• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2023

Жырақта жан баққан жастар

483 рет
көрсетілді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2011 жылдан бастап 2022 жылдың қазан айына дейінгі кезеңде 367,1 мың адам шетелге кеткен. Еңбекке қабілетті эмигранттардың 38%-ының жоғары, 34%-ының орта кәсіптік білімі бар. Олардың басым бөлігі – білімді жастар мен білікті мамандар. Бұл елдегі адам капиталының сапасына әсер етеді.

Қазір әлеуметтік желіде шекара асып, шет мемлекеттерде жұмыс істеп жүрген отандастарымыздың бейнежазбасы көптеп кездеседі. Мәселен, Ұлыбританияда құл­пынай теріп, аптасына 250-300 мың теңге тауып жүрген Лалагүл Құдайбергенқызының «TikTok»-тағы видео­сы бірнеше күн трендтен түспеді. Осындай әжептәуір жалақы мен жұмыс сағатына қызыққандардың дені – жастар.

Күнкөріс қамы үшін елінен жырақта қарға қуып, құл­пынай теріп, егіндікті суара­тындардың қатары көбейгені жасырын емес. Кейіпкеріміз 45 жастағы келіншек те несиесін жабу үшін Ұлыбританияда таңғы 4-те тұрып, еңбек етуге мәжбүр. Төрт баланың анасы мұндағы еңбекақы Қазақстанға қарағанда әлдеқайда көп еке­нін айтады.

– Бұрын Қазақстанда түрлі жерлерде аспаз болып та, базарда жүріп те 300 мың теңгені айына алып қанағат еттік. Ал мұнда бұл ақшаны аптасына тауып жатырмын. Жұмыс қатты қиын да, оңай да емес. Бастысы, табысы мол. Таңда басталып, түстен өте аяқталады. Арасында 1 сағат тынығу мен тамақтануға беріледі. Мұнда тіпті 50 жасқа дейінгі адамдар да еңбек етуіне болады, – деді Лалагүл Құдайбергенқызы.

Лалагүл секілді тұманды Альбионда жұмыс істеп жүрген жастың бірі – Ильдар Ягяев. Белгілі спортшы, Гин­нес рекордтар кітабына екі мәрте енген, стрит­лифтинг пен стритворкауттан әлем чем­пионатында жеті медаль жеңіп алған Қазақстан азаматы қазір Англияда көкөніс теріп жүр.

– Жұмыс істеуге рұқсат алты айға ғана беріледі. Мен Англияға көктемде келгенмін. Бастапқыда қара суық еді. Қазір ауа райы әлдеқайда жақсы. Біз жұмыс беруші ұсынған көлікпен алқапқа жетеміз. Газдың ақысын жауып, көлік жүргізетін жігітке қосымша ақы төлейді. Алғашында далада қырыққабат пен брокколиді қолыммен теретінмін. Ке­йін қызметім жоғарылап, қазір трактор жүргізіп жүрмін. Жаз маусымы жұ­мыстың қызып тұрған шағы. Айына 2000 фунт стерлинг шығады, бұл шамамен миллион теңгеден асады. Оған менің сақтандыруым мен салық­тарым кіреді. Яғни қызметкерлердің ай са­йынғы жалпы табысының 20% көлемінде салық төлеуге кетеді. Ал өмір сүруге ма­ған аптасына 60 фунт жеткілікті. Теңіз жаға­сындағы төрт қабатты үйде басқа да жұ­мыс­шылармен бірге тұрамыз. Ақшаның көп бөлігін отбасыма жіберемін. Мені үйде ата-анам, әйелім, балаларым күтіп отыр. Қазақстанда мұндай ақшаны әрең табатын едім. Ол үшін бірнеше жерде жұмыс істеп, күніне 2-3 сағат ұйықтау­ға тура келеді. Ақтауда спортты дамытуға деген талпыныстарым нәтижесіз болды. Туымызды желбіретіп, қаншама ауқымды жарыстардан жүлделі оралдым, тіпті әуежайдан ешкім қарсы алмады. «AktauOpenFest» – Орталық Азияда теңдесі жоқ бірегей жоба. Бұл фестивальде көше спортына көп көңіл бөлінді: баскетбол, стритлифтинг және стритворкаут. Бірақ кейбір түсініксіз жағдайлар­ға байланысты фестивальді өткізу тоқ­татылды. Өңірде көше спортына жет­кілікті деңгейде көңіл бөлінбейтінін тіз­бек­теп, облыс басшылығының наза­рын аудару мақсатында парақшамда пост жариялағанмын. Салдарынан маған бірнеше рет қоқан-лоқы көрсетті. Түсін­беушіліктер болды, – деді ол.

