• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2023

Полицей әуелі психолог болуы керек

305 рет
көрсетілді

Қызығы мен қиындығы қиюласқан ішкі істер саласына адамдар әртүрлі себеппен келіп жатады. Бірі осы салада ұзақ жыл еңбек еткен әкесінің немесе атасының жолын қуса, екіншісі бала күнінен оқалы киім кисем деп, сол арман-мақсатының жетегімен ішкі істер саласының табалдырығын аттайды. Ал үшіншілері қоғам тыныштығы мен адамдар қауіпсіздігін қорғауды өз парызы санап, полиция қызметкерінің имиджін жоғарылатсам деген нақты мақсаттың жолында тәртіп сақшысы қызметін таңдап жатады.

Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау бо­­лып отырған полиция капитаны Бауыр­жан Омаров ішкі істер органда­рына осы үшінші топтағы адамдар қатарында келген. Бала күнінен ол тәртіп сақшысы болуды арман қылмаса да, есейе келе бұл салаға өзі секілді жігерлі де талапты, алдына нақты мақсат қоя білетін жігіттердің керектігін сезініп, белді бекем буғанын айтады.

«Ең алғаш студенттік жылдары полиция қызметкері болсам деген ой келген еді. Біріншіден, біздің әулет­тен ешқашан полиция қызметкері шық­папты. Нағыз мықтылар мен білек­ті­лерге арналған бұл салада әулетіміз­ден де бір адамның болғаны дұрыс деп шеш­тім. Екіншіден, полиция – биліктің өкілі екені рас. Оқалы киім киіп, қоғам тәртібін қадағалап, құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу жолында еңбек етуді шындап қаладым», дейді полиция капитаны.

Осы мақсатына жету үшін Бауыржан Омаров оқуды бітірісімен өз еркімен Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл 2006 жыл болатын. Арқа­ның жігіті киелі Ақтөбе жерінде бір жыл әскери міндетін орындап, 2007 жылы туған жерге орала салысымен полиция­ға қызметке тұру қамына кірісіп кетеді.

«2008 жылдың басында құжатта­рымды жинаған соң, мені ішкі істер органдарындағы алғашқы даярлық мек­тебіне 3 айлық оқуға жіберді. Оны аяқ­тағаннан кейін бірден Астана қалалық Ішкі істер департаменті Патрульдік по­ли­циясына қызметке алындым», дей­ді тәртіп сақшысы. Бауыржан Кенже­ға­лиұлы қызмет атқара жүріп, 2012-2014 жылдары Көкшетау қаласындағы Көк­ше академиясын заңтанушы маман­ды­ғы бойынша сырттай оқып бітіреді. 2015 жылы ішкі істер органдарындағы құры­лымдық өзгерістерден кейін Жол және патрульдік полициясы қосылып, Жол-патрульдік полициясы құрылған соң, Бауыржанға «полиция лейтенанты» деген алғашқы офицерлік шен берілді.

Ішкі істер саласына ең алғаш тәй-тәй басқан сол уақыттардан бері де 15 жыл зулап өте шығыпты. Бұл күнде Астана қаласының ПД Патрульдік полиция полкінің қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Омаров оңы мен солын таныған, қызметінің қыр-сырын меңгерген, ішкі істер саласының ұңғыл-шұңғылын жетік білетін тәжірибелі маманға айналған. Уақытпен санаспай, күндіз де, түнде де қызмет орнынан табылып, талай құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алып, күресіп жүрген полиция қызметкері үшін бұл аз уақыт емес, әрине.

Талай жыл тәжірибе жинақтаған Бауыржаннан «Қазіргі күні өз қызметің саған несімен ұнайды?» деп сұрадық. «Полиция қызметкері болу – тек погон тағып жүру емес. Сен әрдайым, әр минутта айналаңның бәріне жіті қарап, заң аясынан шыққан кез келген әрекетті қалт жібермей бақылауда ұстауың қажет. Құқыққа қайшы әрекет істеген бұзақымен немесе қылмыскермен бетпе-бет келгенде шешім қабылдау үшін тәртіп сақшысы физикалық тұрғыда қуатты, шыныққан болуы шарт. Сол себепті біз аптасына үш мәрте жаттығу залынан табыламыз. Маған ұнайтыны да осы. Біз әрдайым спортпен шұғылданамыз. Күш-қуатымыздың жеткілікті болуын қадағалаймыз. Спорттың арқасын­да үнемі өзімізді жеңіл әрі сергек сезіне­міз. Мұның полиция қызметкеріне, тіп­ті кез келген адамға пайдасы мол», деп ­жауап берді.

