• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 02 Тамыз, 2023

Корея медицинасы – Жетісуда

263 рет
көрсетілді

Қиын-қыстау заманда жетісулықтар корей халқын бауырына басса, бүгінде олар медицина саласында отандық дәрігерлермен тәжірибесін бөлісіп келеді. Бұл игілікті іс Жетісу жерінде жылда қайталанып, тұрғындар үшін үлкен көмек болып отыр. Осы ретте Оңтүстік Корея мамандары Талдықорғанға келіп, 33 операция жасады.

Оңтүстік Корея елінің медицинасы әлемнің үздік емдеу орталықтарына жатады. Сондықтан дәстүрлі түрде бір топ білікті дәрігер жылда Талдықорғанға келіп, мамандарға кеңес береді. Бұған қоса әртүрлі операция жасап, сыр­қаттардың жайына үңіледі. Алыс­тағы тұрғындарды қабылдап, ем-дом шарасын ұйымдастырады.

Облыстық Денсаулық сақтау бас­қар­масының мәліметінше, бұл – Хёндэ госпиталі дәрігерлерінің Жетісу өңіріне осымен төртінші рет келуі. Госпиталь директоры Ким Бу Соп бастаған мамандар бес күн ішінде мыңнан аса тұрғынды тексеруден өткізіп, травматология мен хирургия бағытында 33 операция жасады.

Хёндэ госпиталының директоры Ким Бу Соптың айтуынша, арнайы топ құрамында госпитальдің және «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығының нейрохирург, хирург, терапевт, хирург-травматолог және шұғыл медициналық көмек көрсететін 50 шақты маманы бар. Олар мұндай қайы­­рымдылық акциясын жылда өткі­зе­­тінін айтады.

«1930 жылдары Қазақстанға жер аударылып келген корей халқына аштық кезінде қазақтар үлкен көмек көрсетті. Қазақтарға алғыс білдіру, екі ел арасындағы достықты нығайту үшін біз жыл сайын келіп, дәрігерлермен тәжірибе алмасып, тегін тексерулер мен операциялар жасаймыз», деді гос­питаль директоры.

Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылы облыс әкімдігі, Қазақстан халықтары ассамблеясы және Қазақстандағы корей халқы қауымдастығы бірле­сіп Хёнде госпиталімен Жетісу өңірінің тұрғындарын жыл сайын медициналық тегін тексеруден өткізу туралы меморандумға қол қойған еді. Меморандумға қол қойылған сәттен бастап шетелдік мамандар тізе, жамбас және басқа буындарды ауыстыру бойынша 50-ден аса операция жасады. Сонымен қатар Хёндэ клиникасының есебінен еліміздің дәрігерлері Оңтүстік Кореяда білім алып жатыр.

Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының директоры Асқар Са­дықов корей елінің дәрігерлері трав­ма­тологиялық, хирургиялық операциялар жасаумен қатар, тәжірибе алма­сып, жаңа дәрі-дәрмектер мен меди­циналық жабдықтарды енгізу тура­лы ақпаратпен алмасып отыратынын айтты.

«2018 жылдан бастап біздің бірқа­тар қызметкеріміз және бірнеше аудан­дық ауруханалардың мамандары Хёндэ госпиталінде біліктілікті арттыру курс­тарына қатысты. 4 жылдан бері мамандар еріктілермен, жетекші профессорлармен және клиниканың директорымен бірлесіп біздің ауруханаға келіп, консультациялық-диагностикалық кө­­мек көрсетіп келеді. Сондай-ақ бір­қатар хирургия және травматология саласы бойынша операция жасалды», деді А.Садықов.

Осы сапар аясында Жетісу облы­сы­ның әкімдігі мен Корея Респуб­ликасы Хёндэ госпиталі және «Чунг-Анг» университетінің медициналық орталығы халық денсаулығын жақсарту, екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойды. Меморандум негізінде екі елдің мамандары травматология, хирургия және радиология салалары бойынша бірлесе жұмыс атқарады.