Әлеуметтік желідегі қарға қуған қа­­зақ­­тың бейнежазбасы көптің есінде шы­ғар. Онда отандасымыз Англиядағы егіс­тікте жүріп, бір күнде 12 сағат жұ­мыс істеп, 72 мың теңге алатынын айт­қан еді. «Менің жұмысым – мынау үл­кен алаң, бірақ бұл жерде не өсетінін біл­меймін. Тек осы жер­дегі қарғаларды қуа­мын. Сосын сөм­кем­де жарылғыш заттар бар, қажет болса, сонымен атамын. Қарғаларды қуу – күлкілі, бірақ күшті жұмыс», дейді ер адам.

«Iskeradam» парақшасындағы бұл жаз­баның комментарийіне көз салсақ: «Өскен­де кім боласың десе, қарға қуа­мын» деп қалжыңдасса, енді бірі «Ше­телге осындай жұмысқа орналасу қан­ша­лықты қауіп­сіз?», «Жұмыс тауып бере­тін орталықтарды қайдан тапса болады?», деген сауалдарын жолдап әлек.

Әркім-ақ таласатын жұмыс. Өйткені шетте жұмыс істеп, нәпақа тауып жүр­ген­дердің біразы елдегі қарызынан құты­лып, бір айда темір тұлпар сатып алған. Әрі Ұлыбритания ТМД елдерінен еңбек иммигранттарын тарту мақсатында бөлі­нетін квота санын арттырды. Оған бас­ты себеп – Украинадағы ахуалға байланысты Шығыс Еуропадан британдық фер­малардағы маусымдық жұмыскерлер са­нының азаюы. Бұған қоса елдің Еуро­па­лық Одақтан шығуы да мәселені одан сайын ушықтырған. Сондықтан ағыл­­шындар ауыл ­шаруашылығы шат­қаяқ­тап қалмас үшін, биыл жалдамалы жұ­мыс­шыларға 45 мың квота бөлген.

Осы аралықта «Батыс елдерінің ең­бек визасын алып беремін, сол жақтан жа­лақысы жоғары маусымдық жұмыс ұсы­намын» деп уәде беріп, Орталық Азия­да жүздеген адамның табанақы маң­дай термен жиған пұлын алып, та­қырға отырғызған алаяқтар жетерлік. Олар өздерін әдетте шетелдік фирма өкі­лі не­месе делдал ретінде таныстырып, алдын ала қызмет көрсету ақысын төлеу­ді сұрайды екен. Мұндай әккілердің құр­баны болған қазақтар да бар.

– Мен Англияға барып жұмыс істеу­ге болатынын достарымнан естідім. Олар айына миллион табуға болады де­ген соң, қат­ты қызығып, интернеттен осы жаққа жұ­мысқа орналастырып бе­ретін компания­ларды іздестірдім. Әр­­қай­сысына хабарласып, қызмет құ­нын сұрадым. Ақысы да аспандап тұр. Менде 200 мың теңге қайдан болсын, студентпін ғой, арзан дүниені іздейміз. Сөйтіп бір танысым, маман тапты. Бастапқыда 100 мың теңге төлеп, Англияға барған соң, жұмысыңды көр­геннен кейін қалғанын беруге болады деп, келістірді. Әрине уайымдадық. Бірақ тәуекел етіп көрейік деп келіскен соманы аудардық. Артынша бір-екі апта күттік. Осы аралықта құжаттарымызды сұрап та үлгерді. Әлдебір қағаздарды жіберіп, толтыруын өтінді. Содан кейін, ол адам телефон көтермей, біртіндеп ізін суытты. Олар кіммен, қалай байланысу керек екенін жатқа біледі. Түптеп келгенде, ақшасыз, жұмыссыз қалдық, – деді Мұхаммед Ұлықпанов.

