• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Тамыз, 2023

Қауіп басы – қаперсіздік

256 рет
көрсетілді

Қызылордада суға шомылу маусымы ашылысымен айдын жағалауын бақылап, адамдардың суға кетіп қалмауын қадағалайтын, оқыс оқиғалардың алдын алуға тиісті құрылым мамандары үшін мазасыз тірлік басталады. «Жалақы алып отырған жұмыстары ғой...» деуіңіз мүмкін. Бірақ талай мәрте тұңғиыққа батып бара жатқан жандарды құтқарып қалған бұларға құлақ асатындар аз.

«Жыл басталғалы облыс ау­ма­ғындағы су айдындарында 26 адам қаза болды, олардың 19-ы – ере­сек, жетеуі – бала. Бұл оқи­ғалардың дені қауіпсіздік ере­желерін өрескел бұзудан болып­ отыр», дейді облыстық ТЖД аза­маттық қорғаныс басқармасы бас­ты­ғының міндетін атқарушы Жандос Жүгінісов.

Қаперсіздік дегеннен шығады, оқыс оқиға құрбаны қатарындағы бір бала есік алдындағы арыққа түсіп кетсе, тағы бірі септикке құлап кеткен, Әрине, «Жазым болса, быламыққа да тіс сынатыны» анық. Сонда да ойнап жүрген балаға бақылау жасасақ, мұндай жағдай азаяр еді.

Департамент бастығының бұй­­рығына сәйкес облыстық поли­­ция департаменті, Ұлттық ұлан­­ның 5547 әскери бөлімі, жер­­г­ілікті атқарушы орган, «Қы­зыл­­орда еріктілері» қоғамдық қо­р­ы өкілдері бірлесіп, облыс ау­ма­ғындағы су айдындарында күнделікті рейд жүргізеді. Осы­ға­н дейін 517 рейд өткізіліп, 36 мың­нан астам адамға судағы қауіп­сіздік ережелері бойынша түсін­дірме жұмыстары жүргізіліп, үн­парақтар таратылыпты.

Сырдарияның облыс аума­ғы­мен­­ өтетін бөлігінің ұзындығы ؘ– 1 274 шақырым. Бұған 19 ірі, 220 шағын канал және 201 көл­ді­ қосыңыз. Биылғы жазғы суға шо­­мылу маусымына жедел құт­қа­­ру жасағының жүзу құрал­да­ры, сүң­гуір жарақтары мен жаб­дық­та­­ры 27 сәуір күні дайын­дық­қа­­ келтірілді. Жасақта 69 құт­қа­­­ру­шы, 19 автокөлік, 23 жүзу құ­­ра­­лы, 34 сүңгуір жарағы бар. Ар­­нау­­лы автокөліктер қажетті құт­­қару құрал-жабдықтармен то­лық­­­ жарақтандырылған. Ал оқыс жағ­­­дайды талдаған мамандар көп оқи­­­ға­ның себебі – қауіпсіздік ере­же­­­ле­рін өрескел бұзу екендігін ай­­­та­ды. 

Әрине, аспан айналып жерге түсердей ыстықта ойын баласы тыйымыңды тыңдамайтыны рас. Жыл он екі ай балалар арасында кез­десу өткізетін төтеншеліктер жыл басынан бері 115 740 оқу­шы­ның қатысуымен «Судағы қауіп­сіздік ережелері», «Суда зар­дап шегушілерді құтқару, ал­ғашқы дәрігерге дейінгі меди­ци­на­лық көмек көрсету тәсілдері» та­қы­рыптары бойынша 212 интер­ак­тив­ті сабақ өткізген.

«Облыс су айдындарындағы 63 қауіпті аймаққа 310 ескерту тақтайшасы қойылып, 68 билборд орнатылды. Облыстық полиция департаментімен бірлесіп, суға шомылу маусымы кезеңінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 364-бабына сәйкес 93 адамға ескерту беріліп, 412-бап бойынша бір тұрғынға айыппұл салынды және осы кодекстің 440-бабы бойынша 2625 азаматқа әкімшілік шара қолданылды», дейді Жандос Шайымұлы.

Жалпы, өзендер мен су айды­нын­­да­ғы суға кету жағдайлары әбден сараланып барып, ондағы қауіпті аумақтар белгіленеді. Осы күні 63-ке жетіп отырған осындай орын қатары тағы артуы мүмкін.

Биылғы жаңалық, облыс­ әкі­мі­нің қаулысына сәйкес Шиелі ауданында Ақорда, Сырдария ауданында Қалғандария, Қар­мақшы ауданында Мұратбаев және Қазалы ауданында Қаш­қан су аумақтары коммуналды­ жағажай болып ашыл­ды. Ал 300 мыңға жуық тұр­ғыны бар­ облыс орталығында мау­сым­ бойына 2-ақ жағажай жұ­мыс­ істейді. Қызылордада суға тү­се­­­­тін аумақтарды көбейту, ком­­муналдық жағажай ашу жө­нін­­де айтылып жүргелі біраз жыл болды. Бұл бағытта тиісті орын­­дарға түрлі ұсыныс та бе­ріл­­ген. Бірақ әзірге айтылған сөз­­дің іске айналуы қиын бо­­­лып тұр. Келер жылы қала­ның дәл­ іргесіндегі Эдельвейс сая­жа­йындағы көл осындай жа­­­­ға­­­жайға айналуы мүмкін де­­­­ген үміт бар.

 

Қызылорда