• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Өнер 28 Шілде, 2023

Скрипкашы қыз сыры

354 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желі арқылы танылып жүрген еңбекқор, талант­ты­ жастарды көріп қызығасың. Дәл сондай көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп, халықаралық деңгейде жетістікке жеткен өрелі өреннің бірі – Меруерт Тұрсынбекова. Үндістанда бес жыл жүріп, елге оралған өнер иесінің әңгімесін тыңдаудың сәті түсті.

Меруерт Тұрсынбекова – Алматы қаласының тумасы. Бес жа­сында А.Жұбанов атындағы да­рынды балаларға арналған му­зы­­­­калық мектепке түсіп, үздік нәти­­жемен тәмамдайды. Кейіп­ке­рі­міз скрипкаға төрт жасынан бас­тап қызыққан екен. Алабөтен аңса­рын алғашында әкесі түсіне қой­­м­а­ғанымен, кейіннен ең бірі­н­ші­ жанкүйеріне айналған көрінеді.

– Анам жас кезінде домбыра тартқаны болмаса, негізінен, отбасымның өнерге қатысы жоқ. Скрипканы төрт жасымда теледидардан көріп қалдым да, үйдегілерге осы аспапта ойнауды үйренгім келетінін айттым. Әкем сол кезде «Скрипканы не істемексің? Қазақтың аспабы емес. Мә, одан да қобызда ойна» деп, қолыма үлкен қылқо­быз­ды ұстатқан еді. Сонда да айт­қа­нымнан қайтпай, скрипка деп жылап тұрып алдым. Скрипканы үйренудің қиын­ды­ғына қарамастан, күні-түні да­йындалдым. Қазір үйдегілер әр жетістігіме марқайып, тіпті әкем қуа­ныштан көзіне жас алып отырады. Әр қадамымды қолдап, ақы­лын жиі айтады. Концертімнен қал­­май, сұхбатқа шықсам, теле­­­­ди­дардың алдына отырып тапжылмай қарайды. Кеше ғана жаңа скрипканы бірге таңдап, сатып алдық. Аспапты қабынан алып жатқандағы бал-бұл жанған жүзін көрсеңіз ғой. Ең алғашқы қым­бат скрипкамды да әкем алып берген болатын. Сол скрипканы­ арқалап, талай байқаулардан жүл­делі орынға ие болып, үлкен сахна­ларда өнер көрсеттім. Әкем әрдайым кішіпейіл бол, ешкіммен сөзге келме, үлкенді сыйла деп тәрбие­леп отырады. Бір жақсы қасиетім болса, сол кісінің арқасы деп білемін, дейді ол.

Меруерт небәрі он екі жасында алғашқы жеке концертін берген. Сол сәттен бастап жас өнерпаз өмірін скрипкаға арнаймын деп мақ­сат қояды. Он үш жасында Жам­был атындағы Мемлекеттік ака­де­­­миялық симфониялық ор­кес­тр­­­мен бірге өнер көрсеткен. Музы­­калық мектепті тәмамдаған соң, Құрманғазы атындағы қазақ Ұлт­тық консерваториясына­ оқуға түседі. Үшінші курсты оқып жүргенде, белгілі скрипка­шы­ Марат Бейсенғалиевтің шақы­руы­мен шетелге жолдама алған. Айта кетсек, М.Бейсенғалиевтің жетек­шілік етуімен Ұлыбритания, Ресей, Араб елдері, Үндістан, т.б. шет мемлекеттерде өнер көр­сетуге мүмкіндік алды. Меруерт Мумбай симфониялық оркес­т­рі­нің құрамында да жұмыс істе­ген. Өзінің айтуынша, Үндістанда жұ­мыс­ істеймін деген ойы болмаған екен.

– Әжем үнді сериалдарын тама­­шалағанды ұнатады. Бала кезім­де әжемнің жанында отырып мен де көретінмін. Алайда өзім түрік­ телехикаяларын ұнатамын, сон­дықтан үнді телехикаялары мен Үндістанда жұмыс істеуімнің ара­сында онша-мұнша байланыс жоқ. Маэстро Марат Бейсенғалиев Мум­бай Үнді Симфониялық оркестрінің музыкалық директоры­ болғандықтан, ұстазымның жанында тәжірибе жинауды жөн көрдім. Жұмысқа бесжылдық келісімшарт бойынша бардым. Әркімге туған жері ыстық шығар. Келісімшарт уақыты аяқталған соң, дереу Отаныма оралдым. Елімді еш мемлекетке айырбастай алмаймын, – дейді скрипкашы қыз бізге сыр ашып...

