Франция тасжолдарында өтіп жатқан велоспорттан «Тур де Франс» Гранд-туры бел ортасына таяса да, «Астана» өкілдері үздіктер қатарынан көріне алар емес.
Сен-Леонар-де-Нобла мен Пюи-де-Дом қалаларын жалғаған жарыстың тоғызыншы кезеңінде «Астана» командасының өкілі, ел чемпионы Алексей Луценко мәре сызығын жетінші болып кесті. 182,5 шақырымға созылған қашықтықты отандасымыз 4 сағат 20 минут 20 секунд ішінде жүріп өтті. Ал бұл кезеңде канадалық Майкл Вудстың («Israel-Premier Tech») бағы жанды. Оның уақыт көрсеткіші – 4 сағат 19 минут 41 секунд. Екінші орынды франциялық Пьер Латур («Team TotalEnergies»), үшінші орынды словениялық Матей Мохорич («Team Bahrain Victorious») иеленді.
Жалпы есепте «Тур де Франстың» былтырғы жеңімпазы даниялық Йонас Вингегаард («Jumbo-Visma») көш бастап тұр. Оны словениялық Тадей Погачар («UAE Team Emirates») мен аустралиялық Джей Хиндли («Bora-Hansgrohe») өкшелеп келеді. Өкінішке қарай, «Астана» командасы көшбасшыларының бірі британиялық Марк Кавендиш жарақатына байланысты жарыс жолынан шығып қалды.