Кейінгі жылдары елімізде ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ұлттық ойындарымыз ерекше қарқынмен дамып келеді. Оны еліміздің әр түкпірінде жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып жатқан Азия және әлем чемпионаттарының деңгейінен байқауға болады. Ұлттық спортымыздың ерекше ұлықталуына әр спорт түрінің жеке-жеке федерация болып құрылуы оң әсер етіп жатқанын да айта кеткен жөн.
Жуырда бұған дейін үш федерация болып жұмыс істеп, былтырдан бері бір федерацияның астына біріккен «Qazaq kuresi» Ассоциациясының Президенті болып Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов тағайындалды. «Qazaq kuresi» Ассоциациясы қазақ күресінің әртүрлі ережесі бойынша жұмыс істеп келген үш федерациясының – «Qazaq kuresi» халықаралық федерациясы, «Qazaq kuresi» дүниежүзілік федерациясы және «Qazaq kuresi» республикалық федерациясын біріктіріп, 2022 жылдан жұмыс істеп келеді.
Бүгінде Ассоциацияның басты мақсаты – қазақ күресін республикалық және халықаралық аренада дамыту, оны олимпиадалық спорт түрлері бағдарламасына енгізу. Қазіргі таңда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада «Qazaq kuresi» Ассоциациясының тікелей бақылауымен жұмыс істейтін қазақ күресі федерациялары жұмыс істеп тұр. Статистикалық деректерге сүйенер болсақ, елімізде 122 607 адам жаттығатын 3 897 қазақ күресі үйірмесі бар. Оның ішіндегі 2 735 үйірме ауылдық жерлерде орналасқан, онда 73 054 адам жаттығады. Жалпы, қазақ күресінен жылына түрлі деңгейдегі 700-ден астам жарыс өткізіледі. Халықаралық аренада әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді.
Бір атап өтерлігі, Ассоциацияны басқаруға алғаш рет қазақ күресінің маманы келіп отыр. Ербол Мырзабосынов – қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, еңбек сіңірген жаттықтырушы. Ол біраз жыл бұрын «Qazaq kuresi» ассоциациясының құрылуының басы-қасында болып, бас директор қызметін атқарды. Оның тікелей басшылығымен ел аумағында және халықаралық аренада қазақ күресінің бірыңғай ережесі бекітілді. 2022 жылы «Qazaq kuresi» Ассоциациясы Біріккен Күрес әлемі (UWW) ұйымының құрамына еніп, UWW аясында тұңғыш рет қазақ күресінен үш жас тобын қамтыған әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Бұл – қазақ күресінің халықаралық кешенді жарыстардың бағдарламасына ену жолындағы алғашқы маңызды қадамның бірі болды.
Қауымдастықтың жаңадан сайланған президенті Ербол Мырзабосынов «Qazaq kuresi» Ассоциациясының қазақ күресі ережесін біріздендіру және төл күрестің халықаралық аренадағы танымалдылығын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді. Ол Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың көп шығынды қажет етпейтін және балаларды теріс әдеттен аластататын спорт түрлерінің қатарында қазақ күресін дамыту қажеттігіне назар аударғанын атап көрсетті. Ол ұлттық спорт түрлері арқылы елдің имиджін көтеру мүмкіндігіне тоқталып, мысал ретінде Жапонияның ұлттық спорт түрі дзюдоны келтірді. Е.Мырзабосыновтың пікірінше, қазақ күресі елді халықаралық аренада танымал ететін брендтердің біріне айналуға тиіс. Ол сонымен бірге қазақ күресінің Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының бағдарламасына енгізілуі ел спортшыларының медаль көрсеткіштерін жақсартып, елдің имиджін қалыптастыруға оң әсер ететінін атап айтты. Сондай-ақ Ербол Қуантайұлы жиын қатысушыларының назарын өзбек Өзбекстанның «Кураш» күресінің дамуына аударды. Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген бұл күрес түрі Өзбекстанға 7 салмақ дәрежесінде медаль жеңіп алуға мүмкіндік береді. Қазақ күресі дәл осылай Азия ойындарының бағдарламасына енгізілген жағдайда, жалпыкомандалық есепте жоғары орын алу мүмкіндігіміз арта түседі деп түйіндеді.
Ассоциация президенті сайланған жиынға Италия, Грузия, Әзербайжан, Грузия және т.б. елдердегі қазақ күресі федерацияларының басшылары, сондай-ақ UWW бюросының мүшесі Мария Родика Якшы онлайн қатысып, құттықтау білдірді. Мария Родика Якшы қазақ күресінің World Combat Games, яғни бүкіләлемдік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енгізілгенін хабарлады.