Үндістан Меруерт үшін ж­а­­ң­а­ мүм­кіндіктер алаңына ай­нал­­­­­ғанына кәміл сенімдіміз. Мум­бай­да жүріп әлемдік шоу-бизнес өкіл­дерімен танысып, әлі күнге дейін шығармашылық байланыс орна­­тып жүр. Италиялық модельер, Dior сән үйінің шығар­ма­­­­­шы­лық директоры – Мария Грация Кьюримен де бірге жұмыс­­тар атқа­рып­ үлгерген. Әлемді ауызына қара­т­қан Димаш Құдайбергенмен де дәл осы Үндістан төрінде танысыпты. Меруерт Тұрсынбекова әңгіме барысында шығармашылық жолындағы қызықты оқиғаларын да әңгімелеп берді.

– 2017 жылы Алматыға мидың ойлау картасы мен есте сақтау қабілетін дамыту әдістемесін жасаған Ұлыбритания психологі – Тони Бьюзен мен атақты бокс­шы­ Майк Тайсон қонаққа келді. Іс-шара ұйымдастырушыларының арнайы шақыруымен сол мәр­те­белі меймандардың алдында­ скрипка тартып берген болатын­мын. Майк Тайсонның менеджері арнайы рахметін жеткізіп, Тони­ Бьюзен қолымнан сүйіп, ықы­лас­-батасын берген еді. Сіздерге тағы да бір қызықты айтып­ берейін. Бірде Мумбайда Еуро­па­ның ең мықты музыканттары жина­­лып, шетелден солистер келіп, жоғары дәрежеде концерт өткіздік. Репе­ти­­ция кезін­де­­ қатты асығып жү­ріп,­ басқа бет әрлеу бөлмесіне кіріп кеттім. Сол бөлмеде отырған музыкант маған жылы шырай танытып, жанында отыра беруімді қалады. Бірақ өзінің кім екенін айтқан жоқ. Концерттік нөміріме кезек келгенше, екеуіміз ұзақ әңгімелесіп отыра бердік. Бірге пісте шақтық. Одан соң репетицияға кетіп қалдым. Енді залда оркестрмен отырсам, сах­наға бір солист шықты. Ол кім десеңіз, менімен бірге пісте  шағып, әңгімелескен кісі екен. Сол кезде менің ұялғанымды көр­сеңіз ғой. Әлемдік жұлдыз, белгілі португалиялық пианист – Мария Жоаоны жүздестіріп қана қоймай, бірге оп-оңай әңгі­ме­ле­сіп кетеміз деп­ кім ойлаған? Айтпақшы, Мум­бай­ қаласында Dior сән үйінің көрсе­ті­лімінде өнер көрсеткенімде, Гол­ливуд жұлдыздарымен таныс­тым. Америкалық супермодель Карли Клосты жүздестірдім. Моника Беллучидің қызы Дева Кас­сельді де көрдім. Өкінішке қарай, көрсетілім аяқталған соң оны таба алмай қалдым, себебі жинал­ған халықтың қарасы мол болды. Мумбайда жүргенде «Интер­стел­лар», «Мулан» басқа да көптеген гол­ливудтық фильмнің музыкалық про­дюсерімен кездестім. Мұнда кездестірмеген адамым жоқ шы­ғар, деген Меруерт Мумбай мәде­ние­тінің шығармашылық жолы­ның дамуына үлкен әсері тигенін жасыр­мады.

Сондай-ақ Үндістандағы өмірі жайлы да сөз етті.

– Елден жырақта жүрген соң,­ туған жеріңді сағынасың ғой. Үндістанға алғаш келгенде, қиын­дық­тар да болды. Анамның асқан етін қатты сағындым. Ата-анам елден қазы-қарта, құрт, «Қазақстан» шоколадын жиі жіберіп тұрды. Үндінің қазаққа ұқсастығы бар. Күн ыстықта шай ішіп, әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреді. Өте қонақжай, мейірімді халық. Бір қызығы, қыз-келіншектердің ұлттық киімге ерекше мән беріп, әшекей-бұйымын күнделікті тағынып жүретініне таңырқап қарадым, – деді өнерпаз.

