Қазір каникул болған соң, көше кезіп, ойыншық, гүл, түрлі тәттілерді сатумен айналысқан, одан қалды мейрамхана, құрылыста жұмыс істеп жүрген жасөспірімдерді жиі кездестіруге болады. Әрине, баланы жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. Бірақ олардың құқықтары қаншалықты сақталып жатыр? Бізді осы сауал толғандырды. Өйткені Халықаралық Еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, әлемде 160 миллионнан аса жеткіншек білім алып, асыр салып ойнаудың орнына жастайынан жұмысқа жегілген.
Елорданың Ақмешіт көшесімен үйге қарай беттеген едік. Сағат түнгі 12-ге таяған шақ. Алдымнан бір құшақ гүл ұстаған 13-15 жас шамасындағы бала шыға қалды: «Мына раушандарды анаңызға апарыңыз. Небәрі 5000 теңге» деп қолындағысын ұсынды. Рахметімді айтып, өте бердім. Ертесіне дәл осы уақыт шамасында жаңағы бала тәттілерімен қарсы алды. Дүкен сөрелеріндегі бағадан әлдеқайда қымбат. Бұл жолы көңілін қимай, ақысын төлеп, біреуін сатып алдым. Кейін әңгімеге тарттым. Есімі Әли. Биыл 6-сыныпты бітіріпті. Үйінде төртеу екен. Анасы ауруханада. Әкесі осы маңдағы супермаркетте күзетші болып жұмыс істейді. Бауырларының ұйықтаған уақытында далаға шығып, сауда жасайтын көрінеді.
– Сыныптастарымның көбі осылай ақша тауып жүр. Бір досым жағалауда су сатады. Күніне 2-5 мың теңге арасында алады. Менде қызығып, әкемнен рұқсат сұрадым. Осы маңда ғана жүремін. Әкем сыртымнан қарап отырады. Тапқанымды анашымның дәрі-дәрмегіне жұмсаймыз. Қалғанына керек затымды аламын. Үйдегілерге қолымнан келгенше көмектесіп жүрмін, – деді 12 жастағы бала.
Сарайшық көшесінде жеміс-жидек, көкөніс сататын дүңгіршек көп. Онда да сауда-саттықта ата-аналарына көмектесіп, балалары зыр жүгіріп жүр. Соның бірінде сатушы болып жүрген Әсия есімді келіншек «баланың еңбекке жастайынан араласқаны дұрыс» деген пікірде.
– Таңғы сағат 8-де тұрып, Қосшыдан осында келеміз. Ішті жинақтап, күн сайын жеміс-жидекті, көкөністерді жеткізушілерден қабылдап аламыз. Оларды орналастырып, сағат 10-дарда сатып алушыларды күтеміз. Клиенттер көбінесе кешке таман болады. Балам екеуміз бірге бәріне қызмет көрсетеміз. Жалғызбасты анамын. Құлыным өзі қолғабыс боламын деген соң, келістім. Әрі ол ақшаның қалай келіп жатқанын көреді. Өзі де шымыр болып өседі. 10-жаста ғой. Қазір баланың бәрі телефонға құмар ғой. Интернеттен ананы-мынаны ақтарып, ойын ойнаумен жаздық демалысын өткізіп жатыр. Бір кітап оқымайды. Мен мұндайға мүлдем қарсымын. Сондықтан жанымнан қалдырмай, ертіп жүрмін. Олар маңдай терімен табыс тапқанда ғана, жұмыс істеудің не екенін түсінеді және ақшаның құнын біледі. Өзі ақша тапқан бала ата-анасын қымбат затты сатып алуға мәжбүрлемейді. Кез келген нәрседе жауапкершілікті сезінетін болады, – деді сатушы.
Әсияның бұл ұстанымын қолдайтын өзге де ата-аналар баршылық. «Adal As» өндірістік компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ермек Мезібаев балаларға интеллектуалды еңбек немесе ағзаға белгілі бір деңгейде күш түсірмейтін жұмыс істеуге болады деген түсінікте.
