• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 21 Шілде, 2023

Елдегі мектеп құрылысында отандық материалдар қолданылады

236 рет
көрсетілді

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынатын 63 мектептің құрылысы барысында отандық материалдар қолданылады, деп хабарлайды Egemen.kz El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Аталған жоба аясында салынатын 63 мектептің 29-ының құрылысы биыл басталып, келесі жылы аяқталады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады.

Мектептердің құрылысына отандық материалдар қолданылатыны өз алдына, оған қоса, жергілікті өндірушілерге басымдық беріледі. Әрбір мектептің құрылыс материалдары қатаң бақыланып, арнайы стандарт бекітіледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы №28 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған көрмеге арнайы барып, «Жайлы мектеп» жобасына қолданылатын құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының жобаларымен танысты.

- «Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Әрбір мектептің құрылысы өте сапалы әрі жоспарға сай салынуы тиіс. Өңірде ұлттық жобаны жүзеге асыру бағытында жұмыс тобына әр мектептің құрылысын мұқият қадағалауды тапсырамын. Балаларымыздың алаңсыз білім алуына, ұстаздарымыздың жоғары деңгейде жұмыс істеуіне жағдай жасалуы қажет. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар. Облыстың жиһаз және құрылыс материалдарын шығаратын компанияларына, жұмысшыларына басымдық берілуі тиіс. Олардың әлеуеті жетпесе, қосымша өзге өңірлердегі отандық өндірушілермен келісім жасалып, жобалар өз мерзімінде жүзеге асуы керек, – деді әкім.

Облыс әкімі құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарын өндіретін компания өкілдерімен кездесіп, ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады.

Көрмеде мектептерге қажетті жиһаздар, мектеп құрылысында қолданылатын материалдар туралы мағлұматтар берілді. Барлық 63 мектепке арнайы стандарт бекітілетіні, мердігерлер сол ережеге сай жұмыс істейтіндігі айтылды. Мектеп директорлары мен білім сарапшыларына Түркістан облысының және өзге өңірлердің жиһаз шығаратын компаниялары өз өнімдерін ұсынды.

63 мектепке парталар, орындықтар, ұстаздарға арналған үстелдер, шкафтар, асханаға қажетті үстелдер мен орындықтар, тақталар, кеңсе орындықтары және өзге де жиһаздар қажет. Қажеттілікті өтеу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің аталған сала бойынша жауапты басқармалары облыстағы және еліміздің өзге облыстарындағы отандық компаниялармен келіссөздер жүргізіп, алдын ала меморандумдар жасамақ, бұл бағалардың қымбаттауының алдын алуға да мүмкіндік береді.

Қажетті жиһаз көлемі ауқымды болуына байланысты Түркістан облысында жиһаз шығаратын кәсіпорын ашылады деп жоспарланып отыр.