Меруерт атқа мініп серуен­де­генді жақсы көреді. Сән әле­мі­нен де хабары мол. Би билейді. Музыкалық мектепте оқып жүр­ген­де, фортепианоны да меңгеріп шық­қан. Бос уақытында шаңғы тебеді. Кейіпкеріміз шаңғы тебуді бір-ақ күнде үйреніп алғанын айтты. Тізгінді жіберіп қойып, ат құлағында ойнайтын шабандоз қыз асаудың үстінде отырып та, неше түрлі трюктер жасап, әуеде қалықтап та скрипкада ойнай алады. Меруерттің атасы аттан құлап, мертігіп дүниеден қайтқан екен. Сондықтан анасы қызы үшін қатты алаңдайды.

– Атқа міну – қазақтың қанын­да­ бар өнер. Әрі менің нағашы әже­ле­рімнің бәрі шабандоз бол­ған. Атқа 2018 жылы алғаш рет мініп көрдім. Екі апта ішінде үйре­ніп алып, ипподромдағы балалар­мен жарысқанмын. Мумбай қала­сын­да ипподромға жиі барып тұратынмын. Алайда шетелде атпен серуендеу өте қымбат тұрады, сондықтан ипподромға тек қал­та­лы азаматтар ғана барады. Өзім сон­дағы ат клубының мүшесі бол­дым. Ат клубында арнайы шақыр­тумен концерттер беріп жүрдім. Гастрольдік сапарға кетіп қалатын кездерде клуб мүшелері мені іздеп, шақырып тұратын-ды. Анам аттан құлайсың деп алаңдап ұрсады. «Қызым, сен шабандоз емессің, сен скрипкашысың! Аяқ-қолыңды абайла, аттан аулақ жүр» десе де, аяғым ипподромға тартып тұрады, – деп жылқысыз өмір сүре алмайтынын айтты.

Асаудың жалында скрипкамен өнер көрсету кез келген жанның қолынан келе бермейді, тіпті мұндай идея ешкімнің ойына да келмесі анық. Меруерт жақында бұл өнерін әлемдік деңгейде одан сайын дамытып, танытқысы келетінін жеткізді.

– Көрерменді таң-тама­ша­ етіп, шоу бағдарлама ұйым­дас­тыр­­­ғанды ұнатамын. Екінің бірі сах­на­ға шығып, өз өнерін көрсете ала­ды. Қашанға дейін бұлай болмақ? Өнерде де бәсекелестік пен сапа болғаны жөн. Бастысы, көрерменнің талғамын қалып­тас­тырғым келеді. Елде әнші-музы­кант өте көп. Қазақ мәдениетін әлемдік деңгейге көтеру үшін ізденіске түсу, тәуекел жасаудан қорықпау керек. Үндістанда жүргенде америкалық бір музы­­канттан мастер-класс алған­мын. Ол кісі «Астарлы ақи­қат» бағдарламасында жасаған экс­пе­ри­ментімді көріп, таңғалғаны соншалық айғайлап жіберді. «Сен Үндістанда не істеп жүрсің? Әлем­дік жұлдыз болуың керек. Тез арада еліңе қайт», деді таңданысын жасыра алмай.­ Сондай көңілді жан екен. Шынымды айтсам, маған шалқар шабыт сыйлады. Алла қаласа, Алматыда күз кезінде жеке концер­­тімді өткізбек ниеттемін. Жақында жаңа бейнебаяным да жарық көреді. Бала кезімде «Зена – королева воинов» дейтін сериалды көріп, Зена секілді қайсарлы, табанды, жомарт болсам деп армандайтынмын. Сол «Зена апама» қазір рахметімді айтамын, – деп әзілдеп, күліп қояды Меруерт.

Расында да, Меруерттің өне­ріне қарап, өр мінезі мен өжет­ті­лігіне сүйсіндік. Меруерт кез кел­ген іске шын ниетімен көңіл бөлсе, соны дереу игеріп кетеді. Мүм­кіндік болып жатса, отандық, шетелдік тарихи және экшн фильм­дерге түссем деген жоспары бар. Алматы циркінің директорының өзі жылы лебіз білдіргенін еске алсақ, өнер иесінің болашақта жұрт таңғаларлық жаңа қырын көріп қалуыңыз әбден мүмкін. Меруерттің жақында болатын жеке концерті сәтті өтсін дейміз.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,Абай атындағы ҚазҰПУ 4-курс студенті