12-13 шілде аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Қайрат Омаров пен Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған делегация Вашингтонға жұмыс сапарымен барды.
Америкалық әріптестермен екіжақты өткен кездесуде тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі жан-жақты нығайту бойынша өзара бағытты растады. Ақ үйде және Мемлекеттік департаментте өткен келіссөздер саясат, қауіпсіздік және сауда саласындағы ең өзекті мәселелер бойынша саяси диалогті одан әрі жандандыруға екі жақтың мүдделі екенін растады.
Кездесулерде Қазақстан делегациясының мүшелері америкалық әріптестеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалары туралы әңгімелеп берді. Соның ішінде заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жөнінде ақпарат берді. Демократиялық реформалардың уақтылы жүргізілгенін құптай отырып, америкалық тарап оларды қолдайтынын және іс жүзінде жүзеге асыруға көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан делегациясы ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы көшбасшы екеніне назар аударды. Келіссөздер барысында Мемлекет басшысының Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру туралы бастамасын жүзеге асыру тәсілдері талқыланды.
Сонымен қатар Конгресс мүшелерімен, оның ішінде Өкілдер палатасының Сыртқы істер комитетінің төрағасы Майкл Макколлмен, «Қазақстан достары» конгресіндегі кокустың тең төрағалары Джимми Панетта, Роберт Адерхолтпен кездесу өтті. Келіссөздер барысында басты назар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнатуға, Джексон-Вэник түзетуінің күшін жою үдерісін белсендіру мәселесіне назар аударылды. Тараптар парламентаралық байланыстарды дамытудың маңызы туралы ортақ пікірге келді.
Сондай-ақ KazAID-тің USAID-пен серіктестігінің әлеуетін атап өткен жөн. Агенттік басшылығымен кездесуде тараптар Транскаспий бағытын дамытуға және Қазақстандағы энергетикалық көшуге қызығушылық танытты. Делегация мүшелері сонымен қатар жетекші америкалық ой-талқы орталықтары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.