Нұра өзенінен табылған сынап су жағасындағы жұртқа үлкен сынақ болып тұр. Бұл жолы экологтер сынапты ана сүтінен тапқан. Әңгімені әріден қозғасақ, 1978 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Нұра өзенін «әлемдегі ең ластанған су айдыны» деп тапқан болатын. Тіпті өзеннің төменгі жағында орналасқан елді мекендер, ауыл шаруашылығы жерлері, ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған кезеңде болған. Содан бері, міне, өзен жағасындағы жұрт сынабы бар суды ішуге, оны шаруашылыққа пайдалануға мәжбүр.
Сала мамандары сынапқа салғырт қарамауды қатты ескертеді. Зияны сол, адамның жүйке талшықтарын тікелей зақымдайды екен. Мұның, әсіресе әйелдер мен балалардың денсаулығына қаупі аса зор. Балалардың ақыл-ойын тежейтінін және айтады.
– Қазақстанның Ұлттық гидрометеорологиялық қызметі 2019 жылы және одан кейінгі жылдары да өзенде сынаптың көбейіп кеткенін ресми хабарлады. Суды адам ішеді. Сынап қазір адам шашы мен ана сүтінің құрамында да бар екенін анықтадық. Нұраның суымен тұрғындар жазда бау-бақшасын суғарады, төрт түлік малы да сол суды ішеді. Өзеннен балық аулап жейтін жұрт бар. Желіде де дабыл қағып жатырмыз. Үкімет бұл мәселеге шындап назар аударуға тиіс. Әйтпесе, тек жергілікті билік шеше салатын дүние емес екеніне көзіміз анық жетіп отыр, дейді эколог Дмитрий Калмыков.
Өзен маңында тұратын жұртшылық бұл мәселені ашық айтудан шаршап, тіпті биліктің қайран қыларынан күдер үзген. Жағдайы келгендер бұл маңнан көшіп те жатыр. Мамандардың мәліметіне сүйенсек, өзенде ескі коллектор бар көрінеді. Коллектор – кәдімгі қажет суды қабылдап, сыртқа бағыттайтын арнайы құбыр. Көп жылдар топырақ астында сіңіп қалған сынап осы коллектор арқылы өзенге құйылып тұрған. Облыстық Экология департаменті Нұра өзеніндегі мәселені шешу үшін коллекторды алып тастау керек екен айтады. Яғни бұл мәселе Үкімет деңгейінде қаралу қажет деген тоқтамда.
Иә, «Нұраға сынап қайдан келді?» деген сұрақ заңды. Кеше Кеңес өкіметі кезінде Теміртау қаласындағы «Карбид» химиялық зауыты Нұра өзеніне тонналап сынап төгіп, оны ластап тастаған-тын. Синтетикалық каучук өндіретін бұл зауыт жұмыс істеген 47 жыл ішінде өзенге 1 500 тоннадан аса сынап шөгіндісін қалдырған. Сынапты каучук өндірісінде химиялық реакцияның катализаторы ретінде пайдаланған. Ол кезде жұрттың денсаулығын қадағалаған кеңестік денсаулық сақтау мекемелері мұндағы елдің амандығын анық «елемеген» екен.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, Үкімет мәселеге мән беріпті. Нұра өзенін сынаптан тазарту үшін халықаралық банктен 130 млн доллар қаражат алған. Өзенді экологиялық тазарту кезінде 3 млн текше метр қалдық шығарылып, арнайы полигонға көмілген. Бірақ нәтиже жоқ.
2013-2014 жылдары жергілікті экологтер прагалық «Арника» қоғамдық бірлестігімен бірігіп, Нұраның бойында зерттеу жұмыстарын қайта жүргізді. Зерттеу нәтижесі сынаптан өзеннің жағасы ғана тазарғанын, ал су түбіне тазарту жұмыстары жасалмағанын айғақтады. Сарапшының айтуынша, өзен суы мен топырағынан алынған сынамаларды Прагадағы химиялық технологиялар институты талдаған. Зерттеу нәтижесі өзен түбіндегі құм мен алты түрлі топырақ сынамасынан сынаптың жоғары мөлшері (10 мг/кг) анықталғанын көрсеткен. Ең жоғары көрсеткіш (177 мг/кг) зауыттың төменгі жағындағы Қызыл жартас маңында тіркелген. Осылайша, өзеннің өн бойында сынап деңгейі айтарлықтай артып отыр. Мұның кесірі, әрине, жергілікті халыққа тиіп отыр.
– Су алсақ, одан қоймалжың зат көреміз кейде. Бізді қойшы, балаларымыз бар емес пе? Олардың болашағына алаңдаймын. Туған жерден қоныс аудара салу оңай шаруа емес, – дейді аты-жөнін атамауды сұраған Тегісжол ауылының тұрғыны.
Қазір Нұраға тонналап сынап төккен химиялық зауыттың орнында Теміртау металлургиялық комбинаты жұмыс істеп тұр. Бұл комбинат коллектордың орнына жаңа тазарту қондырғысын орнатуды көздейді. Алайда ресми билік кәсіпорынның қалдық суын қайда төгетіні жөнінде нақты рұқсат бермей отыр.
Өзені де, кезеңі де кірлеген жергілікті жұртшылықтың көңілі осылайша күпті...
Қасымхан ҒАЛЫМ,«Egemen Qazaqstan»