Теннистен әлемнің үшінші, еліміздің бірінші ракетасы Елена Рыбакина 2023 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша эйс жасау көрсеткіші бойынша бірінші орында тұр.
Биылғы маусым Елена үшін аса табысты өтіп жатыр деуге болады. Жыл басында ол Мельбурнде өткен Аустралия ашық біріншілігінің финалына дейін алқынбай жетсе, наурыз айында Индиан-Уэллстегі аса ірі халықаралық турнирде топ жарды. Одан кейін ол Майамидегі тағы бір аса ірі доданың финалында бақ сынады. Ал жуырда ғана Лондонда өткен «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстың ширек финалына дейін жетті. Бұл – теннис әлеміндегі ең үздік көрсеткіштердің бірі саналады.
Сонымен қатар Рыбакинаның бұдан бөлек те ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар. Мәселен, ол биыл 44 матчта кортқа шығып, 349 мәрте эйс жасаған екен. Яғни бұл да биылғы теннис тарихындағы ең үздік көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр. Эйс жасау бойынша рейтингте екінші орынға франциялық Каролина Гарсия (305), үшінші сатыға Беларусь өкілі Арина Соболенко (275) жайғасқан.