Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Хромтау ауданында ашылған Дөң тау-кен байыту комбинатының шламдарын өңдеумен айналысатын «Қазхром» ТҰК» АҚ бірегей байыту фабрикасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайын хром кенін майдалау процесінде Дөң тау-кен байыту комбинатында шамамен 900 мың тонна шлам жиналады. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 14,5 млн тоннаны құрайтын оның құрамында 35%-ға дейін хром оксиді бар. Озық стандарттар бойынша технологиялық және автоматтандырылған байыту фабрикасы шламдардан гравитациялық әдіспен хром оксидін алуға мүмкіндік береді. Алынған тауар концентратында кем дегенде 48,5% хром оксиді болады. Жалпы жаңа кәсіпорын жұмыс істеп тұрған өндірістердің қалдықтарын және бұрыннан жиналып келген шламды жылына шамамен 1,7 млн тонна көлемінде қайта өңдеп отыруға мүмкіндік береді.
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың айтуынша, зауыт – өндірістің тиімділігін арттыруға және өңірдің экологиялық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бұрыннан жиналған шламдарды қайта өңдеу жөніндегі ауқымды бағдарламаның негізгі жобаларының бірі.
Сонымен қатар Премьер-министр зауыттың жергілікті экологияны жақсаруға айтарлықтай үлес қосатынын атап өтті.
«Бұл жобаның маңызы зор. Ең бастысы – қайта өңдеуден кейін қалдықтардың қоймаларын қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына зиян келтірмейтіндей етіп, барлық экологиялық стандартқа сәйкес қалпына келтіру қажет. Үкімет осы және басқа да шикізатты қайта өңдеу жобаларына жан-жақты қолдау көрсететін болады», деді Әлихан Смайылов.