Климат өзгеріп, күн райы жылдан-жылға құбылып барады. Содан ба екен, күн де ерекше ысып, көп жерлерде құрғақшылық орын алып жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен әр аймақта өрт шығып, орман-тоғайды қызыл жалын шарпып кетіп жатыр. Бұдан адамдар да, ну орманды мекендеген аң-құс та жапа шегетіні анық.
Шымкентте жылда жаздың күндері күн қатты ыстық болады. Елдің оңтүстігіндегі шаһар тұрғындары үшін бұл құбылыс тосын жағдай емес, әрине. Дегенмен құрғақшылықтың салдары қалаға да кері әсерін тигізіп үлгерген-ді. Соның кесірінен мегаполистің әсем де көрікті жерлерінің бірі А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың ішіндегі ағаш-талдар сарғайып, қурай бастаған еді. Тіпті өткен жылы күннің ыстығынан қайта-қайта өрт шығып, төтенше жағдай орын алған. Абырой болғанда қызыл жалынды мамандар, саябақ қызметкерлері жабылып жүріп сөндіріп отырды. Дендросаябаққа келетін ағын су мөлшері де азайып кеткендіктен, тиісті басқарма өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеп, сирек кездесетін ағаш-талдарды қуратып алмаудың алдын алу үшін су тасығыш көліктерді жалдап, көк желекті қолмен суарды.
Дендросаябақ – шаһардың ең сүйікті тынығу аймағы. Күннің аптап ыстығында қала тұрғындары да, қонақтар да осында келіп, серуендеп, тал көлеңкесін саялайды. Кезінде облысты басқарған мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен салынған дендросаябақты жасыл желегімен айналаны көмкеріп тұрған қаланың нағыз «өкпесі» деуге болады. Сонымен бірге күн сайын таңертең денсаулығына бейжай қарамайтын шымкенттіктер кәрі-жасына қарамай саябақта дене шынықтырумен айналысады. Гимнастика мен әртүрлі спорттық жаттығу жасайды. Оның ішінде скандинавиялық жүру тәсілі бар. Осыдан біраз уақыт бұрын дендросаябаққа ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізіліп, іші біраз абаттандырылып, көркейтілген болатын. Соның аясында заманауи велосипед жолағы салынып, орындықтар жаңаланды, көп жерлерге диодты жарықшамдар орнатылды. Әсіресе бұл өсімдік әлеміне қызығатын жас ғалымдар мен мектеп оқушыларының және жоғары оқу орындарының студенттері үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуіне таптырмас орын саналады. Өйткені мұнда әлемнің төрт бұрышында өсетін және сирек кездесетін талдар өседі. Ал оларды шетелдерден әкеліп, еліміздің оңтүстік өңірінде жерсіндіруге отандық ғалымдар көп еңбек сіңіргенін ұмытпаған ләзім.
Міне, осындай қазыналы мекенді бастапқы күйіндей сақтап қалу қала әкімдігінің алдында тұрған басты міндетке айналды. Сөйтіп, бірінші кезекте шаһардың ирригациялық жүйелерін қалпына келтіруге кірісті. Сонау Бадам су қоймасынан тікелей дендросаябаққа ағып келетін ұзындығы 23 шақырымдық үлкен каналды жөндеп, қалпына келтірді. Соның нәтижесінде биыл саябақ ішіндегі жап-жасыл көл суының деңгейі төмен тартып, азайып қалмады. Бәрінен бұрын айдын көлдің бетінде жүзген қос аққуларға рақат болды. Адамдар да әр келген сайын махабаттың символы сыңсыған аққуларды көріп қуанып, тұла-бойды билеген нәзік сезімнің шырмауында қалады. Бұдан бөлек, әкімдіктің қолға алған жұмыстары арқылы саябақ ішінен 4 ұңғыма қазылды. Туған қаласы Шымкентке жаны ашитын қалталы азаматтар да осы арадан табылып жатты. Осындай демеушілердің есебінен суару жұмыстарына 4 техника жұмылдырылды. Оларға қосымша 20 адам көмекке келіп, қол жәрдемін берді.
А.Асқаров атындағы Шымкент дендрологиялық саябағы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына қарайды. Аталған мекеме мамандарының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда бір су ұңғымасы іске қосылып, саябақтың Тұлпар аймағындағы ну ағаштар суарылып жатыр. Алдағы күндері саябақ аумағынан қазылған тағы 2 ұңғыма пайдалануға беріледі деп отыр. Ал дендросаябақтағы ғылыми қызметкерлер орман ағаштарының саялы болып жайқалып өсуіне бар жағдайды жасап отыр. Ол үшін қалалық әкімдік мамандарға қажетті барлық мүмкіндікті қарастырып беріп жатыр. Осылайша, ерекше қорғалатын табиғи аймақ мегаполис тұрғындары мен қонақтарының игілігі үшін әрдайым қызмет ете бермек.