• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Денсаулық 18 Шілде, 2023

«Сүтімізге шошқаның майы қосылып, етімізді екпемен ісінтеді». Ас-суымызға қатысты айтыла бермейтін ақиқат

9148 рет
көрсетілді

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тамақтану. Бір қарағанда ­тойып тамақ ішіп жүргеніміздің несі мәселе дерсіз?! Бірақ британдық философ Бертран Рассел айтпақшы, «Адамды жүйелі әрі мақсатты түрде тамақтандырып та малға айналдырып жіберуге болады».

Қазір дүние жүзінде 7 миллиард­ 850 миллион халық бар. Алайда Нобель сыйлығының лауреаты Ген­ри Кис­синджер айтқандай, 2050 жы­­лы жер бетінде 1 миллиард қана адам қа­лады. Оның 500 миллио­нын тәр­­тіпке бағы­натын Қытай, Жапо­ния азаматтары құ­рамақ. Сонда біздің қазақ құри ма? Қазіргі тамақтану салтымызға қарасақ, солай секілді. Неге десеңіз біз тұтынып жүрген бар­лық тамақтың қаптамасында «Е» таңбалары бар. Демек ол қауіпті, кү­дікті, тыйым салынған, қатерлі ісік ауруларын тудыратын өнімдер деген сөз. Бірақ адамдар оны елең қылмайды. Сатып алып, тұтынып жатыр. Сонда біз келешекте қандай ұлт боламыз? Мені осы мәселе қатты тол­ғандырады.

Гендік-модификацияланған тауар­лар бар. Көпшілік ГМО деп жүр. Күнделікті тұтынатын тағамымызда дәл осындай қоспалар көп. Сонда ертең біздің тұқымымыз не болады? Қытайдың қолдан жасалған күріші біздің нарыққа келіп жатыр. Оны қытайлардың өздері жемейді. Есесіне өте арзан бағада Қазақстанға сатылып жатыр. Бұл да қауіпті.

Одан кейінгі ұнтақталған сүт те жақсылыққа апармайды. Біз оны ке­ңес заманында торғайға, бұзауға бе­ре­тінбіз, жемге қосатынбыз. Қазір халық соны ішіп жатыр. 3-4 жыл бұрын сүт, айранның сыртқы қаптамасына ұнтақтан жасалса, «ұнтақтан жа­сал­ған» деп жазылатын. Қазір ол да жоқ. Бәрін құдды бір сауын сиырдан алып беріп жатқан сияқты. Сүт зауытында бірде-бір сүт таситын машина жоқ. Неге? Өйткені бәрін ұнтақтан жасайды. Он шақты жыл бұрын қытайлар сүт ұнтағына дәрі қосқан адамды ұстап алып, ату жазасына кесті. Ал біз сол сүт ұнтағын әкеліп халықты асырадық. Ешкім мән бермеген соң, қала берді.

Қазір мал семірту үшін екпе салады. Сол себепті ет жей алмайсың. Жесең ауырып қаласың. Сонда қазақ азып кетпей ме?! Екпемен семіртілген мал бұрын оңтүстіктен келетін. Қазір Астананың маңындағылар да екпемен екі елі қазы шығарып жүр.

Пластик бөтелкемен су ішудің де зиян екенін біле тұра, пайдаланамыз. Ол салқын жерде тұрса да, жылы жерде тұрса да диоксин деген у шығарады. Бұл қатерлі ісік ауруына шалдықтырады. Әрбір екінші әйел кеуде рагымен ауырады. Мен білсем, соның барлығы осы пластик бөтелкеден. Оны ғалымдар да айтып жүр. Ал Норвегия, Дания, Швеция әуел бастан шыны бөтелкені пайдаланады.

«Шадринское» брендімен шыға­тын сүт өнімдеріне шошқаның майы қосылады. Соның таза емес екенін қазақтар неге білмейді? Ашытқының өзі зиян. Ертеде қазақтар нанды айранмен ашытатын. Орыстардың өзі хмельді пайдаланады. Біз болсақ ашыт­­қыны қолданып жүрміз. Шығыс хал­­қы ашымаған нан жейді.

Одан кейін дәрі-дәрмектің 40 па­йызы қолдан жасалып, сатылып жатыр. Сауд Арабиясында мұндайды анықтаса, бірден ату жазасына кеседі. Ал бізде мән бермейді. Бұрындары 270 мың халқы бар Целиноградта 4 дә­ріхана бо­латын. Қазір 1 шаршы ша­қырым са­йын дәріхана тұр. Менің үйім­нің айна­ласында 6 дәріхана бар. Қы­зығы әр­қай­­сысындағы дәрілер­дің бағасы да әр­түрлі. Мысалы, біре­уін­де 13 мың тең­­ге деп тұрған дәрі екіншісінде 9 мың тең­геге сатылып жатыр. Сонда әр­­кім қа­­ла­ған бағаны қоя бере ме? Бұл – ха­лық­ты тонау ма? Осыны тәртіпке кел­ті­руге болады ғой. Негізінен осының бә­ріне мемлекет бақылау жүргізуі керек.

Зертханаларды жекеменшік қы­лып жібердік. Салдарынан қазір әркім әкеліп сүт, қымыз сатып жатыр. Бәрі су қосады. Жарайды таза су болса мейлі, басқа да нәрселерді қосып жіберсе не болады? Ешкімге ештеңе керек жоқ. Еш жерде бақылау жоқ. Мәселе осы болып тұр. Бұрынғы бас санитар Жандарбек Бекшинмен 10 жыл бұрын сөйлескенмін. Сонда «маман­дарды шетелге жіберіп оқыт­қалы жатырмыз» деген. Сол мамандар қазір қайда? 90-ға келген маған мұның келіп-кетері жоқ. Мен ұрпағым үшін алаңдаймын.

Осындай мәселелерді жоғары жақ­қа жеткізу керек. Ең алдымен ел қамы деген. Келешекті, ұлтты ойлайық. Ақшаға сатылғандар ата-анасын да керек қылмайды. Ертең жер бетінде бір-ақ миллион халық қалса, соның ішінде қазақ бола ма? Генри Киссинджер айтуынша, финдер халқына қандай тамақ қажет екенін мұқият зерттеген. Ақыры селен микроэлементін пайдалану керек деген тоқтамға келеді. Сөйтіп өмірін ұзартып жатыр. Біз де мемлекет емеспіз бе? Ендеше ішер асымызды неге реттемейміз? Ұлттық тағамдарымыз баршылық. Бір жарым мың ұлттық тағамымыз болған. Оның бәрінен айырылып бара жатырмыз. Түбі Бертран Расселдің айтқаны келе ме деп қорқамын. Ойланайық, ағайын!..

Осы өзекті мәселе туралы «Егемен Қазақстан» газеті бетінде арнайы дөң­гелек үстел өткізуді ұсынамын.

 

Қасым ТӘУКЕНОВ,

мемлекет және қоғам қайраткері