2022 жылы мемлекетіміздің тарихи бетбұрыс жасағаны әмбеге аян. Сол кезде әділетті, шын мәніндегі Жаңа Қазақстанды құру идеясы туындады. Мемлекет пен қарапайым халық үшін аса маңызды бұл құжаттың бастауында – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тұр.
Әділ мемлекет – әділетті экономика – әділ қоғам – өзара байланысты негізгі үш қағида. Осы үш постулат мақсатқа жетуде ерекше маңызға ие. Өйткені мемлекет тиімді басқарылмаса, әділ экономика құру мүмкін емес, ал ол болмаған жағдайда қоғамның өзі әділетті бола алмайды. Ендеше, бүгінде, еліміз дамудың стратегиялық бағытының жаңа кезеңі алдында тұрғанда маңызды рөл аталған қағидалардың біріншісіне тиесілі екені даусыз. Біздің ойымызша, әділетті мемлекеттік құрылымды қабылдау азаматтардың мемлекетке және оның институттарына сенімі негізінде ғана мүмкін болады.
Егер біз бұрын имидждік жобаларға, ситуациялық шешімдерге, мемлекеттік қызметкерлерден тұратын тиімділігі жоғары кәсіби аппаратқа және мемлекеттік әкімшілік басқарудың басқа да шығындарына сүйенсек, енді басынан бастап айналысуға тиіс іспен шұғылдануымыз керек. Бізге халыққа қажет жобалар керек, азаматтармен ашық және тұрақты диалог құрып, белгілі бір аумақтың нақты мәселелерін білу қажет. Заң үстемдігі орнап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нақты жүйесі пайда болып, азаматтардың конституциялық құқықтары сақталуы тиіс. Осының барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізі, мұның бәрі олардың әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруына, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға және әртүрлі салалардағы халықаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастыққа белсенді қатысуы үшін қажет.
Елдің саяси жаңғыруы осы алшақтықты қысқартуға және жоюға бағытталған, сондықтан ол қайтымсыз және барлық салаларда нақты шараларды талап етеді. Ол биліктің барлық саласында тепе-теңдігі сақталған, тұрақты дамып келе жатқан мемлекеттің негізін қалау үшін керек. Әділетті мемлекет құру – жаңа Қазақстанды дамытудың стратегиялық мақсаты ретінде – қазіргі заң жүйесі халық пен биліктің ұстанымдарын біріктіру негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік беруін талап етеді.
Бұл жерде аумақтық құрылымы, халқының саны, табиғи ресурстарының болуы және т.б жағынан бізге жақын елдердің тәжірибесіне жүгіну қателік емес. Біріккен Араб Әмірліктерін де балама деп санауға болады. БАӘ мемлекеттік басқаруы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын индикативті жоспарлауға негізделген, оның басты көрсеткіштерін анықтайтын «2021 көрінісі» деп аталатын негізгі стратегиялық бағдарламалық құжат. Құжат экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы тұрақты және бірқалыпты дамытуға бағытталған. Бұл бағдарлама аясында БАӘ «білімге негізделген жоғары өнімді экономика» құруды мақсат етеді. Тұрақты және әртараптандырылған экономикаға көшу болашақта мұнайға тәуелді болмайтын жағдай туа қалғанда ел үшін тұрақты дамудың ең сенімді жолы. Бұл біздің энергиямызды ұзақ мерзімді бәсекелестікке шыдас беретін салалар мен қызметтерге бағыттау мақсатында жаңа стратегиялық секторларға кеңейту дегенді білдіреді».
БАӘ-нің «2021 көрінісі» бағдарламасының алты стратегиялық бағыты бар: біртұтас қоғам және бірегейлікті сақтау, қауіпсіз, ашық және әділ сот жүйесі, бәсекеге қабілетті экономика, бірінші дәрежелі білім беру жүйесі, әлемдік деңгейдегі денсаулық, қоршаған ортаның тұрақты дамуы сияқты міндеттер. Осы стратегиялық бағыттардың әрқайсысы нысаналы индикаторларға, аралық көрсеткіштерге және олардың даму динамикасына ие. Бұларға нақты бір мемлекеттік орган жауап береді. Жалпы, бағдарлама 51 индикаторды қамтиды. Көптеген көрсеткіштер «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» индекстерімен тікелей байланысты. Тиісті саясатты әзірлеуді және бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінің өсуін ынталандыруға және оларға қолжеткізуді бақылауға бағытталған процедуралар жүргізуді бәсекеге қабілеттілік жөніндегі федералды кеңес жүзеге асырады. Осы мақсатқа жету және мақсатты индикаторларға қолжеткізу жұмыстарын бақылауды қамтамасыз ету үшін федералды үкімет үш жылдық кезеңге арналған стратегиялық жоспарлар әзірлеп жатыр.
Қазір Қазақстанда Мемлекет басшысы мен биліктің жекелеген салалары арасындағы қарым-қатынас жүйесінде ауытқу бар. Оны барлық қоғамдық-саяси күштердегідей бір деңгейде жою керек, өйткені ол – ел президентіне жүктелетін мәселелерге жауап береді. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының сақталуының шынайы кепілі – Конституциялық сот болуы керек.
