Қытайдың Чэнду қаласында өтіп жатқан жазғы Универсиаданың үшінші жарыс күнінде ел қоржынына алғашқы алтын медаль түсті.
Таэквондо спортынан халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген 19 жастағы Рита Бәкішева дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы атанды. 46 кило салмақта өнер көрсеткен отандасымыз іріктеу кезеңінде қарсыластарын оп-оңай тізе бүктіріп, финалда 2022 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері қытайлық Тайпей өкілі Хуань Инь Суаньмен шеберлік байқасты. Аса тартысты өткен кездесуде жерлесіміз мықтылығын дәлелдеп, Универсиаданың бас жүлдесін олжалады.
Сондай-ақ гимнаст Эльжана Таниева екі бағдарлама бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Лентамен жаттығу сайысында бақ сынап отандасымыз Мажарстан мен Украина қыздарына жол беріп, қола жүлдегер атанса, доппен жекелей сындағы жаттығуда тек Мажарстан өкілін алға жіберіп, күміс медальді мойнында жарқыратты. Қола жүлде Болгария спортшысына бұйырды. Сонымен қатар садақ ату сайысында сынға түскен Диана Тұрсынбек те ел қоржынына кезекті күміс медальді салды. Ал дзюдошы Бекарыс Сәдуақас студенттер бәсекесінің қола жүлдесіне ие болды.
Еліміз құрамасы жалпыкомандалық есепте 1 алтын, 5 күміс және 5 қола медальмен 10-орында келеді.