Құқық қорғау органдарының қызметі азаматтар мен мемлекеттік институттардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, мемлекеттің қылмысқа және құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі саясатын іске асыруға бағытталған.
Кез келген құқық қорғау органының, оның ішінде прокуратура қызметінің тиімділігі оның қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін сауатты және сапалы орындау қабілетіне тікелей байланысты. Прокуратура қызметкерлерінің күрделі проблемалық мәселені шешкен немесе қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер бойынша кәсібилік танытқан іскерлік және моральдық қасиеттерін мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтар жоғары бағалайды. Оған күнделікті өмірден нақты мысалдар жетерлік.
Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығы Бас прокуратураға қылмыстық топты жою жөніндегі арнайы операцияны жүргізу кезінде кәсібилік пен батылдық танытқан прокуратура органдарының қызметкерін көтермелеу туралы ұсыныс білдірген болатын. Сонымен қатар Талдықорған қалалық соты өз ұсынысында Жетісу облысы прокуратурасының қызметкері С.А.Дүйсебаевтың қылмыстық іс бойынша жоғары біліктілік көрсеткенін атап өтті. Оның мемлекеттік айыптауды белсенді және сауатты жүргізуі жоғары лауазымды шенеунікке қатысты әділетті сот актісін шығаруға септігін тигізді.
Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау – прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі. Мемлекеттік және бақылаушы органдар тарапынан заңнаманы өрескел бұзу жағдайларына жол берілген кезде заңды тұлғалар прокурорлардың іске жедел араласуын қажет етеді. Солардың қатарында Бас прокуратураға «Қазвтормет», «Прогресс KZ» ЖШС, «Еврокрук» ЖШҚ басшыларынан алғысхаттар келіп түсті. Олар Астана қаласы прокуратурасы мен көлік прокуратурасының қызметкерлерін көтермелеуді сұрады.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша бір кәсіпкерге Астана қаласы әкімдігінен 12 млн теңге жедел қайтарылды. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан көлік прокуратурасының қызметкерлері ресейлік компанияның негізсіз ұсталған көлігін қайтарғаны үшін алғысқа ие болды. Ал кірме жолдарды су басу проблемасының прокурорлардың араласуы арқасында шешілуі «Қазвтормет» ЖШС жұмысының тұрақты жолға қойылуына себепші болды. Бұдан бөлек, Бас прокуратура қызметкерлеріне сотталғандардан да алғысхаттар келіп түсіп жатады.
Жалпы, прокуратура органдарының қызметі сан қырлы және қарапайым тұрмыстық мәселелерден бастап, көптеген адамдардың құқықтарын қозғайтын жаппай заң бұзушылықтарды жоюға дейінгі ауқымды іс-қимылдарды қамтиды. Оның бәрі азаматтар мен заңды тұлғалардың өмірлеріне тікелей қатысты. Мәселен, «Жайнақ» шағын ауданының тұрғындары 4 айға созылған электрмен жабдықтау проблемаларын шешкен Алматы облысы Іле ауданының прокурорларына алғыс білдірген болатын. Сондай-ақ Алматы қаласы Жібек жолы және Мәуленов көшелеріндегі 4 көппәтерлі үйдің тұрғындары да коммуналдық жабдықтау проблемасын шешкен прокурорларға ризашылық жеткізді.
Прокуратура қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта жасаған істері де азаматтардың назарынан тыс қалған жоқ. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің қызметкері Ж.Мұрат «LIDER.KZ» еріктілерімен бірге Астана қаласында жоғалып кеткен баланы тауып, ата-анасына тапсырған болатын. Сол секілді Қостанай облысының Рудный қаласында прокуратура қызметкері Н.Қалман көршісінің жоғалған баласын тауып берді.
Жалпы алғанда, биыл прокуратура органдарына мемлекеттік мекемелерден, азаматтардан және заңды тұлғалардан 128 алғыс хат келіп түсті. Осыған орай, ерекше жетістіктерге қол жеткізген қызметкерлерді Бас прокурор мен облыстық прокуратура басшылары ведомстволық наградалармен және басқа да көтермелеу шараларымен марапаттады.
Айсұлу МАХСЕМЕТОВА,
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті