• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Мәдениет 31 Шілде, 2023

«Антына» адал әнші

299 рет
көрсетілді

Уақыттың ағымына қарай ән де, әншілердің талғамына сай сән де өзгерді. Жанға жайлы жанрлар да айтарлықтай «төңкерісті» бастан кешіп жатқан жайы бар. Енді ше, техника өзгерді, технологияның үздіксіз дамыған уақытында ол енді бір заңдылыққа айналғандай көрінетіні рас.

Қазір кез келген адамның жедел танылуға мүмкіндігі мол. Әншілер де әлеуметтік желінің арқасында халық­тың қошеметіне ие боп жатқаны даусыз. Сондайда «шөп те өлең, шөңге де өлең» болмаса екен дейсің. Өйткені кейде еркіндік те адамды ессіздікке апарады емес пе?

Бір анығы, бүгінде талға­мы­на дақ түсір­меген жас әншілер шоғыры қалып­тасып келе жатқаны қуантады. Солар­­дың­ бірі – «Я люблю тебя, Әлия» әнімен та­нылған жас пері Садраддин Болат­ұлы. Жүрекке жылы тиетін әндерімен тыңдар­манның қоше­метіне бөленген әнші­нің­ шығармалары бүгінде жас­тар ара­сында зор танымал­ды­ққа ие екені даусыз.

 «Музыка – адамзат атау­лы­ның әмбе­бап­ тілі» деген Генри Лонгфеллоның сөзі­нің жаны бар. Айталық, бірнеше хит әні­мен әнсүйер қауымның көзайымына айналған Сад­рад­­диннің «Ант» деген шығар­масы шынында да жас талант­тың төлқұжатына айнал­ғанына ешкім­нің таласы жоқ шығар.

«Жүрегіммен ант бердім,

Шүкір, Алла бақ берді.

Болашақтың дәптерін,

Жазып келем бас әріп­тер­мен», деп­ басталатын әннің алғашқы шума­ғы­нан-ақ туындының өн бойынан дидак­ти­калық ойдың өріле түсетінін аңғару қиынға соқ­пайды. Соған қарап бұл әннің тыңдарманы көп бола қоймас деп пайым­дайтыныңыз даусыз. Өйткені түпкі ойы дидактикалық пәлсапамен астасып жататын шығармалардың «ғұмыры» бұл күнде ұзақ еместей көрінетіні ақиқат. Бірақ жас әншінің таланты мен шеберлігі біз ойлаған, қалыптасқан барлық қасаң қағиданың тас-талқанын шығарып тастапты.

Иә, жоғарыда Лонгфел­ло­ның сө­зін­ бекер айтпадық. Сад­раддиннің «Ант»­ деген осы бір әні Youtube-те 24 миллион қара­лым­ жинапты. Енді сол мил­лиондардың қаншасы шетел­дік өнерсүйер қауым екенін өзіңіз пайымдай беріңіз.

«Еңсеңді көтер, бауырым,

Жасағын істің тәуірін.

Адамның күні адаммен,

Көп досың кейде бол­ған­мен­,

Іс түссе қайда қалғанын?

Бетперде киген жан-жа­ғым­

Кімге кіммін білмей барамын», деген шумақтар әлбетте жүрекке жылы тиетіні даусыз. Әйткенмен, күнделікті айтылатын моральдық әңгімелердің өлеңдегі жиынтығындай көрінетіні және жасырын емес.

«Санада мың сұрақ,

Бір тұрып, бір құлап.

Пендеңе мың сынақ,

Бір күліп, бір жылап.

Қалағаныңды сұра,

Жаратқаныңнан жылап.

Алақаныңды жайып,

Алдағы күн уайым», – деп түйін­де­ле­тін әдемі әннің қайырмасы қазақтілді тың­­­­­дарманның санасында бірден сақ­та­л­атыны талас тудырмайды. Тілге жеңіл екеніне күмән жоқ.

Қалай алып қарасақ та, әннің халық­аралық деңгейде танылуына әнші­нің үніндегі қазақы бояу мен шебер­лік­тің әсер еткені талассыз. Өйткені әнші­нің ән иірімдеріне ерекше бояу қоса­ты­ны, ізденістің ізіне түсетіні есті тың­дар­ман­ға бірден байқалады десек, қателесе қоймаспыз. Сонысымен ән көпшіліктің жүрегіне жол тапқаны даусыз.

Жас әнші бала күнінен кәсіби маман болуды армандапты. Бүгінде жас­тардың жүрегін жаулаған талантты азамат арманына жеткені даусыз. Намысын қайраған қазақ ұлы тынымсыз еңбек етсе, халықаралық деңгейде де қазақ әнін танытатынына шүбә жоқ. «Ант» деген әнімен танылған таланттың антына адал болып, музыка әлемінде өшпес із қалдыратынына сенім мол.