• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Бокс 21 Шілде, 2023

Жәнібекке жаңа қарсылас табылды

211 рет
көрсетілді

Орта салмақта WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған 30 жастағы Жәнібек Әлімханұлы келесі жекпе-жегін британиялық Феликс Кэшпен (16-0, 10 КО) өткізуі мүмкін. Бұл туралы Кэштің ісін жүргізетін Matchroom Boxing компаниясының басшысы Эдди Хирн мәлімдеді. Ол отандасымыздың промоутері Боб Арумнан екі боксшы арасындағы кездесуді ұйымдастыру туралы ұсыныс хат алғанын айтты.

Кәсіпқой бокстағы алғашқы айқасын 2016 жылы өткізсе де, 2018 жылдан бастап аталған спорт түріне ден қойған отандасымыз өткен жылы WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы (72,6 кг) әлем чемпионы атағын жекпе-жексіз жеңіп алған болатын. 2021 жылға дейін WBO белбеуін иеленіп келген америкалық Де­мет­риус Андраде 2021 жылдың со­ңын­да чемпиондық атаққа мін­детті үміткер болған Жәнібек Әлім­хан­ұлымен жекпе-жекке шығу­дан және белбеуін қорғаудан бірне­ше рет бас тартты. Ақыр соңын­да Андраде супер орта салмаққа ­ауысатынын айтып, Дүниежүзі­лік бокс ұйымының чемпионды­ғы­нан бас тартатынын жарияла­ды. Сөйтіп, бұл белбеу ешқандай айқассыз отандасымыздың иығы­нан табылды.

Осыдан кейін Жәнібек 2022 жылдың күзінде британдық бокс­шы Дензель Бентлимен бетпе-бет келіп, алғаш рет міндетті әлем чем­пионы атағын сәтті қорғады. 12 раунд­­қа жоспарланған жекпе-жекті екі боксшы толық жұдырықтасып шы­ғып, төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен Жәнібек Әлімханұлы жеңімпаз деп танылды. Кейіннен отандасымыз осы жылдың мамыр айында WBO белбеуін екінші мәрте қорғады. Бұл жолы ол 2017 жылы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы алғашқы жекпе-жектің алдында «Канелоның» спарринг-серіктесі болған канадалық Стивен Батлермен қолғап түйістірді.

АҚШ-тың Стоктон қаласында өткен бокс кеші де 12 раундқа бел­гіленгенімен, жекпе-жек ұзақ­қа созылмады. Барлық мәсе­ле екінші раундта шешілді. Әлім­хан­ұлы әуелі қарсыласын екі рет нокдаунға жіберіп, кейіннен қарсыласын апперкот соққысы­мен тағы бір есеңгіретіп алды да, сол қолымен құлақшекеден ұрды. Нокаут! Осылайша, Әлімханұлы өзінің спорттық мансабындағы 14-жеңісін тойлап, чемпиондық атағын екінші мәрте сәтті қорғады.

30 жастағы британиялық же­ңіл­меген боксшы Феликс Кэш осы жылдың алғашқы тоқсанында америкалық Остин Уильямспен орта салмақтағы WBA белбеуі­не міндетті үміткер атануы үшін жекпе-жек өткізуге тиіс еді. Алайда сол кезде WBA чемпио­ны болып тұрған Геннадий Головкин бел­беуден бас тартатынын мәлімде­ген соң, екі боксшының промоутер­лері бұл айқасты ұйымдастыруға аса ниетті бола қоймады. Өйтке­ні есімдері бокс жанкүйерлеріне ­енді танылып келе жатқан үміткер­лер арасында жеңіске жеткен екі боксшының бірі GGG-мен шар­шы алаңда кездесуге тиіс еді. Ал бұл өз кезегінде жеңімпаз атан­ған боксшы үшін әжептәуір таны­малдыққа ие болатын орайлы сәт болатын. Сөйтіп, екі промоутердің де, боксшылардың да жоспарлары іске аспай қалды.

«Кэш Уильямс ұтымды ұсы­ныс­тан бас тартпайды деп ойлай­мын. Өйткені ол маған үнемі үз­дік­термен жұдырықтасуға дайын екенін айтып келеді. Сондай-ақ оған үлкен жекпе-жектер өткізетін уақыт келді деп есептеймін. Қазіргі таңда біздің қолымызда әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасу туралы ұсыныс хат бар. Нақты шешімді жақын арада қабылдаймыз», деді Эдди Хирн.

Британиялық боксшы да Жәні- бектің ұсынысына кет әрі емес се­кілді. Егер екі тарап ортақ мә­мі­леге келсе, жер-жаһанның жан­күйерлерін алда тағы бір қызық­ты айқас күтіп тұр деуге болады. Кэш Уильямс өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында осы жекпе-жекке қатысты арнайы пост жазды. «Егер Жәнібек Әлімханұлы менімен жұ­дырықтасқысы келсе, мен қарсы емес­пін. Эдди Хирн, бұл жекпе-жекті ұйымдастырайық», дейді ол.

1993 жылы Англияның Чертси қаласында дүниеге келген Кэш Уильямс кәсіпқой бокс шаршы алаңында 2016 жылдан бері жұды­рықтасып келеді. Ол өзінің кәсіби мансабындағы дебюттік айқасын 2016 жылдың 25 маусымында Энтони Джошуа мен Доминик Бризил арасындағы бокс кешінің андеркардында өткізіп, Яилтон Невесті ұпай санымен қапы қал­дырды.

Сондай-ақ британиялық бокс­шы алғашқы 9 жекпе-жегінің алтауында мерзімінен бұрын же­ңіс­ке жетіп, ә дегеннен бокс маман­дарының назарын өзіне аударды. 2018 жылы ол кәсіпқой бокстағы алғашқы белбеуіне де қол жеткізіп, чемпиондық атақтың тәтті дәмін татты. Лондондағы Copper Box Arena спорт кешенінде өткен бокс кешінде ол нидерландтық Сти­вен Даньоны да ұпай санымен ұтып, WBC International Silver орта салмақтағы әлем чемпио­ны атағын иеленді. Кәсіпқой бокс­та жүрген отандастарымыздың жекпе-жектерін үнемі бақылап, назардан тыс қалдырмай жүре­тін жанкүйерлердің есінде болса, 2021 жылдың басында орта сал­мақ­та жұдырықтасатын тағы бір жерлесіміз Садриддин Ахмедов дәл осы Стивен Даньомен Мек­си­ка шаршы алаңында жұдырықта­сып, төрешілер шешімімен жеңіс­ке жеткен болатын.

Сондай-ақ Кэш Уильямс 2021 жылдың сәуір айында Жәнібек­тің бұған дейінгі қарсыласы Ден­зель Бентлимен де кездесіп, оны үшінші раундта-ақ сұлатып салған еді. Кэш ең кейінгі айқа­сын өткен жылдың желтоқсан айын­да португалиялық Селсо Невеспен (9-4-2, 2 КО) өткізіп, ұпай саны­мен жеңіске жеткен. Міне, британиялық боксшының әзірге кәсіпқой бокстағы бар табысы осы ғана.