Қырғызстанның Ыстықкөл облысында шахматтан 6 және 18 жас аралығында өткен Батыс Азия біріншілігінде Қазақстан құрамасы мол олжаға кенелді.
Әр жас санаты бойынша өткізілген додада Қазақстан құрамасының шахматшылары ел қоржынына 40 медаль салып, үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, жерлестеріміз классикалық шахмат бойынша 4 алтын, 3 күміс және 4 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте Өзбекстан өкілдеріне ғана жол беріп, екінші орынға тұрақтады. Сондай-ақ 6 жасқа дейінгі чемпионаттан тыс жағдайда өткен ойында еліміздің жас шахматшылары 2 алтын және 1 күміс жеңіп алды.
Ал рапид және блиц шахмат бойынша отандастарымыз командалық есепте үздік шықты. Блиц бәсекесінде шахматшыларымыз 5 алтын және 3 қола медаль олжаласа, рапид бойынша да жерлестеріміз топ жарып, 7 алтын, 3 күміс және 8 қола жүлдеге қол жеткізді.
Сары құрлық додасына Бангладеш, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Оман, Шри-Ланка, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінен 280-нен астам шахматшы және Халықаралық шахмат федерациясы атынан ойыншылар қатысты.