Елімізде 10 тамызда қазақтың ақыны, ағартушысы, философ Абай Құнанбайұлының туған күні атап өтіледі. Ұлы қайраткердің 178 жылдығы аясында Астанада оның шығармашылығы мен еңбектеріне арналған ондаған іс-шара өткізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
10 тамыз күні таңертең өтетін Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі Астанада мерекенің бастамасы болмақ. Сағат 10:00-де Журналистер аллеясында «Алдымда ақын Абай - Темірқазық!» әдеби кездесу өтеді.
Бір сағаттан кейін Ұлттық академиялық кітапханада «Абай әлемі» іс-шарасы ұйымдастырылады. Осы уақытта №5 кітапханада оқырмандар «Абай – жүрек қалауы, даналық белгісі» іс-шарасында бас қосады.
Сол сияқты бұл күні Абай оқуларын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі өткізеді. Сағат 17:00-де «Жастар» театры Абай шығармашылығына арналған әдеби-музыкалық кешке шақырады.
Бұл күні Ақкөл қаласындағы «Арман Боровичок» балалар сауықтыру орталығында «Абай – дана, Абай дара қазақта» поэтикалық кеші өтеді.
Сонымен қатар 10 тамыз күні әлеуметтік желілерде елордада тұратын барлық этнос өкілдерінің қатысуымен білім беру мекемелері арасында #МенАбайдыоқимын челленджі өтеді.
Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының қиылысындағы алаңда Абайдың 178 жылдығына орай ақынның шығармаларына жазылған күйлер орындалады. Қорғалжын алаңында «Адамзаттың алыбы – хакім Абай!» музыкалық-әдеби кеш өтеді.
Сонымен қатар кешкі сағат 18:00-де М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында «Абайдың соңғы күндері» кино көрсету іс-шарасы ұйымдастырылады.