Қарағанды облысының балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған жағдай туралы Денсаулық сақтау министрлігі кеше, атап айтқанда, 31 шілдеде хабар алған. Қарағанды облысына арнайы барған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният балалардың жағдайы қатаң бақылауға алынғанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Балалардың жағдайы нашарлауы, атап айтқанда, дене қызуының көтерілуі, құсуы сияқты белгілермен тағы да төрт баланың жансақтау бөліміне түсуі, жағдайдың асқынып кетуі қандай да бір улану жағдайларына ұқсамайтынын көрсетті. Денсаулық сақтау министрлігінің ең үздік мамандары қарағандылық мамандармен бірге балалардың өмірі үшін күресіп жатыр», деді Ажар Ғиният.
Бүгінді таңда облыс ауруханасына жеткізілген 14 бала ем қабылдап жатыр, алты бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Жансақтау бөлімінде жатқан екі баланың жағдайы өте ауыр. Қалған бес баланың жағдайы жақсы. Қазір балаларда ауру белгілері жоқ.
«Қазір балаларда іш ауру, құсу тәрізді ауру белгілері жоқ. Бірақ әлі де дәрігерлердің қадағалауында болады. Ауруханадан соң ем алып жатқан орталыққа қайта жіберіледі. Ал жағдайы ауыр алты баланың денсаулығы бойынша дәрігерлердің консилиумы жүргізіліп жатыр. Балалардың өміріне төнген басты қатер ағза улануынан болып отыр», деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, бастапқы талдаулар нәтижесі балаларда ішек инфекциясының болмағанын көрсеткен. Оқиғаның себебі әлі де анықталатын болады.
«Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де балалардың тамақтан улану фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 304-бабы 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тегреп-тексеру басталды.
Қылмыстық іс Қарағанды облысы прокуратурасының арнайы прокурорларының өндірісіне қабылданды. Құқық қорғау және арнайы органдардың тәжірибелі қызметкерлері жұмылдырылып, ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Тергеу шаралары аясында жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілетін болады.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында улану салдарынан бір бала қайтыс болды, тағы алтауы жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тергеу нәтижесінде жауапты тұлғалар анықталып, қатаң жазаланатынын ескертті. Мекеме директорының міндетін атқарушы қызметінен босатылды.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
Қарағанды облысы