Жақында Теміртауды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған негізгі желінің құбыры жарылып, бүтін бір шаһар сусыз қалған еді. Жасыратыны жоқ, кейіні уақытта су құбыры тозып, апат жиілеп тұр. Бір жылдың ішінде 500-ден аса апат орын алыпты. Қарағандыдан тартылған каналдың 90 пайызының тозығы әбден жеткен. Қазір қала басшылығы құбырдың шіріген бөліктерін алмастырып жатыр. Жұмысқа ширап кірісті. Су да тұрғындарға кестемен беріле бастады.
Бұл канал 1981 жылы іске қосылған. Содан бері жөндеу көрмеген. Жергілікті билік өкілдерінің сөзі – бұл. Талап бойынша, желі әр 10 жылда жаңартылуы керек-тін. Бірақ пайдалануға берілгеннен бері ешқандай жөндеу көрмеген. Шіріп, әбден тозығы жетіп тұр. Бір жылда 500-ден аса апат болыпты. Сала мамандары «Желі толығымен жаңартылмаса, апат жыл сайын, бірінен соң бірі қайталана беретінін» алға тартып отыр. Ал тұтастай жаңартуға шамамен 10 млрд теңгеден аса қаражат қажет. Биыл 5 шақырымы жаңартылады. Мұның өзіне 555 млн теңге бөлініпті. Ендігі шаруаға жауаптылар құбыр желілерін жеделдетіп жаңартып, күзге дейін үлгеруі керек.
– Теміртау үш көзден сумен қамтамасыз етіледі, оның негізгісі – Қарағанды-Теміртау су құбыры. Бүгінгі таңда ол өзінің нормативтік қызмет мерзімінен екі рет асып түскен. Күрделі жөндеу мүлдем болмаған. Біз инженерлік желілердің жағдайына байланысты суды үздіксіз бере алмаймыз, сондықтан шектеулер енгізіп, кесте бойынша беруге мәжбүрміз. Шағым өте көп. Қала тұрғындарына жағдайдың себептері туралы хабарладық. Қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Жұмысты ширатып жатырмыз, дейді қала әкімі Ораз Тәуірбеков.
Қазір конкурстық рәсімдер аяқталуда. Егер бәрі ойдағыдай болса, тамыздың бірінші онкүндігінде су құбырындағы негізгі жұмыстар басталады. Бірақ «Оқжетпес-Т» ЖШС мердігерді күтпей, апатты учаскелерді өз күшімен ауыстыруға кірісіп кетті. Өйткені уақыт оздырып алмау қажет.
– Биыл біз негізгі жұмыстарды тамыз және қыркүйек айларында орындаймыз. Біз қалаға судың келуін тұрақтандырамыз және кесте бойынша су беруден арылуға тырысамыз. Мәселені толығымен шешу үшін 27 шақырымды қайта құру арқылы қалпына келтіреміз. Енді біз жобалаушымен келісімшарт жасасамыз, содан кейін ол жобалық жұмыстарға кірісуі керек. Жобада айдау стансасын да қарастыру қажет, деп атап өтті шаһар басшысы.
Апаттан кейін Теміртауға ауыз су кестемен, таңертең және кешке беріліп отыр. «Берілгеннің өзінде сыздықтап ағады. Таң атпай бөшкелер мен құтыларға су толтырып әлекпіз. Ал шомылу үшін маңайдағы жағажайға тартамыз», дейді қала тұрғыны Дарья Винокурова. Мұның өз себебі бар, қосалқы резервуарда қажетті деңгейде су жиналмайды. Мысалы, бір резервуардағы тіршілік нәрінің деңгейі қалыпты жағдайда 4 метрге жетуі керек. Төтенше жағдайдан кейін 2 метрге көтерудің өзі үлкен күшті қажет етеді.
Сәтбаев каналынан бөлек, теміртаулықтарға тіршілік нәрі қала іргесіндегі су қоймасынан беріледі. Мұнда да мынадай мәселе бар: су қорының басым бөлігі металлургиялық комбинатқа жұмсалады.
Өмірлік маңызы бар су құбыры 2015 жылға дейін сол «АрселлорМитталТеміртау» компаниясының иелігінде болыпты. Ал өңірдегі алып өндіріс компаниясы 35 жыл ішінде желіні жаңартқысы келмеген сыңайлы. 2015 жылдан кейін су арнасы қала әкімдігінің еншісіне өткен. Міне, содан бері де сегіз жыл сырғып өтті. Апат алқымнан ала бергеннен кейін ғана қозғалыс бар, жұмыс қолға алынды.
Биылғы міндет – апат жиіліген 5 шақырымдық желіні жаңарту. Ақауды жою үшін темірбетон, болат және шойыннан жасалаған әртүрлі диаметрдегі құрылыс материалдары төселуде. Ал келер жылы ұзындығы 27 шақырым болатын Қарағанды-Теміртау су құбырын қайта жаңғырту көзделіп отыр.
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»