Жергілікті муниципалды басқару жүйесі де өзгеруі тиіс. Оны жергілікті билікті әкімдердің қолына беру арқылы емес, әкімдер мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаудың жетілдірілген жүйесін жасау арқылы жаңғырту керек. Бұл процестер қоғамды демократияландырудың – тың механизмі. Жалпы, еліміздегі саяси жаңғыртудың маңызды міндеттерінің бірі – жаңа сайлау мәдениетін қалыптастыру. Атап айтқанда, ұнамсыз саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстарды кемсітпей, салауатты саяси бәсекелестік принциптерін қамтамасыз ету.
Қазіргі уақытта елдің әкімшілік тұрғыдан бөлінісін нақтылау қажеттілігі туындап отыр. Кең байтақ Қазақстан жерінде облыс деңгейінде болсын, аймақтардың өзінде болсын, әкімшілік орталықтардың қысқаруы – үлкен қателік. Мұндай қадамдардың әділетті мемлекетке апарар жол деп қабылдануы екіталай, оған өз тәжірибеміз дәлел. Шындығында, Көкшетау, Семей, Торғай, Талдықорған облыстары сияқты облыстық құрамалардың жабылуы көптеген аудандардың облыстарға бірігуі неге әкелді? Мәселен, Ақтөбе облысын алайық. Мұндай өзгеріс нәтижесіне әлеуметтік сала айтарлықтай нашарлап, инфрақұрылым нысандары істен шығып, кадрлар әлеуеті азайып, халықтың қалаларға көшуі үдей түсті деп айта аламын. Бұл онсыз да оң үрдіс, алайда ол мұндай шаралармен қатар жүрмеуі керек. Бізге ауылдың тыныс-тіршілігін көтеру, онда шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа заманауи білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу қажет. Біз сол кезде Ақтөбе облысында таратамыз деп жоспарлаған төрт ауданның екеуін сақтап қалдық. Осы орайда, еліміздің Абай, Жетісу, Ұлытау сияқты жойылған өңірлерін қайта жаңғырту – стратегиялық тұрғыдан дұрыс шешім екенін айтпай кетуге болмайды. Бұл әкімшілік реформадағы өте маңызды қадам. Ол биліктің әкімшілік вертикалын оңтайландырып қана қоймай, осы өңір тұрғындарының тілегін толық қанағаттандырады. Қазақстанның әкімшілік-аумақтық моделін өзгертудегі келесі қисынды қадам – орталығы Арқалық қаласы саналатын тарихи Торғай облысының қайта жандануы деп ойлаймын.
Сондай-ақ азаматтардың өмірін жақсартуға және нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижелерге қолжеткізуге бағытталған барлық мемлекеттік стратегияларды, өңірлік бағдарламалар мен салалық жоспарларды әзірлеудің негізі де осы болуы тиіс. Құқықтық және құқық қорғау қызметі, азаматтардың қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттің аумақтық тұтастығын қорғау салаларындағы сапалы қайта құрулардың негізінде саяси жаңғырту аясындағы дәл осындай көзқарастар жатыр.
Бұл қиын да құрметті миссия көбіне үкіметке жүктеледі. Әлемнің барлық мемлекетінің Үкіметі тарихты жасауға басқаларға қарағанда көбірек ықпал етеді. Бұған әр елде мысал жеткілікті, бірақ өзі билік еткен уақыт пен заманадан атақ-даңқы асып түскен қайраткерлер де бар. Ұлыбританияда Сэр Уинстон Черчилль мен Маргарет Тэтчер, Сингапурда Ли Куан Ю, Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед ибн Рашид Әл Мактум дегендей... Бұл тізімді әрі қарай жалғастыруға болады, ең бастысы, бұл есімдердің әрқайсысының артында бүтін бір мемлекет тұр және олар экономикасы ең ірі, гүлденген елдер қатарында. Оларда саяси жүйе өздігінен идеологиялық артықшылықтың үлгісі емес. Шынтуайтында, ол бар болғаны мемлекеттік құрылымның қалыптасқан басқару жүйесі және сан алуан көзқарастар мен ежелден келе жатқан ұлттық дәстүрлердің бейнесі бола алады. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі Ресейден де, Қазақстаннан да, Беларусь пен Украинадан да, сондай-ақ ТМД-ның басқа елдерінен үкіметтердің ерекше баға алып, халықтың лайықты құрметіне ие болған тиімді қызметінің мысалын таба алмаймыз.
Жаңа Қазақстанды құрудың жалпы бағыттарын Мемлекет басшысы 2022 жылғы сайлауалды бағдарламасында айқындап берді. Одан бері де Үкіметтің кеңейтілген мәжілістерінде, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырыстарында сөйлеген сөздерінде, Қазақстан халқына Жолдауында және жақында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында жан-жақты айтылып келеді. Бірақ, ел болашағының негізгі идеялары мемлекет ішінде де, шет елдерде де қоғамдық құндылыққа айналып үлгерді дей аламыз. Бұл біздің сыртқы серіктестерімізге біз туралы шешім қабылдау үшін және ең бастысы, олардың біздің кім екенімізді біліп, еліміздің имиджіне нұқсан келмеуіне ықпал ететін өте маңызды ақпарат. Ал әртүрлі қызмет түрлерімен айналысатын ішкі субъектілер мен қарапайым азаматтар имиджге нұсқан келгенін көрсе, мемлекеттік жүйенің барлық институттарына деген сенімін толық жоғалтуы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін, мәңгі бақи жақсы өмірді күту деген сезімнен арылу үшін әділетті Қазақстанға қарай қадам басу жолдарына назар аудару керек. Бұл біздің әрқайсымыздың міндетіміз.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері