2023 жылдың басынан бері шетелдіктерден жергілікті бюджетке туристік жарна есебінен түскен қаражат сомасы 314 миллион теңгеге жуықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Туристік жарна түсімі бойынша көш басында Алматы қаласы тұр. Оңтүстік мегаполиске жалпы соманың 86%-ы немесе 270,6 млн теңге тиесілі. Екінші орында 37,7 млн теңгеден артық туристік жарна жинаған Астана қаласы тұр.
«Туристік жарнадан түскен қаражат туристік инфрақұрылымды дамытуға, аумақтарды абаттандыруға, туристік мүмкіндіктерді ілгерілету бойынша іс-шараларды іске асыруға бағытталуы керек. Бұл өңірлерге келетін туристердің санын арттыруға ынталандыратын болады», деді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.
Туристік жарна - хостел, жалға берілетін баспаналардан бөлек орналасу орындарында болған әрбір тәулік үшін туристерден алынатын төлем.
Айта кетейік, туристік жарна мөлшерін жергілікті әкімдіктер белгілейді. Қаражат та жергілікті атқарушы органдардың бюджетіне түседі.