• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 17 Шілде, 2023

Қазақстанда пияз және сәбіз қорларының ұсынылатын көлемі қалыптасты

202 рет
көрсетілді

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсу индексі ел бойынша орташа есеппен нөл көрсеткішінде қалды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

Үкіметте негізгі азық түлік бағасын тұрақтандыру және отандық қант өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.

Отандық өндірушілердің өтініштерін назарға ала отырып, Сауда Комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков қазір нарықтың қанығуы арзан ресейлік өнім есебінен жүретінін, ал отандық өндірушілердің қанттары сұраныстың төмен болуына байланысты зауыттардың қоймаларында екенін атап өтті. Қазақстандық өндірушілерді қолдау үшін қантқа ең төменгі көтерме бағаны енгізу мәселесі бірнеше рет қаралды. Алайда бұл шешім жазғы маусым аяқталғанға дейін кейінге қалдырылды. 

«Бұрын бағаны тұрақтандырудың жаңа тәсілдерін іске асыру аясында өңірлік ӘКК айналым схемалары бойынша қант зауыттарына шикізат сатып алуға 14,3 млрд теңге бағыттаған еді. Отандық қант зауыттарын қолдау үшін қосымша 9 млрд теңге айналым қаражатын жібере отырып, айналым схемасы бойынша қаржыландыруды қайта іске қосуды ұсынамыз. Бұдан басқа, бұрын жасалған шарттарды 1,5 жылға ұзарту орынды деп санаймыз», А.Әбілдабеков ұсыныстарын айтты.

Бағаны тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидалары шеңберінде өңірлерді форвардтық қаржыландыру бойынша жұмыс барысы туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков хабарлады. Ережеге сәйкес, аймақтар ақпан айында күзгі егіннен көкөніс сатып алуды форвардтық қаржыландыруды бастауы керек еді. Кейбір аймақтарда бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ.

«Өңірлерге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен қайта өңдеу кәсіпорындарына қаржыландырудың 70% бөлу жөніндегі талаптарды сақтау өте маңызды. Біз үлгілік қағидалар шеңберінде келісімшарт талаптарын сақтау бойынша бақылауды күшейтетін боламыз. Талаптар сақталмаған өңірлер бойынша тиісті ұсыныстар енгізілетін болады», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі.

Ербол Тасжүреков хабарлағандай, елімізде пияз бен сәбіз бойынша ұсынылатын қор көлемі қалыптасқан. Картоп пен қырыққабат бойынша бұл жұмыс әлі де жалғасып жатыр. 5 өңірде картопты контрактациялау көлемі ұсынылған көлемнен төмен. Бұл Атырау облысы (55%), Абай облысы (65%), Ұлытау облысы (74%), Алматы облысы (79%) және Ақмола облысы (92%).

Ауыл шаруашылығы вице-министрі әкімдіктер мен ӘКК-нің қырыққабат бойынша келісімшарт жасау жөніндегі әлсіз жұмысын атап өтті. Мәселен, 10 өңірде келісімшарттардың көлемі ұсынылатын қажеттілік көлемінен төмен. Оның ішінде үшеуінде қорлар 50%-дан аз қалыптасты. Бұл Ұлытау (30%), Алматы (45%) облыстары мен Астана (49%) қаласы. Қамтамасыз ету мониторингі көрсеткендей, 8 өңірде ұн бойынша іс жүзінде келісімшарттар жоқ немесе ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған көлемнің 50%-нан аспайды. Ақтөбе облысында күнбағыс майы мен күріш бойынша келісімшарттар жоқ.

«Барлық өңірлерге жағдайды түзетуге уақыт беремін. Жаз біз үшін алдағы уақытта бағаны тұрақтандыруға қор жинаудың жалғыз уақыты. Бір апта ішінде әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының индексі нөлдік пайызды құрады, дегенмен уақытылы жұмыс істеген кезде дефляция болуы керек еді. Қызылордадағы күріш жәрмеңкесінің қорытындысы бойынша күрішті сатып алуға меморандумдарды тек 8 өңірдің әкімдіктері жасады. Олар 1,4 мың тонна күрішке келісімшарт жасады, ал ел бойынша шамамен 21 мың тонна қажет. Барлық өңірлер бүгін кеңесте белгіленген барлық міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуі қажет», деп қорытындылады вице-премьер Серік Жұманғарин.