Бұл күндері Иорданияның бас шаһары Амманда күрес түрлерінен 15 және 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатқаны белгілі.
Сары құрлық додасының алғашқы күнінде боз кілемде 15 жастағы грек-рим күресінің шеберлері белдесті. Бұл сында Қазақстан құрамасының жас балуандары нәтижелі өнер көрсетіп, 3 алтын, 2 күміс және 3 қола жүлдеге ие болды. Осы нәтиже арқылы отандастарымыз жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді.
Атап айтар болсақ, Амман бозкілемінде Диас Маратов (48 кг), Досбол Шәміл (57 кг) және Әбілмансұр Ахалбек (68 кг) Азия чемпиондары атанса, Мәрлен Мейірбекұлы (62 кг) мен Аянбек Ибраев (85 кг) күміс жүлдеге ие болды. Сұлтан Мәулітханов (38 кг), Сұңқар Зарап (44 кг) және Дамир Ақан (52 кг) қолаға қол жеткізді.