белгіленген кестеге сәйкес Алматы-1 теміржол бекетінің кассасы да арнайы инсталляция арқылы көрерменге ұсынылған. Дала өркениетіндегі айтулы өзгеріс бірқатар шығармашылық иелерін терең шабытқа бөледі», дейді ол.
Қазақ бейнелеу өнерінің заңғары Әбілхан Қастеев те алғашқы еңбек жолын дәп осы теміржол құрылысының Айнабұлақ бекетінде жер қазушы болып бастады. Күндердің күні тосын сыйы көп тіршілік көкірегінде қайнап жатқан талант бұлағының бағытын үлкен арнаға бұрып, ұлы дарын туған топырағына құбылыс болып келген алып теміржолды күрекпен емес, қылқаламмен салып шықты. Кейін оның әйгілі «Түрксіб» шығармасы қазақ теміржолының паспортына айналды. Түрксіб теміржолының құрылысына қатысты көптеген қызықты дерек бар. Он мыңнан астам адам жылдар бойы тынымсыз еңбек еткен теміржол құрылысында Тұрар Рысқұлов пен Мұхамеджан Тынышбаевтың рөлі ерекше.
АЛМАТЫ