Ауылдарда мобильді қоғамдық кеңістіктер ұйымдастырылады. Олар Түркістан, Атырау облыстарының ауылдарында, сондай-ақ Алматы қаласының маңындағы аудандарда жұмыс істемек. Ілкімді іс Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жастар кеңістігі» жобасы іске асырылып жатыр.
Іс-шара шеңберінде «Әлеуметтік жобалар қоры» КҚ мобильді қоғамдық кеңістіктерді құрады әрі отбасылық танымдық демалысты ұйымдастырып, дәріптейді.
– Жоба аясында біз ауыл жастарына ерекше көңіл бөлеміз. Жастардың облыс орталықтарына жетуіне қиындық келтірмеу үшін біздің жаттықтырушылар өңірлерді өздері аралайтын болады. Ауылдарда біз жастарды мобилография, СММ, актерлік шеберлік сияқты сұранысқа ие мамандықтарға, сондай-ақ алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларына оқытамыз. Жалпылай алғанда, Түркістан және Атырау облыстарына қарасты 10 ауылдың 200-ден астам жас тұрғынын оқыту курстарымен қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді жоба жетекшісі Ербол Кеңгербаев.
Қысқамерзімді оқыту курстарынан алғашқы болып Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылының жастары өтіпті. Ал отбасылық мәдени демалысты насихаттау мақсатында қоғам белсенділері балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірме ұйымдастырып жатыр.
– Біз ескі отбасылық дәстүрлерді жандандырғымыз келеді. Барлық отбасы мүшесін аулаларды абаттандыру, ұя салу сынды қарапайым дүниелерден бастап, ауқымды іс-шараларға қатыстырмақпыз. Уақытты осылайша бірлесе өткізу отбасы институтын дамытуға оңтайлы әсер етеді. Бір жағынан жанұядағы әр адамның экологиялық сауаттарын ашуға үлес қосамыз. Бұл отбасылық мәдени демалыстың дамуына ықпал етеді деп сенеміз. Сондай-ақ біз «Музей түні», кино кештері сияқты іс-шараларды өткіземіз. Қатысушыларда сыни ойлауды жетілдіру мақсатында пікірсайыс үйірмелерін, қаржылық сауаттылықты арттыру және «Жастарға бизнес» әлеуметтік бейімделу жөніндегі іс-шараларды өткіземіз. Жалпы айта кетсем, «Жастар кеңістігі» жобасы 2024 жылдың соңында аяқталады, – деді жоба жетекшісі.