Өткен аптада Аустрия және Италияда ұйымдастырылған теннистен халықаралық турнирде жерлестеріміздің бағы жанып, жұптық сында жеңімпаз атанды.
Атап айтқанда, Аустрияның Зальцбург қаласында мәресіне жеткен ерлер арасындағы челленджер турнирінде Андрей Голубев бас жүлдеге ие болды. Жерлесіміз бұл турнирде украиналық Денис Молчановпен бірге жұп құрап ойнап, финалдық сайыста үндістандық теннисшілер – Анируд Сандрасекар мен Виджай Сундар Прашантпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда қазақстандық-украиналық жұп 6:4 есебімен жеңіске жетсе, екінші сетте тай-брейкте басым болды – 7:6 (10:8).
Ал Италияның бас шаһары – Рим қаласында өткен әйелдер арасындағы W60 санатындағы турнирде Жібек Құламбаева үздік шықты. Ол Беларусь өкілі Юлия Готовкомен бірге финалда осы жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген колумбиялық Юлиана Лизаразо мен Мария Паулинамен кездесіп, екі сетке жалғасқан ойында қазақстандық-беларусьтік жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.