«Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Мұқаш Ескендіров Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға теміржолды кесіп өтетін ауыр және жеңіл автокөліктердің қатысуымен болып жатқан жол-көлік оқиғаларына қатысты сауал жолдады.
Ол апаттардан ауыр және жеңіл көліктерге, теміржол составтарына тасымалданатын жүктерге келтіріліп жатқан шығындар шаш-етектен екенін айтты. Сондай-ақ депутат жол апатына қатысты деректермен бөлісті.
– Кейінгі үш жылда Б.Момышұлы ауылын екіге бөліп тұрған теміржолдың астында орналасқан өткел маңында болған 12 жол-көлік оқиғасы салдарынан 3 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – материалдық тұрғыда тозығы жетіп, бетон қабырғалары жарылып тұрған теміржолдың астымен өтетін көпірге күрделі жөндеу өткізіп, сол арқылы екі көлік сыятындай етіп кеңейту, – деді депутат сауалында.
Мәжіліс депутаты теміржол мен автомобиль жолдарының қиылысы – теміржол көпірін реттеудің басқа бір оңтайлы әрі көп шығынды қажет етпейтін жолын іздеу заман талабы деп отыр. Ал Роман Скляр жауабында Боранды стансасында 3 441 км пк7-де орналасқан су өткізуге арналған құрылым автокөліктер өту үшін қарастырылмағанын айтты.
– Бұл құрылым арқылы көлік құралдарының өтуі «Көпірлер мен кұбырлар» ғимараттары жуықтау өлшемдерінің талаптарына сәйкес келмейді және құрылымды одан әрі пайдалану пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Өз кезегінде, Бюджет кодексінің 54-бабына сәйкес, облыстық бюджет шығыстары облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттарын көздейді, – деді Р.Скляр.
Вице-премьер аудандық және облыстық маңызы бар қаланың әкімдіктің құзыретіне көлік және инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысын ұйымдастыру және пайдалану кіретінін хабарлады. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органға өз құзыреті шеңберінде Боранды стансасының маңында автокөліктер өту үшін жолды қарастыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырылған.