Қызылордада суға шомылу маусымы ашылысымен айдын жағалауын бақылап, адамдардың суға кетіп қалмауын қадағалайтын, оқыс оқиғалардың алдын алуға тиісті құрылым мамандары үшін мазасыз тірлік басталады. «Жалақы алып отырған жұмыстары ғой...» деуіңіз мүмкін. Бірақ талай мәрте тұңғиыққа батып бара жатқан жандарды құтқарып қалған бұларға құлақ асатындар аз.
«Жыл басталғалы облыс аумағындағы су айдындарында 26 адам қаза болды, олардың 19-ы – ересек, жетеуі – бала. Бұл оқиғалардың дені қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзудан болып отыр», дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жандос Жүгінісов.
Қаперсіздік дегеннен шығады, оқыс оқиға құрбаны қатарындағы бір бала есік алдындағы арыққа түсіп кетсе, тағы бірі септикке құлап кеткен, Әрине, «Жазым болса, быламыққа да тіс сынатыны» анық. Сонда да ойнап жүрген балаға бақылау жасасақ, мұндай жағдай азаяр еді.
Департамент бастығының бұйрығына сәйкес облыстық полиция департаменті, Ұлттық ұланның 5547 әскери бөлімі, жергілікті атқарушы орган, «Қызылорда еріктілері» қоғамдық қоры өкілдері бірлесіп, облыс аумағындағы су айдындарында күнделікті рейд жүргізеді. Осыған дейін 517 рейд өткізіліп, 36 мыңнан астам адамға судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, үнпарақтар таратылыпты.
Сырдарияның облыс аумағымен өтетін бөлігінің ұзындығы ؘ– 1 274 шақырым. Бұған 19 ірі, 220 шағын канал және 201 көлді қосыңыз. Биылғы жазғы суға шомылу маусымына жедел құтқару жасағының жүзу құралдары, сүңгуір жарақтары мен жабдықтары 27 сәуір күні дайындыққа келтірілді. Жасақта 69 құтқарушы, 19 автокөлік, 23 жүзу құралы, 34 сүңгуір жарағы бар. Арнаулы автокөліктер қажетті құтқару құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Ал оқыс жағдайды талдаған мамандар көп оқиғаның себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу екендігін айтады.
Әрине, аспан айналып жерге түсердей ыстықта ойын баласы тыйымыңды тыңдамайтыны рас. Жыл он екі ай балалар арасында кездесу өткізетін төтеншеліктер жыл басынан бері 115 740 оқушының қатысуымен «Судағы қауіпсіздік ережелері», «Суда зардап шегушілерді құтқару, алғашқы дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету тәсілдері» тақырыптары бойынша 212 интерактивті сабақ өткізген.
«Облыс су айдындарындағы 63 қауіпті аймаққа 310 ескерту тақтайшасы қойылып, 68 билборд орнатылды. Облыстық полиция департаментімен бірлесіп, суға шомылу маусымы кезеңінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 364-бабына сәйкес 93 адамға ескерту беріліп, 412-бап бойынша бір тұрғынға айыппұл салынды және осы кодекстің 440-бабы бойынша 2625 азаматқа әкімшілік шара қолданылды», дейді Жандос Шайымұлы.
Жалпы, өзендер мен су айдынындағы суға кету жағдайлары әбден сараланып барып, ондағы қауіпті аумақтар белгіленеді. Осы күні 63-ке жетіп отырған осындай орын қатары тағы артуы мүмкін.
Биылғы жаңалық, облыс әкімінің қаулысына сәйкес Шиелі ауданында Ақорда, Сырдария ауданында Қалғандария, Қармақшы ауданында Мұратбаев және Қазалы ауданында Қашқан су аумақтары коммуналды жағажай болып ашылды. Ал 300 мыңға жуық тұрғыны бар облыс орталығында маусым бойына 2-ақ жағажай жұмыс істейді. Қызылордада суға түсетін аумақтарды көбейту, коммуналдық жағажай ашу жөнінде айтылып жүргелі біраз жыл болды. Бұл бағытта тиісті орындарға түрлі ұсыныс та берілген. Бірақ әзірге айтылған сөздің іске айналуы қиын болып тұр. Келер жылы қаланың дәл іргесіндегі Эдельвейс саяжайындағы көл осындай жағажайға айналуы мүмкін деген үміт бар.
Қызылорда