Футболдан УЕФА Конференция лигасының іріктеу кезеңінде бақ сынап жатқан Қостанайдың «Тобылы» Еурокубок додасын жеңіспен бастады. Былтырғы ел чемпионатында қола жүлдегер атанған «Тобыл» іріктеудің алғашқы айналымында Финляндияның орта деңгейлі ұжымдарының бірі «Хонка» командасымен кездесіп, аса тартысты өткен бәсекеде жергілікті жанкүйерлерді жеңісімен қуантты.
Еурокубок ойындарының тарихына көз жүгіртсек, Финляндия командалары – Қазақстан клубтарына ең ыңғайсыз қарсылас. Мәселен, еліміздің жеті дүркін чемпионы «Астана» бүгінге дейін скандинавиялық ұжым өкілдерімен өткен екі ойынның бірінде жеңіске жетіп, екіншісінде жеңіліп қалған болатын. Чемпиондар лигасының 2015-2016 жылғы маусымының үшінші кезеңінде «Астана» Финляндияның азулы ұжымы ХИК клубымен кездесіп, екі ойынның нәтижесі бойынша 4:3 есебімен келесі кезеңге өтсе, екі жыл бұрын КуПС клубына 4:5 есебімен жол берген еді.
Іргетасы 1957 жылы қаланған «Хонка» командасы Еурокубок бәсекелерінде тәжірибелі клуб саналмаса да, Қостанайда өткен ойында алаң қожайындарын әбден әбігерге салды. Былтыр өз елдерінің чемпионатында қола жүлде иеленген екі ұжым арасындағы кездесуді «Тобыл» футболшылары белсенді бастағанымен, алғашқы голды қонақ команданың ойыншылары соғып кетті.
Бірінші таймның 39-минутында Лукас Кауфманның алыс бағыттаған соққысының алдында «Тобыл» командасының қорғаушылары да, қақпашысы да дәрменсіздік танытып, гол өткізіп алды. Сөйтіп, «Хонка» футболшылары үзіліске көтеріңкі көңіл күйде аттанды. Дегенмен алғашқы 45 минутта «Тобыл» футболшылары қарсыластарына қарағанда қауіпті шабуылды көп ұйымдастырғанымен, бірде-бір мүмкіндіктерін голға айналдыра алмады.
Үзіліс уақытында бас бапкер Милич Чурчичтен қажетті ақыл-кеңесті тыңдап шыққан алаң иелері екінші таймды өте қарынды бастап, қарсыластарының қақпасына жауапсыз екі гол соғып, тамаша камбэк жасады. Алдымен ойынның 62-минутында шабуылшы Милян Вукадинович «Хонка» қақпасының алыс бұрышын дәл көздеп, таразы басын теңестірді. Соғылған голдан кейін Қостанайдағы орталық стадионға жиналған жанкүйерлер де, «Тобыл» футболшылары да рухтанып, шабуылдарын екі есе күшейтті. Нәтижесінде, екінші гол да көп күттірген жоқ. Матчтың 75-минутында «Хонка» клубының қорғаушылары мен қақпашысы өз айып алаңында пас алмасу кезінде бір-бірін түсінбей, доптан айырылып қалды. Ұрымтал тұсты Милян Вукадинович сәтті пайдаланып, дубльдің авторы атанды. Осылайша, екі ұжым арасындағы алғашқы кездесу 2:1 есебімен қостанайлықтардың пайдасына аяқталды.
«Тобыл» мен «Хонка» арасындағы қарымта матч 20 шілдеде Финляндияда өтеді. Егер жауап бәсекесінде жерлестеріміз жеңіске жетіп немесе тең нәтижеге қол жеткізетін болса, Конференция лигасының екінші айналымына жолдама алады. Ал бұл кезеңде «Тобыл» Швейцарияның «Базель» клубымен кездесуі мүмкін.
Сондай-ақ Конференция лигасының екінші іріктеу кезеңінде былтырғы ел чемпионатының күміс жүлдегері «Ақтөбе» мен Қазақстан кубогінің иегері «Ордабасы» клубтары өнер көрсетеді. Шымкенттік ұжым 27 шілдеде өз алаңында Варшаваның «Легиясын» қабылдаса, «Ақтөбе» «Торпедо» (Кутаиси) – «Сараево» (Босния және Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.