Семей қаласындағы ескі мұсылмандар зиратынан Абайдың ұстазы Риза-ат-дин ибн Уәлидтің бейіті табылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ертіс өзенінің оң жағалауында татар өлкесі мен Шығыс кентінің арасында орналасқан байырғы мұсылман зиратының аумағы 170 мың шаршы метрді құрайды.
Бір жылдай бұрын сол аумаққа зерттеу жүргізуге ұйғарым жасалған еді. Зерттеу жұмыстары барысында Семей тарихи орталық қана емес, діни орталық болғаны да анықталған.
«30-ға жуық діни қайраткерлердің бейіті табылды. Олардың ішінде Абайдың ұстазы Риза-ат-дин ибн Уәлид те болды», деді тарихшы Мадияр Насыров.
Тарихшының айтуынша, Ахмет пен Риза екі түрлі адамдар болып шыққан. Риза 1876 жылы қайтыс болса, Ахмет, кейбір деректер бойынша 1879 жылы көз жұмған екен.