Келеңсіз жайттарды алдын алу үшін Британ үкіметі «Concordia», «Pro Force Limited», «Fruitful Jobs» және «AG Recruit­ment and Management Ltd.» атты ірі рек­рутингтік компанияны ірік­теу­ден өткізген-ді. Олар тегін қызмет көр­се­теді. Жалпы, бұ­ған дейін де отан­дас­­тарымыз Англияға заң­ды түрде «Seasonal worker (Tier-5)» визасын алып, ұшақ билетін ғана төлеп, жұмыс істеді. Азаматтар көкөніс пен бау-бақша секторында, өндірістік орындарда 6 айға дейін еңбек етті. Ұлыбритания Ішкі істер министрлігінің былтырғы дерегіне сүйен­сек, қаңтар-маусым аралығында Қазақ­станнан 1 700-ге жуық адам жалдамалы жұмысқа тартылған.

Шетелге жөңкіле бастағандардың дені жастар деп айттық. Әлеуметтану­шы Айдын Лұқпановтың айтуынша, жеткілікті дең­гейде тәжірибе мен қа­рым-қабілеті болмаса, елі­мізде 14 пен 35 жас аралығындағы азамат­тарға 500 мың теңге мен 1 млн теңгенің айналасында жалақысы бар жұмыс табу қиын екен. «Ал олардың танымы баяғы қа­за­қы қанағатшылдықтан гөрі, жетілсем, көрсем деген қағидатпен өмір сүреді. Сондықтан эмиграцияға итермейтін бір­­ден бір фактор – Қазақстандағы жа­­ла­қы­ның аздығы» деген ойда әлеу­мет­танушы.

– Еңбек ресурстарын әлі де реттеу керек. Қанша грант бөліну керек, қан­дай ауылға қандай мамандар же­тіс­пей­ді барлығын жіті бақылау қажет. Бұрын жақын шетелдегі жұмыс күші өз елдерімен салыстырғанда мол табыс табу үшін құрылыс, қызмет көрсету бо­йынша Қазақстанның есігін қағатын болса, енді өз отандастарымыз шетелге нәпақа табу үшін шекара асуы қат­ты ойландырады. Әрине, күнкөріс қамы үшін ғой. Бірақ бұл мемлекеттің ішкі жұ­мыс күштерін қамтамасыз етуге мүм­кін­дігі жоқ дегенді білдіреді. Қол бұл­ғап ша­қырып отырған Англия, Канада, Оң­түстік Корея сияқты елдер, іргеміздегі Ресей­ге де екі қолға бір күрек табылар деп алты айлап жұмысқа кетіп жатқандар күні бүгінге дейін бар. Өйткені қазір жұмысың бол­са, болашаққа сеніммен қарайсың. Бала­ла­рыңды алаңсыз асы­рай алатыныңды түй­сінесің. Бұл – мемлекет­тік деңгейде қаралуы керек мәселе. Бізде жұмыссыздар саны әлі азаймай тұр. Оның үстіне жалақы төмен. Ай­лығы шайлығынан аспай отырған отбасылар көп. Біреулер баласының оқуын өтеу үшін зар жүгірсе, кейбіреулері бүгінгі асын тауып берсем болды деп тыраштанып жүр. Үкімет жалақы мен жәрдемақыны, зейнеткерлердің ақ­ша­сын өсірдік дегенінің ертесінде та­мақ бағасы да қымбаттап кетеді. Оған үй­рен­дік. Еңбек нарығында бизнес тарапы­нан, мемлекет тарапынан ұсынылып отыр­ған жұмыстың өтемақысы өте тө­мен. Тек айтарым, бізде орта тап қа­лып­­таспай, қоғамда тұрақты даму бол­май­ды. Мейлі 10-15% бай болсын, бі­рақ 70%-ы өздерінің қажеттіліктерін қа­на­­­­ғаттандыра алатын аза­маттар болуы қажет. Сонда ғана елде әлеу­меттік-эко­но­ми­калық ахуал жақсарады, – деді Айдын Лұқпанов.

