Алматыда ардагерлер арасында дзюдодан өткен ел чемпионатында балқаштық Өмірғали Мұхаметжанов чемпион атанды.
Ардагер үш қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, Әбу-Дабиде өтетін әлем чемпионатына жолдама алды.
– 14 жасымнан спортпен шұғылданамын. Әуелі самбодан бастадым. Қазір қарап отырсам, күрестің төрт түрінен норматив орындаппын. Жаттықтырушы болғандықтан, әуелі өзім үлгі болуым керек. Алдағы әлем чемпионатына дайындығым жақсы. Ол жақтан да жеңіспен ораламын деп ойлаймын, – дейді балуан.
Сонымен қатар, спортшы тек күрес түрлерінен ғана емес, жүзуден, кір тасын көтеруден алдына жан салмайды. Әрі аталған спорт түрлерінен де чемпион атанған. Одан бөлек, белтемірге де тартылып, стандарттарды еш қиындықсыз орындайды. Балқаштық балуан әлі бабында. Бұйырса, Әбу-Дабиден алтын медаль әкелуге үмітті.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»