Біздің тарих дарқан, айта бастасаңыз баба жүрген жолдың әр адымы ұлы жеңіске бастайды. Сол даңқты жолдың бір бастауы – Орбұлақ шайқасы. Қанды майдан орнында қазылған ордың айқын іздері, тарих бетінде қашалған таңбадай сайрап жатыр. Бұл соғыс – қазақ халқының ауызбірлігін дәріптейтің шежірелі оқиға, батырлық үлгісі.
Көпке аян, 1993 жылы Үкіметіміздің бастамасымен Орбұлақтағы Ұлы жеңістің 350 жылдығын халқымыз лайықты атап өтіп, ерліктің мәнін ашып, кейінгі ұрпаққа өлместей жаңғыртып, өнеге тастады.
Сол тағылымды шежіреміз бен тауанды тарихымызда «Орбұлақ» атауымен айшықталды. Міне, сол тарихи оқиғаның орын алғанына биыл 380 жыл толып отыр.
Мұздай құрсанып тоқым топырағыңды еміп, еліңді тоз-тоз етіп, манатыңа мамырлай қоныс тігемін деп 50 мың қолмен енген жоңғар әскерін сол кезде Салқам Жәңгір бастаған 600 қазақ сарбазы қарсы алған еді. Керемет тойтарыс берген қолға 100 қырғыз батыры селбескен болатын. Жазиралы Жаркент жерінің солтүстік батысында жатқан алып таудың апайтөсіндегі ойпаңды аран етіп, бұлақты бойлата ор қазып, сол 50 мың жауды қойша көгендеген айлалы қазақ сарбаздары рухымыздың білтесіндей тарихта таңбаланды. Самарқаннан екі түмен қол бастап, дер кезінде жеткен Жалаңтөс баһадүрмен тізе қосып, қалмақтың құрыштай құрсанған 5 түменін қанға бөктіріп, қазақ жерінен қуып шыққан еді. Міне, осынау ерен ерліктің, батырлықтың ордалы ошағындай болған киелі жерге күні кеше қазақ зиялылары табан тигізіп, бабалардың ұлы ерлігіне тағзым етіп қайтты. Құран бағыштап, құрбан шалды.
Тағылымды шара әуелі аудандық Мәдениет үйіндегі «Қасиетті Орбұлақ» атты республикалық ғылыми конференциямен басталды. Танымды, тағылымды іс-шараның шымылдығын құттықтау сөзімен ашқан Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек: «Ұлтарақтай болса да атақоныс жер қымбат, ат төбеліндей болса да туып-өскен ел қымбат» демекші, азамат үшін туған елінен ыстық не бар? Ал осы ел мен жер тұнып тұрған тарихи құндылыққа толы болса, одан асқан қандай бақыт бар?! Жалпы, кең-байтақ қазақ жерінің кез келген пұшпағы қасиетті. Осы тұрғыдан алғанда Орбұлақ шайқасындағы ұлы жеңіс біз үшін мәңгілік мақтаныш. Кеше ғана Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, тарау-тарау тарихты толықтыру керектігін атап өтті. Бұл шара соның нақты көрінісі деп білемін, дей келе көпшілікті мерейлі күнмен құттықтап өтті.
Ғылыми конференция барысында қазақ әдебиеті мен тарихына елеулі үлес қосқан тұғырлы тұлғалар сөз алып, хатқа басылған шежірені тағы бір қайталай жаңғыртты. Әуелі Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Орбұлақ шайқасын» қазақ тарихына ерен еңбекпен қоса білген белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы сөз алып, шымыр-шымыр ой тізбелеп, ұлы шайқастың қазақ танымындағы, тарихындағы орнын айшықтады. Өз кезегінде сөз алған танымал жазушы Әлібек Асқаров ұлы ерлік, тарихи ақиқат ел үшін ортақ құндылық екенін, тарихшы, ақын-жазушы, ғалымдар шежіреге шегендеген дүниеге күмәнмен қарауды қою керектігін айтып, ождан мен ардың асқақ шыңында Орбұлақ сынды шайқастар тұрғанын тілге тиек етті. Осынау орасан оқиға жайлы тереңнен тебіренгендер қатарында көрнекті қаламгер Кәдірбек Сегізбайұлы, тарихшы, журналист Молот Солтанаевтар болды.
Ғылыми конференциядан кейін қазақ тарихының кесек тұлғаларына, айбарлы бабаларға арнап ас берілді. Осынау дүбірлі дүрмек Орбұлақ шайқасының тарихи орнында жалғасын тапты.