Алматы қаласының әуежайында Қазақстанға өз еркімен оралған Мұхтар Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Нұрғазин Қуаныш ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Ол Әблязов басқарған «BSC» ЖШС-ның номиналды директоры болған. Әблязов және оның сыбайластары осы компанияны заңсыз несиелендіру арқылы БТА Банктен аса ірі көлемде қаражат жымқырған. Нұрғазин сотталушы бола тұра, ешқайда кетпеу туралы міндеттемесін бұза отырып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында соттан жасырынған. 12 жыл бойы Литва аумағында жасырынып, сол жерде босқын мәртебесін алған. Нұрғазин Қазақстанға өз еркімен оралуға ниет білдірді. 2023 жылғы 24 шілдеде паспорттық бақылаудан өткеннен кейін ол ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», деп хабарлады ведомство.
Бас прокуратура өкілдерінің айтуынша, Нұрғазиннің жасы мен денсаулық жағдайы ескеріліп, 2023 жылдың 25 шілдесінде сот оған бұлтартпау шарасын үйқамаққа алу деп өзгертті.
«Жақын арада басты сот талқылауы қайта басталады. Оның жауапкершілігінің көлемін сот айқындайтын болады», деп қосты Бас прокуратураның баспасөз қызметі.