• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Мәдениет 31 Шілде, 2023

«Жансебіл»

382 рет
көрсетілді

1990 жылдардың басындағы қазақ кино өнерінің аса бір елеулі жетістігі «Жансебіл» десек, ешкім дау айта қоймас. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек әңгімесінің негізінде түсірілген Аяған Шәжімбайдың бір жарым сағатқа да толмайтын көркем туындысын тебіренбей, көзге жас алмай көру мүмкін емес. Сталиндік қуғын-сүргіннің қайғы-қасіретін жүрекке жеткізген бұған теңдес туынды аз. Ендігі уақытта қазақ киногерлері осыншама қайғы-қасіреттің мәнін терең түсіндіретін көркем туындылар түсіре ала ма, түсіруге тырысса, «Жансебілдің» деңгейіне жуықтай ала ма деген сұрақ көлденеңдейді. «Жансебілде» режиссер А.Шәжімбай ұлттың қасіретін терең қаузап қана қоймай, адамзат басындағы ауыр азаптарды асқан сезімталдықпен көрсете білген.

Қазақ өз басынан кешірген аса ауыр трагедияны мұндай терең лиризммен жеткізуді ұмытып қалған сияқты сезіледі. «Жансебілді» тамашалағанда, Мұқатайдың қасіретіне қан жылап отырып, әлгіндей ойлар құрсаулайды. Жазықсыздардың қамауда айдалғанын, аяусыз соққыға жығылғанын, жан төзгісіз азаптарды бастан кешіргенін, атылғанын ашық көрсеткеннен гөрі, «Жансебілдегідей» қол-аяқсыз қалған шалдың естелік, сағынышымен қосарлап берген әлдеқайда әсерлірек пе деп қаласыз. Оның үстіне кино көркем туындыдан, жазушының әңгімесінен алынып тұр. Сондығымен де сезімдерді дөп басады. Байқауымша, қазір тақырып беріледі, сосын соған сценарий жазыла бастайды. Бұл бір идеяны ту көтеріп, қалғанын соның айналасына жамау секілді елестейді. Драмадан жұрдай, жасанды дүние содан шығып жатса керек. Ал «Жансебіл» өмірдің өзінен алынған, адамзаттың аяулы сезімдерін мөлтілдеген көз жасындай моншақтап тізеді.

Кино «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» деп басталады. Алып бара жатқан ештеңе жоқ, «Танисың ба сен мені, мен – қазақтың баласы» деп атпен шауып өткен қазақтың жігіті. Бірақ осы бір сөз бен сюжет қазақтың күллі еркіндігі мен бұлалығын әйгілеп тұрған жоқ па? Осы көрініс Мұқатайдың көз алдынан естелік болып көшкен сайын домбырада шертілетін музыка. Сәкеннің «Біздің жақта» әнін бұдан кейін осылай әсерлі шерткен ешкім жоқ шығар. Әннің тұпнұсқасындай үзіп-үзіп, терең лиризммен шертеді.

«Абыралыға баратын кім бар, Абыралыға баратындар бар ма?» деп жалпақ әлемге жар салып, бүкіл вокзалды шулатқан қол-аяқсыз Мұқатайдың тағдыры берісі қазақтың, әрісі сол кездегі адамзатқа төнген зұлмат. Оны арбаға салып сүйреп, асырап, бағып-қағып жүрген орыстың кемпірі Марусья. Меніңше, бұл жерден саяси астар іздеп қажеті жоқ сияқты. Мұнда аяушылықтан және жалғыздықтан туған сезімдер мен аса нәзік әйел психологиясының терең иірімдері жатқандай. Қол-аяқсыз жап-жас Мұқатай мен жалғызбасты сұлу Марусья бір-біріне қарап тұрып жымияды ғой. «Жетімді түсінетін кәріп қана» немесе «кәріпті түсінетін жетім ғана» дегісі келді ме екен?..

Сонымен гәп өзі жүріп-тұра алмайтын қол-аяғы жоқ қарияда... Ақыл-есі түзу болғанымен, сана-сезімі сау ма оның? Оның үстіне Абай туған алтын топыраққа біткен Абыралыдан. Мұқатай туған жерінен 1937 жылы «халық жауы» болып айдалып кеткен. Жалғыз Мұқатай емес екені белгілі. Бұл мынадай мүгедек күйде Горбачев заманына аяқ басқанымен, оның туған жері Абыралының да сау-тамтығы қалмаған ядролық сынақтан. Автор Абыралыны тегін алып отырған жоқ. Қол-аяқсыз жарымжан Мұқатайды көр де, сынақ алаңына айналған Абыралыны көр. Демек жалғыз Мұқатайдың басындағы қасірет емес. Жүріп-тұрайын десе, аяғы жоқ, тіршілік етейін десе, қолы жоқ. Ондай адам қарекет қыла ала ма? Алысты мұрат тұта ма? Жоқ! Тәні ғана емес, жаны, ақыл-ойы, сана-сезімі түгел мертігіп қалған. Теміржол шетінен тәртіп сақшысын көріп түсі өзгеріп кететіні бар ғой. Басы кегжеңдеп отырған мүгедек үндемей өшпенділікпен бұғады, Марусья «Бізде нең бар?» деп қарсы шығады ала таяқтыға. Сүйегі жасып қалған Мұқатай Марусьяға «Кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесің бе?» деп төменшіктейді. Қамауда соққыға жыққан тергеуші төбетке «Аға, қазақпыз ғой?» деп жалынғанда, маңдайы тырысып, желкесі құрысып одан са­йын тепкілеп, жаншып тастағаны есінде Мұқатайдың. Дегенмен Мұқатай мен Марусьяның арасында сөзбен жеткізіп болмайтын сыр бар. Құлаш-құлаш қырсық мінезбен қатар араларынан қыл өтпес жақындық және бар. Мүмкін жарымжан мен жетімді Жаратқаннан басқа түсінбейтін шығар.

Ұлымның аты Мәди деп жазады Мұқатай елге хатында. Қазіргідей Диас, Тимур емес. «Жарымның аты – Ақбидай» депті. Ол Ақбидайы мен Мәдиі қайда? Тірі болса неге іздеп таппайды? Абыралыда атом бомбасын жарғанда олар да жазым болған шығар. Қол-аяқсыз қаусап, ақыл-ессіз жаудырап қалған Мұқатайды да өлтірмей алып қалған соларға деген сағыныш, елге деген сүйіспеншілік, ұлы аңсар еді ғой. «Ағатай, қазақпыз ғой» деп тегін жалына ма? Өлмелі күйге жеткенде қазақтығын айтқан, елге сүйіспеншілігі өшпеген боздақ. Аяқастынан табыла кеткен әлгі бір сақалды қара пәле, заманы туса, «Сен қазақ емессің!» деп шыға келетін сол қара пәлеге лағынет!

P.S. «Ағатай, қазақпыз ғой...»