Жетісуда жол апаты азаймай тұр. Мұны жолдың сапасыздығынан көреміз бе, әлде жүргізушінің салғырттығынан көреміз бе? Қайда барсаң да талқаны шыққан тасжолдар табанына батып, сапарыңның салтанатын бұзады. Жылдар бойы жиналған түйткілдер әлі шешімін табар емес.
Таппайтындай-ақ бар, себебі мердігер компаниялар жолдан үнемдеуді жақсы меңгерген. Әрі күннің ыстығында жалдамалы жұмысшылар жөнді жұмыс істеуге құлықсыз, бір көктемнен кейін төбесі ойылып шыға келеді немесе лай көшкінімен қоса ілесіп, үгітіліп кетеді. Оған дәлел Кербұлақ ауданындағы оқиғалар. Мәселен, көктемде облыс прокуратурасы автомобиль жолын салу кезінде жіберілген бұзушылықтарды анықтаған. Қар суының салдарынан Малайсары стансасына қарай автомобиль жолы жартылай бұзылып, жарамсыз болып қалған. Прокурорлық тексеру нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында заң талаптарының өрескел бұзылғаны дәлелденген. Бастапқыда бұл жұмыстар мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама жүргізбестен мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды. Соның салдарынан су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген, соған сай жұмыс сапасы да сын көтермейді. Қазір соған сай тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны бір – деңіз.
Жақында Сарыбастау ауылының маңындағы жолды су шайып кетті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қарашоқы – Сарыөзек» автожолында жауын-шашынның мол түсуі салдарынан ағын пайда болған. Ол табиғи қуыс жоғарыда аталған автожолға тіреліп, алдын ала ақпарат бойынша 2 жерде орнатылған құбырлы өткелдерді шайып кеткен. Диаметрі 0,75 құбырлы өткелдер су көлеміне төтеп бере алмаған. Әйтеуір жергілікті атқарушы органдар, полиция, төтенше жағдай қызметі жабылып жүріп айналма жол жасаған. Осындай оқиға Алакөлде де болғаны көпке белгілі.
Тас жолдың тура болмауы көлік апатына әкелуі мүмкін. Жүргізуші жылдамдықты межеден асырды деп кінәлағанымызбен, жасалған жолдың сапасыздығы да қайғылы оқиғаларға негіз болған жағдайлар жетерлік. Мәселен, облыс бойынша жол-көлік оқиғасының жалпы саны азайғанына қарамастан, кейбір аудандарда апаттар мен зардап шеккендер саны артып келеді. Деректерді талдау көрсеткіші бойынша биыл тамыз айына дейін 238 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Былтыр осы уақыт шеңберінде 281 апатты жағдай болған еді.
«Ақсу ауданында болған жол-көлік оқиғасының саны өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға өсті. Әсіресе, қаза тапқандар санының 25 пайызға және зардап шеккендердің 157 пайызға артуы алаңдатады. Қаратал ауданында да 20 пайыз өсім байқалады. Көксу ауданындағы жағдай зардап шеккендер санының – 32 пайызға және қаза тапқандар санының күрт өсуі алаңдатып отыр. Бүгінде балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы көп. Барлығы 70 факт тіркелді, онда 8 бала қаза тауып, 84 бала жарақат алған», дейді облыстық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайсар Мұхметов.
Оның айтуынша, жол-көлік оқиғаларында қаза тапқан жаяу жүргіншілер саны да артқан. Шыны керек, жаз бастала қайғылы оқиғаларға күнде куә болып отырмыз. Әсіресе Алакөлге бет алған демалушылар ережені өрескел бұзады. Соның салдарынан апатты оқиғалар азаймай отыр. Талдықорған қаласында мұндай жағдайлардың саны – 21 пайызға, ал қайтыс болған балалардың саны 150 пайызға ұлғайыпты.
«Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың, жүргізушілердің, жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысының барлық қатысушыларының бірлескен күш-жігерін талап етеді. Жол қозғалысы ережелерін сақтау, жауапкершілік пен зейін ЖКО санын азайтуға және жолдарда көптеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Іске құзырлы органдарды немесе тас жолды кінәлауға болмайды, асыққан жолаушының алаңғасарлығы да жатыр», дейді Қ.Мұхметов.
Қараңыз, осы жылы автомобиль көлігінде 33 өрт және 22 жану орын алған. Өрттердің негізгі үлесі жеңіл автокөліктерге тиесілі. Атап айтсақ, биыл 21 жеңіл автокөлік өртеніпті.
«Кейінгі 5 жыл ішінде автокөліктегі өрттер орын алу жиілігі бойынша тұрғын үйлерден кейін екінші орында тұр. Көлік құралдарында өрттің пайда болуының негізгі себептері: автокөлік құралының электр жабдығын орнату және пайдалану қағидаларын бұзу, қозғалтқыш бөліктерін жанғыш материалдармен оқшаулау, мұндай материалдарды радиаторлардың алдындағы кеңістікке орнату, қолдан газ жабдықтарын орнату, электр жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі себеп болып отыр», дейді облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Сергей Огай.
Көлік құралдарындағы өрттердің алдын алу олардың пайда болу себептерін жоюға бағытталуы керек. Осы тұрғыда департаменттің аумақтық бөлімшелері автокөлікте өрттің туындау қаупін азайту шеңберінде жұмыс атқарып келеді.
«Егер көлікте өрт болған жағдайда, бұл туралы дереу 101 нөмірі бойынша өртке қарсы қызметке хабарлау қажет. Орташа алғанда елімізде жыл сайын 2 мыңнан астам өрт тіркеледі. Оның басым бөлігі – автокөлік құралдарынан шығатын өрт», дейді маман.
Айтпақшы, облыс орталығы Талдықорған қаласының ішкі жолы да оңып тұрған жоқ. Негізінде, шаһардағы жол жұмыстарымен онға жуық мердігер компания айналысады. Олар берілген қызметін аяқтаған соң, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мамандары тексеріп, жұмысты қабылдап алады. Атқарылған жұмыстан олқылық шықса, мамандар қабылдамауға құқылы. Бүгінде қаладағы 9 көшеге жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Олардың ішінде «Шайқорған», «Үйтас» саяжайлары бар. Одан бөлек, «Жастар-1», «Солтүстік – Батыс» тұрғын аудандары мен 8-9 шағын ауданда жаңа асфальт төселіп жатыр.
Жалпы, көше жолдарының осындай жағдайға жетуіне көптеген себеп бар. Атап айтсақ, жылыту құбырларының жарылғанда бүтін асфальтті қазуға тура келеді. Сондай кездейсоқ жағдай туғанда «Талдықорғанжылусервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Жап-жаңа асфальт жабындысын қазуына қала әкімдігі амалсыздан рұқсат береді. Дегенмен жарылған құбыр жөнделгенімен тас жол баяғыдай сапалы қалпын сақтап қала алмайды. Соның салдарынан жүргізушілер мен тұрғындар әбігерге түседі.
Ол, ол ма, ауа райының да күрт суып, күрт жылуы жолдың тез ойылуына әкеп соғады. Ал табиғаттың қылығына адамның күші қауқарсыз. Қыстың қақ ортасында жауған нөсер жаңа асфальтты тоңға айналдырып, артынан ұйытқи соққан дауыл жолдың жарылуына апарады. Ал көктем шыға ары-бері заулаған автокөлік жарылған жолды одан әрмен үгітіп, қиыршығын жан-жаққа шашады. Міне, ары қарай жолдың жайы айтпаса да белгілі. Оған үлкен де ауыр КамАЗ секілді салмақты көліктерді қосыңыз. Тіпті ол аз десеңіз сапасыз жұмыстың да шеті шығатыны анық. Қанша мықты дегенімізбен бәрібір түрлі факторлардың әсерінен жол ескіреді. Ал азабын шегетін тағы да қарапайым халық.
Жетісу облысы