Жыл сайын Еурокубок ойындарына қатысып, мол тәжірибе жинап жүрген елорданың «Астанасы» УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы маусымдағы жорығын бастады. Былтыр ел біріншілігінде үздік шығып, Чемпиондар лигасы дейтін абыройлы турнирдің іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болған Григорий Бабаян шәкірттері жаңа маусымдағы тұсаукесер кездесуін Грузияның «Динамо» командасымен өткізді. «Астана Арена» стадионындағы алғашқы ойында командалар тең түсіп, кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Биыл елордалық ұжымның Еурокубок бәсекелеріне үздіксіз қатысып келе жатқанына тура 10 жыл толды. Ең алғаш Еуродода ойындарын 2013-2014 жылғы Еуропа лигасының іріктеу кезеңінен бастап, алғашқы ұмтылысында-ақ сәтсіздікке ұшыраса да, «Астана» клубы кейіннен бір мәрте Чемпиондар лигасының, төрт рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынады. Осы уақыт аралығында елордаға ағылшынның «Манчестер Юнайтед», Испанияның «Атлетико Мадрид», Францияның «Ренн», Украинаның «Динамо», «Киев», Португалияның «Спортинг» және Еуропаның тағы басқа да азулы командалары келді. Осы командалармен өткен ойындардың көбінде «Астана» клубы қарсыластарынан басым түсіп, «Астана Аренаға» жиналған футбол жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген еді.
«Астананың» сол кездегі табыстарына өз үлесін қосып, бапкерлік құрамда болған Григорий Бабаян былтырдан бастап команда тізгінін қолына алып, елордалық ұжымды қайтадан биікке шығаруды мақсат етіп отыр.
Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, елордалық ұжым кейінгі он жылдың ішінде Еурокубок бәсекелерінің тек бір маусымын тең нәтижемен бастап, Еуропа лигасының топтық кезеңіне дейін шыққан екен. Енді, міне, араға жеті жыл салып, «Астана» тағы да халықаралық ойындардың алғашқысында тең түсіп отыр. Мұны да бір жақсылыққа балаған дұрыс шығар.
27 мың жанкүйер тамашалаған «Астана Аренадағы» матчтың айқын фавориті «Астана» болғаны даусыз еді. Өйткені грузиялық ұжым өз елінің даңқты командасы болса да, халықаралық ойындарда аса тәжірибесі жоқ. Сондықтан матч басталмай тұрып-ақ футбол мамандары бұл кездесуде «Астананың» жеңіске жетуіне еш күмән келтірмейтінін мәлімдеген болатын. Тіпті елордалық клубтың аңыз ойыншысына айналған сербиялық қақпашы Ненад Эрич те «Астана» жеңісіне сенімді болған.
Бірақ 90 минут бойы тартысты өткен кездесуде командалардың күштері тең түсіп, тосын нәтиже тіркелді. Бірінші таймда елордалық команда ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыластарына қарағанда басым болса, екінші таймда Грузия командасы шабуылда сәтті ойнады. Кездесудің алғашқы минутында жерлестеріміз «Динамо» қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, тек 10-минутта ғана гол соғу бақыты бұйырды. «Астана» құрамын жуырда ғана толықтырған ұлттық құрама ойыншысы Ян Вороговскийдің пасынан кейін Абат Айымбетов допты қақпаға дәл бағыттап, кездесудің есебін ашты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін «Астана» футболшылары есепті еселеуге тырысқанымен, қарсылас клубтың қорғаушылары шабуылшыларымызға мүмкіндік бермеді.
Екінші таймда да жерлестеріміз ойындағы басымдықты өз қолдарына алып, динамолықтарға қысым көрсетуге тырысты. Бірақ жасанды алаңға бой үйреткен «Динамо» футболшылары екінші 45 минуттықта «Астана» қақпасына жиі шабуылдады. Нәтижесінде, ойынның 57-минутында грузиялықтардың кезекті шабуылдарының бірінде Габриэль Сигуа бос қақпаны дәл көздеп, мергендігімен көзге түсті – 1:1. Ойынның қалған уақытында «Астана» футболшылары таблодағы көрсеткішті өзгерткісі келгенімен, екінші голды соғуға шамалары жетпеді. Сөйтіп «Астана» мен «Динамо» арасындағы алғашқы ойын тең нәтижемен аяқталып, барлық мәселе Грузиядағы ойында шешілетін болды. Екі ұжым арасындағы қарымта матч 19 шілдеде Тбилисиде өтеді.