Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) кейінгі жылдары спорт әлеміндегі абырой-беделін жоғалта бастаған соң боксшылар мен жанкүйерлердің назарын аударту үшін түрлі іс-шара, жүлде қоры қомақты жарыстар өткізе бастады. Солардың бірі ретінде Таиландтың Пхукет аралында ұйымдастырылған «Чемпиондар кеші» шоуын айтуға болады. Бұл жерде жер-жаһанның ең үздік боксшылары іріктеліп, бір-бірімен жұдырықтасады.
Бірер жылдан бері дәстүрге айналған биылғы бокс шоуына халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген әйелдер және ерлер құрамындағы үш бірдей отандасымыз шақырту алды. Атап айтар болсақ, 2016 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионы, 2022 және 2023 жылғы жаһандық доданың қола жүлдегері, 2021 жылғы Азия чемпионы және ел чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы Валентина Хальзова, ерлер арасындағы халықаралық жарыстар мен ел біріншілігінің жүлдегері Мұхамедсабыр Базарбайұлы және жуырда ғана Ташкентте өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Дулат Бекбауов Пхукет шаршы алаңында жұдырықтасты.
Жекпе-жектер әдеттегі жарыстардан ерекшеленіп, жартылай кәсіпқой форматында ұйымдастырылды. Яғни ерлер 3 минуттан 5 раунд, әйелдер 2 минуттан 5 раунд жұдырықтасты. Сонымен қатар әйел боксшылар «Чемпиондар кешінде» алғаш рет шлемсіз өнер көрсеткенін де айта кеткен жөн.
Таиланд шаршы алаңындағы бокс кешінің шымылдығын әйел боксшылар ашып, Валентина Хальзова екі дүркін Еуропа чемпионы, әлем біріншілігінің бес дүркін жүлдегері түркиялық Элиф Гюнермен қолғап түйістірді. Бұған дейін 71 кило салмақта жұдырықтасқан екі боксшы бұл жолы 75 килода өзара кім мықтыны анықтады. Әлемдік жарыстарда әбден ысылып, тәжірибесі толысқан жерлесіміз бірінші минуттан бастап кездесу тізгінін өз қолына алып, түрік боксшысының адымын аштырмады. Қарсыласының қорғанысын сәт сайын бұзып, дәл соққыларды көп жасап отырды. Жекпе-жек қорытындысында отандасымыз төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Хальзова мен Гюнер биыл Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен әлем чемпионатының ширек финалында кездесіп, сол кезде де Валентинаның мерейі үстем болған еді.
Ерлер арасындағы жекпе-жектер кешін отандастарымыздан 63,5 килоға дейінгі салмақта жұдырықтасатын Мұхаммедсабыр Базарбайұлы бастап берді. Ол биылғы әлем чемпионатының қатысушысы өзбекстандық Муджибилло Тұрсыновпен күш сынасты. Мұхаммедсабырдан өзге боксшының барлығы бұл бокс кешіне бір ай бұрын шақырту алған болса, жерлесіміз ұйымдастырушылардан жарысқа бірер күн қалғанда ғана ұсыныс алғанын айта кеткен жөн. Одан бөлек, Базарбайұлы шілде айының басында Астанадағы «Елорда кубогіне» де қатысқан еді. Жарысқа дайындығы аз болғанына қарамастан, отандасымыз өзбек боксшымен болған айқаста еш қаймығып қалған жоқ. Дегенмен аса тартысты өткен кездесуде төрешілер өзбек боксшының қолын көтерді.
Қазақ-өзбек текетіресінің екінші жұбында Ташкенттегі әлем чемпионатының финалында жұдырықтасқан Дулат Бекбауов пен Асадхуджа Муйдунхуджаев жанкүйерлерге қызықты жекпе-жек ұсына білді. Өкінішке қарай, 71 кило салмақта өткен кездесу де өзбек боксшының пайдасына шешілді. Бұл – Бекбауов пен Муйдунхуджаев арасындағы кейінгі екі жыл ішіндегі үшінші жекпе-жек. Бірінші рет екі боксшы былтырғы Азия чемпионатының жартылай финалында кездесіп, сол айқаста жерлесіміздің бағы жанған болатын. Ал кейінгі екі бәсекеде өзбек боксшысы мықтылық танытты.
«Чемпиондар кешіндегі» өзге де жекпе-жектерге тоқталар болсақ, әуесқой бокста барлық атаққа қол жеткізген Олимпиада, әлем және Азия чемпионы өзбекстандық Хасанбой Дусматов әлем чемпионатының қола жүлдегері испаниялық Мартин Молинадан басым түссе, Токио Олимпиадасының жүлдегері ресейлік Имам Хатаев екі дүркін Олимпиада чемпионы кубалық Арлен Лопесті жеңіп кетті. Ал бокс кешінің басты жекпе-жегінде 5 дүркін әлем чемпионы және екі дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы кубалық Хулио Ла Круз испаниялық Энмануэль Рейестен айласын асырды.
Осылайша, «Чемпиондар кешінің» жеңімпаздары Халықаралық бокс қауымдастығы тарапынан чемпиондық белбеу мен 10 мың доллар көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Жеңілген боксшылар да сыйлықтан құралақан қалған жоқ, олар 5 мың долларға ие болды.