Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен «Бөл, тапсыр, қайта өңде!» жобасы аясында сенбілік өткен еді. Сенбілікке қатысқан еріктілер 30 қаптан аса қоқыс жинаған.
Өкінішке қарай, Қарағанды – Теміртау тасжолының бойы және іргесіндегі орман алқабы қоқысқа толған. Мұнда қала тұрғындары келіп, демалыс өткізеді. Бірақ өздерімен бірге қоқыс қалдығын ала кетуді әдетке айналдырмай, табиғатты аялай алмай отыр. «Қоқыс әртүрлі қапқа сұрыпталды. 14 қап – пластик, 3 қап – металл бұйымдар, 6 қап – шыны, 4 қап – қағаз, 4 қабы аралас қоқыс шықты. Мұның бәрі бірден қайта өңдеуге жіберілді», дейді ұйымдастырушылар.
Акцияға қатысушыларға қажетті құрал-жабдықтар мен жүк тиейтін көлікті басқарма басшылығы қамтамасыз етті. Сондай-ақ акция соңында ұйымдастырушылар сенбілікке қатысқандарға табиғат аясында дастарқан жайды.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»