«Семейный капитал» қаржы пирамидасын құрған алаяқ елордалықтарға алты айда пәтер алып беруге уәде берген, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Алаяқ тұрғын үй сатып алу бойынша жалған бағдарлама әзірлеп, халықпен келісімшарт жасасқан. Оның шарты бойынша 300 мың теңгеден 5 млн теңгеге дейінгі инвестиция, 30-дан 60 пайызға дейін артық төлеммен тұрғын үйді алудың күту мерзімі 6 айдан 10 айға дейін көрсетілген. Соның салдарынан азаматтар уәде еткен пәтерлерін алмай, салған қаржысынан да қағылған», деп жазылған хабарламада.
Осылайша, елорда тұрғындарына 450 миллион теңгеге жуық материалдық шығын келтірілген. Полиция қызметкерлері оны уақытша ұстау изоляторына қамады.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға және жинақтарын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырады.