Жаздың аптап ыстығында диқандар егін суарудан қиыншылық көреді. Елімізде бірнеше ірі өзен бассейні болғанымен, қажет кезінде «тіршілік нәрі» сыздықтап ағып, ауыл шаруашылығымен айналысатындарды әбігерге салады.
Құмға сіңген су
Өйткені аумақтағы өзендердің басым бөлігі шекараның арғы бетінен басталады. Сол себепті аптап ыстықта бұлақ басындағылар «кранды бұрап қоюға» бейіл. Бұл мәселе түрлі деңгейде көтерілсе де, әлі күнге күрмеуі шешілер емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық өзендерге қатысты талай мәрте пікір білдірген.
Мәселен, 2021 жылы моноқалаларды дамыту жөнінде өткізілген кеңесте өзендердің тайыздануы қауіп төндіріп отырғанын жеткізді. «Трансшекаралық өзендер, әсіресе Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тайыздануы мен экологиялық жағдайының нашарлағаны байқалады. Бұл көбінесе көршілес елдерден келетін су көлемінің азаюына байланысты, себебі ол жерлерде су тұтыну артты», деді Қ.Тоқаев.
Биыл елордада өткен Астана халықаралық форумында да су ресурстарының жетіспеушілігі алаңдатып отырғанына назар аударды. Әсіресе Орталық Азияда су мәселесі күннен күнге күрделеніп келеді. Осы орайда Президент Орталық Азия су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ екенін атап өтті.
«Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін
5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз», деді Мемлекет басшысы.
Президенттен бастап ауыл шаруашылығымен айналысатын дихандарға дейін судың жетіспеуіне алаңдауы бекер емес. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға сұраныс 50 пайызға артады. Ал Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін. Оның үстіне елімізде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді екен. Тағы бір мәселе – суды тиімді пайдалану. Мысалы, Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 1 долларын өндіру үшін АҚШ пен Ресейге қарағанда 3 есе көп су жұмсалады. Ал Аустралиямен салыстырғанда 6 есе жоғары.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы Бауыржан Әукеннің сөзіне сүйенсек, Қазақстандағы су тапшылығының себептері өте көп. Соның ішінде еліміздің көршілес мемлекеттерден келетін су ресурстарына тәуелділігі басты рөл ойнайды. Бұдан бөлек, жаһандық жылыну, гидротехникалық құрылғылардың тозуы мен өзендердің ластануы айтарлықтай әсер етіп отыр.
«Жаз кезінде Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің су деңгейінің төмендеуі әдетте бірнеше факторға байланысты. Ең алдымен, Орталық Азияда жазда температура жоғары, жауын-шашын аз. Бұл кезеңде су қоймаларындағы булану артады да, өзендердегі су көлемі төмендейді. Сонымен қатар өңірдегі кей мемлекеттер өзендерді гидроэнергетика және ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланады. Жазда егістікті суаруға сұраныс артады да, судың мол мөлшері ауыл шаруашылығына бұрылады. Антропогендік фактор да әсер етеді. Яғни суару құралдарының ескіруі, суды жүйесіз пайдалану, су пайдаланудың ережелерін сақтамау және өзендерді ластау секілді мәселелер бар», дейді Б.Әукен.
Трансшекаралық өзендерге тәуелдік
Жалпы, Қазақстанда сегіз өзен су шаруашылығы бассейні бар. Олар: Арал – Сырдария, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық –Каспий, Нұра – Сарысу, Тобыл – Торғай және Шу – Талас. Елімізде суармалы жерлер 1,6 млн гектарды құрайтынын, егіс алқаптарының басым бөлігі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Жетісу облыстарына тиесілі екенін ескерсек, трансшекаралық өзендердің маңызы арта түседі. Себебі аталған өңірлердегі ірі өзеннің бәрі көрші елдерден бастау алады. Мәселен, ұзындығы мың километрден асатын 7 өзеннің ішінде тек Есіл ғана Қазақстаннан басталады. Ертіс пен Іле Қытайдан келеді, Жайық пен Тобыл Ресейден шығады. Сырдария мен Шу Қырғызстаннан бастау алады. Бір айта кетерлігі, Сырдария Қырғыз Алатауынан басталғанымен, негізгі бөлігі Өзбекстан арқылы өтеді. Сол себепті Сырдың суында Қазақстан екі елге де тәуелді.
Қазақстан тәуелсіздік алғалы трансшекаралық өзендер мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Негізі мемлекеттер арасындағы өзендер мен көлдер дауы «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенция» арқылы реттеледі. Аталған құжат 1992 жылғы 17 наурызда Хельсинкиде (Финляндия) қабылданып, 1996 жылы күшіне енген. Қазақстан 2000 жылғы 23 қазанда осы су конвенциясына қосылып, құжат 2001 жылғы 11 сәуірде күшіне енді. Орталық Азия елдерінен конвенцияны Өзбекстан және Түрікменстан, сондай-ақ Ресей ратификациялады. Қытай мен Қырғызстан бұл құжатқа қосылмаған.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай арасында шекараны кесіп өтетін 25 өзен бар. Олардың мәселесі екіжақты келіссөздер арқылы шешіледі. Мысалы, екі ел Үкіметі 2001 жылы трансшекаралық өзендерді пайдалану туралы келісімге қол қойды. Соған қарамастан Ертіс пен Іле мәселесі әлі күнге толық шешілген жоқ. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, екі өзеннің басым бөлігі Қытай аумағынан өтеді. Яғни Ертіс пен Іленің толып ағуы тікелей Бейжің билігіне тәуелді. Екіншіден, Қытай тарапы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданын дамытуға ерекше ден қойып, өзен бойына көптеген су қоймасын салып, суды есеппен беретін болған. Сарапшылардың айтуынша, шығыстағы көршіміз екі өзеннің 40 пайызға жуығын пайдаланып отырған көрінеді.
Іленің жағдайы мүлдем қиын. Өзеннің 30 пайызға жуығын Қазақстандағы мұздықтардан ағатын су толтырады. Рас, Ілеге құятын негізгі екі өзеннің бірі Текес Алатаудың теріскей бетінен басталады. Бірақ бұл аты ғана. Әйтпесе, Текестің 40 шақырымы ғана Қазақстан аумағынан өтеді, енді 60 шақырымы шекараны бөліп жатыр. Қалған 338 шақырымы толықтай Қытай территориясына тиесілі. Осылайша, Теріскей Алатауынан басталған өзеніміз Ілеге көрші елге барғанда бір-ақ құяды. Кейінгі жылдары Қытай Іленің бойына 13 су қоймасын құрып, 59 гидроэнергетикалық қондырғы орнатыпты. Мамандардың сөзіне сүйенсек, Іленің суын есепсіз пайдалану жалғаса берсе, келешекте Балқаш көлі тартылып, Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін.
Мұндай қауіп бекер емес. Қытай 2050 жылы Шыңжаң-Ұйғыр ауданындағы суармалы жердің көлемін 600 мың гектарға жеткізбек. Кей деректерге сүйенсек, Іле өзенінен Тарым шөлді ойпатының батыс бөлігіне су жеткізетін арнаның құрылысы қызу жүріп жатыр. Алда-жалда шығыстағы көршіміз өзен суын есепсіз пайдалануын жалғастыра берсе, 2050 жылға қарай Іленің Қазақстанға келетін су қоры 40 пайызға төмендейді. Келешекте Қытай тұтынатын су көлемін арттырмаса, кемітпейтінін ескерсек, Ертіс пен Іленің ахуалы қиындай түсетіні анық. Ал мұндай жағдайда екі өзенге тәуелді қалалар айтарлықтай қиындыққа душар болады.
«Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияға» қосылмаған Қырғызстаннан басталатын өзендердің де жағдайы күрделі. Қазіргі таңда Жамбыл облысын көрші елден келетін Талас пен Шу сумен қамтамасыз етіп отыр. Бірақ жазға қарай өзендердегі су көлемі азайып кетеді. Әсіресе Тараз қаласынан өтетін Таластың аптап ыстықта түбі көрінуге шақ қалады. Қырғызстан «Киров» су қоймасын салғалы сарқырап ағатын өзен сыздықтады да қалды. Таластың бойына бірнеше су торабы салынған. Бірақ олар жауын мол жауған жылдары «Кировтан» бөлінетін көп суды сақтап қалуға қауқарсыз. Естеріңізде болса, 2016 жылы Талас арнасынан тасып, Созақ көпірін бұзып кеткен-тұғын. Ал қыс кезінде келген мол су игерілмей, өзеннің аяғында жатқан ауылдарды шайып кететін жағдай да кездескен.
Берілген уәде орындалар емес
Кейінгі жылдары Талас өзенінің бойына «Ақмола» су қоймасын салу туралы бастама көтерілген еді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 2021 жылы Әулиеата жұртшылығынан сүйінші сұрап, ақжолтай хабарды жеткізген-ді. Тіпті Жамбылда бақандай үш су қоймасы салынады, оның жалпы құны 14,9 млрд теңгені құрайды деп мәлімдеген. Бірақ уәде әлі күнге орындалмай тұр. Былтыр Премьер-министр Әлихан Смайлов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында да Жамбылда үш су қоймасы салынатынын жеткізді. Алайда жылда берілген уәде орындалмаған күйі қалып отыр.
Өкінішке қарай, судың жетіспеуінен қарапайым шаруалар қиыншылық көреді. Мәселен, Талас ауданы Бостандық ауылының тұрғыны Мұрат Әбиев аптап ыстықтан еккен егінінің бәрі күйіп кету алдында тұрғанын айтады.
«Таластан келетін канал сыздықтап ағып тұр. Бір мезгілде бірнеше алқапты суаруға жетпейді. Амалсыз кезекпен су аламыз. Оның өзінде жете бермейді. Ауданда танысы барлар суды бұрып алады. Жергілікті мұрапқа, орталыққа хабарлассақ, «Су аз, көбейте алмаймыз. Таластың суын көбейтуді министрлік шешпесе, біздің қолымыздан келетін дәрмен жоқ», деп жауап береді. Жылда жазда егістікке су жетпей қалады. Биыл азын-аулақ жерге жүгері егіп едім. Жайқалып өсіп, енді суару керек болған кезде қиналып отырмыз. Жоңышқам түгелдей қурап кетті. Менікі мейлі ғой. Алпыс гектар жерге егілген қызылша су жетпегендіктен толықтай күйді. 30-40 гектарлап жүгері алқабы бар шаруалар әлі кезек күтіп отыр. «Ақмола» су қоймасын салса, жағдай оңалар еді», дейді М.Әбиев.
Сырдария мен Әмударияның жағдайы белгілі. Өзен суын тиімсіз қолдану Арал теңізінің трагедиясына әкеліп соқты. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1998 жылы Сырдария өзенін пайдалану туралы келісім қабылдаған. Кейінірек құжатқа Тәжікстан да қосылды. Дегенмен бұл Орталық Азиядағы трансшекаралық сулар мәселесін шешкен жоқ. Өйткені құжатта көрсетілген міндеттемелерді тараптар толық орындамады.
Өзбекстанның Сырдария суын мақтаға пайдалануы салдарынан өзеннің төменгі ағысы кейде құрғап, батпаққа айналады. Соның салдарынан Түркістан облысындағы шаруалар мен дихандар зардап шегіп отыр. Қайбір жылы Қырғызстан қыс кезінде «Тоқтағұл» су қоймасында жиналған судың жартысын ағызып жіберіп, Сырдың төменгі ағысында орналасқан бірнеше ауылды су шайып кеткен еді. Рас, кейінірек «Көксарай» су қоймасы салынып, бұл мәселе біршама реттелгендей көрінген. Әйтсе де, оңтүстіктегі ағайын әлі күнге көрші елдердің «жомарттығына» тәуелді күйінде қалып отыр.
Жайықтың тартылуы да талай мәрте талқыланды. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ашхабадта өткен VI Каспий саммитінде сөйлеген сөзінде осы мәселеге тоқталған еді. «Жайықты аман алып қалу үшін үйлестірілген, пәрменді шаралар қабылдауға міндеттіміз. Әйтпесе, жақын арада құтқаратын ештеңе қалмайды. Біз барлық тараптан күш біріктіріп, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша ортақ іс-қимыл жоспарын әзірлеуге шақырамыз», деген еді Президент.
Сарапшылардың айтуынша, Жайық суының азаюы Каспий теңізіне де әсер етеді. Кейінгі жылдары әлемдегі ең алып көлдің аумағы кішірейіп барады. «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының мәліметіне сүйенсек, кейінгі 15 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7,1 пайызға қысқарған.