Қош, Англияға барып-келгендердің бар­лығы мемлекет бақылауында дедік. Ал Оң­түстік Кореяға заңсыз жолмен ке­те­тін­­дер­дің де қатары жыл сайын артып келеді екен. Корей еліне ағылған отандас­тары­мыз­дың саны екі жыл бұ­рын 35 мыңға жеткен. Бүгінде статис­тика бұдан артпаса, кемімегені анық. Бұл алаңдатарлық жағдай. Бірнеше ай бұрын әуежайдан қашқан екі қазақтың оқиғасы көптің көңіліне қаяу түсір­ген еді. Өйткені Оңтүстік Корея би­лі­гі­нің үкімімен шекараны кесіп өтпек бол­­ға­ны үшін ғана 15 жылға темір торға тоғы­тылған-ды.

– Басты мәселе – еңбек етуге заңнама­лық негіз, рұқсаттың болмауы. Кезінде 2014 жылы Корей елі «Еңбекке рұқсат беру» жүйесін ұсынған болатын, бірақ ол кезде жағдай басқа болды, бүгін­гі­дей қа­жеттілік болмаған. Сол себепті ұсы­ныстан бас тартқанбыз. Қазір отан­дас­тарымыз­дың біразы сол елде заңсыз қыз­мет етіп жүргендері бәрімізге аян, сон­дықтан ха­лықтың сұранысына орай ең­бек етуді заң­дастыру басты мәселеге айна­лып отыр. Алдағы екі жыл ішінде Қазақ­стан ірі компаниялар шоғырлан­ған Оң­түстік Корея, БАӘ, Түркия сын­ды бар­лығы 5 елмен ке­лі­сімшартқа оты­руды көз­деп отыр. Ол үшін алдымен жұ­­­мысқа жіберетін елдегі ірі компания­лар­­мен келісімшартқа отыру, сосын біз­дің отан­дастар жиі баратын елдермен аза­мат­тардың құқықтарының қорға­луы жө­нінде келісімге келу қарастырыл­­ған, – деді Еңбек және халықты әлеумет­­тік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төр­аға­сы­ның орынбасары Ерболат Абулхатин.

Егер көзделген елдерде заңды негіз­де еңбек етуге рұқсат етілсе, жұмыс беруші­лер­ден уақтылы жалақы төлеуін, тиісті әлеу­меттік жарналар мен медициналық сақ­тан­дырудың жүруін талап етуге толық құқы­лымыз. Егер заңсыз әрекеттер орын алған жағдайда сотқа жүгіне алу, жалпы жырақта жүріп жан баққан отандастарымызды қорғай алуға мүмкіндік ашылады. Бұған қоса тосыннан тосырқататын жайттар туындағанда елшілік арқылы оларды елге қайтару, жекеменшік жұ­мыс­пен қамту агенттіктері арқылы ота­нына оралуға кепілдік болады.

Әзірге Ұлттық статистика бюросының дерегін ескерсек, елдегі 14-29 жас аралы­ғын­дағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрайды. Демек жастар Қазақстанда жақ­­сы жалақы тауып, жарқын өмір сүруі үшін әлі біраз уақыт керек. Өйткені біз кө­терген бір ғана проблеманың астарында рет-ретімен тізбектелген мемлекет­тік дең­гейде шешетін бірнеше мәселе жатыр.