Иә, расымен де, полицияда қызмет ету бір жағынан абыройлы міндет болса, екінші жағынан, қауіпті жұмыс екені мәлім жайт. «Күн сайын қызметте жүргенде бізге әртүрлі шақырту түседі, дейді полиция капитаны. – Әсіресе, отбасылық жанжалдарға жиі барамыз. Өкінішке қарай, отбасында күйеуі мен әйелі түсінісе алмай, жанжал туындап, полиция шақырып жататындар аз емес. Ұрлық-қарлық, төбелес секілді құқық бұзушылық оқиғалары өз алдына бір төбе. Отбасылық жанжалдарда екі жақ­ты татуластырып, сабырға шақырып, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Біздің татуластыру шараларымыздан кейін отбасындағы ұрыс-керіс басылып, өзара табысып, артынан хабарласып алғыстарын айтып жататындар аз емес.

Осы ұзақ жылғы қызметтен менің ойға түйгенім: полиция қызметкері ең бірінші психолог болуы керек екен. Өйт­­кені әртүрлі шақыртуға барғанда ол жердегі адамды бір көргеннен-ақ оның пиғылын «танып-біліп», сәйкесінше өзіңнің қалай әрекет жасайтыныңды тез арада жоспарлап үлгеруің керек. Жағдайдың қалай шешімін табуы сенің жедел шығарған шешіміңе тікелей байланысты».

Біз Бауыржан Омаровпен сұхбаттасу барысында жалғыз өзі қылмыскерді ізін суытпай ұстап, жәбірленушіге жәр­дем­дескенін білдік. Бұл осыдан 4-5 жыл бұрын орын алған оқиға. Түнгі сағат 00:00 шамасында Астананың орталық саябағында қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшыларына Жедел бақылау орталығынан «Думан» ойын-сауық ке­шені маңында белгісіз бір жігіт теле­фон­мен сөйлесіп тұрған қыздың сөм­ке­сін жұлып алып, Тұран көшесіне қарай қашты» деген жедел бағдарлау келеді. «Сыртқы белгілері: ұзын бойлы, жіңішке келген, қара күртеше мен сұр трико киген деген мәлімет берілді. Мен орталық саябақта жүріп ағаштардың арасынан түр-түсі сол ұрыға келетін бір адамды көріп қалдым. Оған артқы жа­ғы­нан таяп келгенде ұрының тура өзі екен­дігіне ешқандай күмәнім қалмады. Қа­шып кетпеуі үшін алдымен одан сірің­ке сұрадым. Ол қалтасына қолын са­лып, сіріңке ала бергенде тап беріп, тырп ет­кізбей ұстай алдым», дейді Б.Омаров.

Алғашында жігіт өзінің бұл қылмыс­қа қатысы жоқтығын айтып азар да бе­зер болады. Алайда Бауыржан радио­бай­ланыс арқылы жәбірленушіні сол жер­ге алдырып, ол ұрыны жазбай таныған­нан кейін қара күртешелі жігіт өзінің заңға қайшы ісін мойындайды. Дереу жеткен рота басшылары, жедел тергеу тобы қызметкерлері жігіттің сөмкені лақтырып кеттім деген жеріне барады. Сол орынды жарты сағаттай тінткілеп, кейін кинолог иттердің көмегімен сөмке табылып, иесіне қайтарылады.

Міне, бұл – тәртіп сақшыларының күнделікті қызметінде кездесіп жататын қатардағы оқиғалардың бірі. Дегенмен қылмыскерді жалаң қолмен ұстаудың өзі кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екені рас. Ол бұзақының қо­лында пышақ секілді суық қаруы да болуы мүмкін. Сені өлтірмесе де, жара­қаттап кетуі ғажап емес. Бірақ адам­дардың қауіпсіздігін ойлаған полиция қызметкерлері ең алдымен өз өмі­рін емес, өзгенің тыныштығын бірін­ші орынға қоятыны белгілі жайт. Сол та­бан­дылығымен де олар әрдайым құр­метке лайық.