– Қазір балалар ерте бастан еңбекке араласады. Жалпы, үлкендер баланы дүниеге әкелгеннен кейін тәрбиелеуге, қажет дүниесін шешіп беруге ата-ана ретінде жауапты. Дегенмен жұмыс істеу немесе істемеу деген шешімді баланың өзі қабылдағаны дұрыс. Мен өзім ұлдардың ерте бастан жұмыс істеуіне қарсы емеспін. Өйткені бала жас күнінен үйренгені дұрыс. Үйренемін деп тұрған балаға көмектесіп жіберген жөн. Еңбекке ерте араласу қоршаған ортаны, адамдарды, қоғамды жастай танып-білуге септігін тигізетіні анық. Таным демекші, жақында австриялық философ Виктор Шаубергердің кітабын оқыдым. Ол орманшының баласы болған. Кішкене күнінен табиғатпен етене өскен. Әр құбылысқа көз тігіп, тылсым сыр іздеуге әдеттенген. Әкесі орманшы болғасын, шаруашылықтағы жұмысқа да ерте бастан араласыпты. Әкесі баласын орманшы болады деп ойлаған екен, Виктор одан асып түсіп нағыз натуралист жазушы, табиғаттың тілін білетін ғалым, ойшыл, өнертапқыш болып шыққан. Кейін өзі «Егер мен орманшының жұмысына бала кезден кіріспесем, мұндай жетістікке жетпейтін едім...» деп жазған екен. Бұл, әрине, мысал. Яғни баланы ерте бастан еңбекке жұмылдыру ой-санасының, танымының қалыптасуына ықпал етеді. Дегенмен мұны ата-ана реттеуге тиіс. Және баланы еңбекке үйрету мен ақша табуға жұмсау екі түрлі нәрсе. Бұл жерде тағы да баланың шешімімен санасу керек, – деді ол.
Иә, мұндай жағдайда ата-ана баламен ақылдасуы керек. Алайда еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жең түрген кәмелетке толмағандарды қайтпекпіз? Мейрамхана мен тойханаларда даяшы болып, күнді таңға соғып жегіліп жұмыс істеп жүргендердің құқығы қалай қорғалады?
– Кәмелетке толмағандарға оқудан бос уақытында еңбек шарты жасалған жағдайда денсаулыққа зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарды орындауға рұқсат етіледі. Құжат 14 жасқа толған кәмелетке толмаған адаммен, сондай-ақ ата-анасымен, қорғаншысымен, қамқоршысымен немесе асырап алушысымен жасалады. Сондай-ақ түнгі уақытта (22.00-ден 06.00-ге дейін), сонымен қатар ауыр жұмыс істеуге, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды атқаруға, толық материалдық жауапкершілікті жүктеуге, вахталық әдіспен және қызмет уақытынан тыс мерзімде жұмыс істеуге тыйым салынады. 18 жасқа толмаған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленеді: 14 жастан 16 жасқа дейін – аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейін – 36 сағаттан аспайды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын: еңбек инспекциясы, прокуратура, білім бөлімі қорғайды. Бұл жұмыс берушілерге тиімді болмауы мүмкін. Бірақ жұмыс беруші қауіпсіздік ережелерін сақтауға, кәмелетке толмағандарға еңбек жағдайын жасауға, мерзімдерді бұзбауға және еңбек шартын жасасуға міндетті. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын бұзғаны, оның ішінде балалар еңбегін пайдаланғаны үшін жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Дегенмен жаз мезгілінде балалардың жұмыс істейтінін жиі көреміз. Бейресми түрде – ең төменгі жалақы үшін, өйткені жұмыс берушіге жұмыс күнінің толық құнын төлеу тиімсіз. Әдетте, бала еңбегі ересектерге қарағанда әлдеқайда арзан. Екінші жағынан, жасөспірім ашуланбайды, өйткені бұл қаражат оған жеткілікті. Осыдан он жыл бұрын «150» сенім телефонына балалар еңбегін пайдалануға қатысты өтініштер келіп түскен. Бүгінге дейін бізге ондай қоңыраулар түскен жоқ. Адамдар барлық қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілетін Еңбекті бақылау бөлімінен кеңес сұрай бастады, – деді Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Зүлфия Байсақова.
Ал психолог Гүлмира Бөпетаеваның айтуынша, әркімнің балалық шағы қызықты өтуі керек, баланы ерте бастан еңбекке жегуге болмайды. Бала білім алуға тиіс, ал еңбекке ерте араласу оның психикасын бүлдіреді деп отыр.
– Бала ерте бастан ақшаға құнығады да, барлық шаруаны тек ақша үшін істейтін болады. Жақсы істері үшін баланы ақша беріп ынталандыруға мүлде болмайды, мұның салдары ауыр болады, – деді маман.
Жалпы, дүниежүзінде әр оныншы жасөспірім еңбекке араласуға мәжбүр. Халықаралық Еңбек ұйымының бас директоры Жильбер Унгбо соңғы 20 жылда алғаш рет балалар еңбегін пайдаланудың артуы байқалғанын мәлімдеді. «Бала еңбегі көбінесе ата-анасының нашарлығы немесе қамқорлығын көрмей отыр деумен түсіндіріледі. Керісінше, бұл – әлеуметтік әділетсіздіктен туындап отыр. Балалар еңбегін шешудің ең тиімді жолы – отбасын қамтамасыз ету үшін ересектерге лайықты жұмыс орындары қажет. Бұған қоса балаларды әлеуметтік қорғауды күшейту керек», – деді ол.