Қазақтың күрес тарихын зерттеушілер бұл жекпе-жек сайыс түрінің тарихы тереңде екенін айтады. Мәселен, ортағасырлық оқымыстылар – Ибн Сина, Әбділқасым Фирдауси, Махмуд Қашқарилардың еңбектерінде белбеу күресі туралы айтылса, Қытай Халық Республикасының Шаньси провинциясы Чжуан елді мекенінен белдесіп (күресіп) жатқан екі адамның бейнесі табылған.
Жәдігерде бейнеленген көрініске назар аударсақ, екі адам оң жақ иықтарымен тіресіп, қоян-қолтық белдесуде. Сол жақ позициядағы балуан оң қолын қарсыласының қолтық астынан өткізіп, сүбе қабырғасы маңынан шеңгелдей қапсырып, кеудесімен келесі балуанды оң иығын тірей итеріп тұрса, оң жақтағы балуан дәл қарсыласы сияқты қаусыра ұстап, қарсылық танытуда.
Бұл жәдігерді зерттеген мамандар ғұн империясы дәуірінде жасалған бұйым депті. Демек бұл қолданбалы мұра ежелгі бабаларымыздың өмір салтын бейнелейтін дерек екені анық. Қазіргі таңда қазақ күресінің тарихын зерттеп жүрген мамандар аталған дерек арқылы ұлттық жекпе-жек сайысының бір түрі – күрес өнерінің тарихы арғы заманнан тартатынын білгені дұрыс.
Жалпылай айтқанда, халқымыздың өмір сүру салты көшпелі тұрмысқа бейімделгендіктен, күнделікті іс-әрекетінің өзі күрес. Табиғаттың таза сұрыптауынан өткен халықтың жекпе-жек өнерге деген ынтасы классикалық түрде жетілген. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпелі тайпалардың түп атасы сақ, ғұн, түркілер дәуірінде садақ атудан, ат үстінде найзаласудан, басқа да дәстүрлі сайыстар өтетіні туралы нақты деректер бар.