• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2023

Сайлаушылар талап-тілегі – басты назарда

213 рет
көрсетілді

Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапары аясында тұрғындармен кездесіп, халықты толғандырған өзекті мәселерді талқылап, сайлаушылардың талап-тілегін тыңдауда. Мысалы, депутат Жұл­дыз Сүлей­менова Ақтөбе, Абай және Ұлытау облыс­тарын­дағы ауылдарға барып, құрылысы кенже қалған мектептер мен стратегиялық нысандарды аралады.

– Бұл ауылдарға баруымның себебі – мұнда құрылысы аяқталмай келе жатқан нысандар көп. Оның ішінде мектептер бар, мысалы, Ақтөбе облысында, Шиелісай деген ауылда болдым. Қаладан алыс емес. Қазірдің өзінде қалаға кіреді. Бірақ территория­сында 2018 жылы басталған құрылыс нысаны әлі бітпей тұр. Халық қандай мәселелер көтерді? Халық құрылыстардың сапалы және уақтылы пайдалануға берілуін күтеді. Өйткені бұл құрылыс орындары берілгеннен кейін жаңа жұмыс орындары пайда болады, балабақшалар, мектептер, әлеуметтік объектілер жұмыс істейтін болады, – деді депутат.

Сапар барысында Жұлдыз Сүлейменова Мұғалжар ауданы, Ембі қаласында болып, сол жерде үш жүзге жуық тұрғындармен кездесті. Көпшілігі жердің, жер қойнауын пайдаланушылардың сол елді мекендердегі, халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге байланысты мәселелер көтерген. Депутаттың айтуынша, халық салығының шын мәнінде әлеуметтік объектілерге жұмсалуы мен жолдануын қадағалайтын тетіктерді сұрады.

– Бұл енді Қоғамдық бақылау заңының аясында болашақта жүзеге асырылатын тетіктер екенін түсіндірдік. Одан бөлек, жастарға қатысты тәрбие, мәдени-идеологиялық мәселелер де көп айтылды, – деді.

Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова Ақтөбе облысының Алға қаласындағы «Алға жылу», Ақтөбе қаласындағы «Ақбұлақ» жылу және су ұйымдарына барды. Депутат атап өткендей, «Алға жылу» – үлкен стратегиялық нысан бола тұра, қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мамандардың айлығы – 76 мың теңгеден аспай отыр.

–  Басында бізге сол жердегі қызметкерлер мұны негізі Үкімет шешуі керек деген еді, бірақ біз Үкіметке бірден хабарласқанда, дәл сол «Алға жылу» компаниясының басқару моделіне байланысты олар әкімдіктен қаржы­лан­дырылатыны туралы, айлық жалақыны көтеру әкімдікке тікелей байланысты екенін айтты. Жалпы бұл тек қана «Алға жылуға» қатысты мәселе деп ойламаймын. Бұл жалпы Қазақстанға ортақ мәселе. Сол жерде тұрған әкімдіктің қызметкерлері, сол жердегі басшылық ештеңе айтпай, халықты алдап келгенін көзіміз көрді. Бұл – стратегиялық мәселе, алда оны шешуге атсалысатынымызды айтқым келеді, – деді депутат.

Сондай-ақ, Жұлдыз Сүлейменова өңірге сапары аясында кітапханашылар мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

– Абай облысында республикалық маңызы бар 4 музей және кітапхана бар. Бұл кітапхана кезінде Абай Құнанбайұлының өзі кітаптарын өткізген, сирек кітаптардың қоры бар мекеме. Өздеріңізге мәлім, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасының аясында кітапханашылардың айлық жалақысын екі есеге көтеру мәселесін қойдық. Одан бөлек, кітапханашылар мәселесін түбегейлі және жан-жақты шешіп жатырмыз. Бұл жерде мәдениет саласының кітапханашылары және білім саласының кітапханашылары болып бөлінеді екен. Бұған дейін мәдениет саласының кітапханашыларының айлық жалақысы өскен, ал білім саласының кітапханашыларына бұл мәселе қарастырылмапты. Сондықтан да, біз мұны жүйелі негізде, яғни бөліп-жармай қарастыру қажет екенін Үкіметке жеткіздік. Үкімет мәселені шешті, – деді.

Депутат бұған дейін кітапхана ісіне жиырма ғана грант бөлініп келсе, биыл грант саны 5 есе көбейгенін де айтты.

* * *

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Жамбыл облысында болған кезде Талас аудандық «Талас тынысы» газетінің редакциясы ұжымымен кездесті. Газет өкілдері кездесу барысында аудандық газеттің жұмысы туралы хабардар етті.

Сенатор Палатаның жұмысы және қабылданып жатқан заңдар туралы айтып берді. Сондай-ақ Әлеуметтік кодекске қатысты және интернет-алаңдар мен интернет-жарнама туралы заңдарға да тоқталды. Депутат барлық заңдар халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін қабылданып жатқанын атап өтті.

«Интернет-алаңдар және интернет-жарнама туралы» заңның негізгі мақсаты онлайн-платформалардың жұмыс істеу мәселелері мен онлайн-жарнамаларға қойылатын талаптарды құқықтық реттеу болып табылады. Заңның міндеті – әлеуметтік желілердегі жәбірлеу, қорлау, қаржы пирамидалары сияқты жағымсыз фактілерден Қазақстан азаматтарын қорғау арқылы елдегі саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу», деді сенатор.

* * *

Сенат депутаттары Ольга Булавкина мен Шәкәрім Бұқтұғұтов Шығыс Қазақстан облысының Ше­мо­наиха ауданында болды.

Сенаторлар сапар барысында аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуде жергілікті жердегі өзекті мәселелерді талқылады және Палата жұмысының қорытындылары туралы хабардар етті.

Сенаторлар аудандағы шаруа қожалықтарының басшыларымен де кездесті. Жүздесуде олардың сұрақтарын тыңдады және ауыл шаруашылығы саласы бойынша қаралып жатқан заң жобалары туралы айтып берді. Депутаттар Шемонаиха ауданындағы кездесулерде көтерілген барлық проблемалық мәселелерді назарында ұстайтынын атап өтті.