12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Ал жас буынды қолдау – мемлекет саясатының бір тармағы. Бұл орайда 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтардың табысты әлеуметтенуі және түрлі шешімді қабылдауға толық қатысуы, рухани, мәдени, білім беру, кәсіби және физикалық тұрғыдан толыққанды дамуы үшін барлық қажетті жағдайды жасау маңызды рөл атқарады. Еліміздегі 6 млн жастың осы бағытта ілгерілеуі үшін қандай іс-шаралар қолға алынған, құқықтық мүмкіндіктер қарастырылған ба?
Қай уақытта болсын, қазақ қоғамы жастарға иек артып, келер ұрпақтың әлеуетіне сенетіні атам заманнан аян. Содан болар ел тәуелсіздігін жариялағалы 32 жылда «Жастар саясаты туралы» Заң бірнеше рет қабылданды. Негізі алғаш егемендік тұсында 1991 жылы 28 маусымда «Қазақ КСР-дегі мемлекеттік жастар саясаты туралы» атауымен бастау алған. Бұл құжат экономиканың бір түрінен екінші түріне көшуді көрсететін нормативтік-құқықтық акт болды.
Кейін араға 8 жыл салып, Жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта келешек азаматтардың адамгершілік рухани дамуы, әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерін жүзеге асыру, зияткерлік және физикалық дамуына жағдай жасау, еңбек, білім және денсаулық сақтау саласындағы құқықтарды қамтамасыз ету, халықаралық мәдени, экономикалық, ғылыми және білім беру үдерістеріне қатысу мәселелеріне басымдық берілді.
Алайда жастарға тың серпін бергені 2004 жылы 7 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңы еді. Өйткені мұнда алғаш рет жастардың жас шегі 14 пен 29 аралығы деп белгіленді. Жаңашыл бастама осы санаттағыларды жеке әлеуметтік демографиялық топқа бөлуге, белгілі бір әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттік кепілдіктер беруге жол ашты. Тек 2015 жылы құжатқа бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
– Сол құжат 18 жыл бойы өзгеріссіз сақталды. Алайда заман талабына сәйкес жаңа заң қажет екені байқалды. Себебі жастардың талабы, өмір сүру деңгейі, көзқарасы уақыт ағынымен өзгерді. Соған сәйкес заңға да жаңашылдықтар керек еді. Осы мақсатта 2022 жылы жастар саясаты туралы заң жаңартылды. Онда жастарды дамыту индексін, жастарға арналған әлеуметтік қызметтерді енгізу, жастармен жұмыс жөніндегі маман, NEET санатындағы жастар ұғымдарын және оның санын азайту үшін іс-шараларды жүзеге асыру жөніндегі мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекіту, сондай-ақ жастар еңбек жасақтарының қызметін жүйелеуді көздеді. Осылайша, биыл 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заң жаңартылып толық күшіне енді. Құжаттың басты жаңалығы 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар қатарына жатқызылды. Бұған қоса сарапшылар мен жұртшылықтың пікірін ескере отырып, жастар өмірінің түрлі салаларында 12 индикаторға қол жеткізуді көздейтін 2023-2029 жылдарға арналған Мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдаманы іске асыру барысында «Жастар» ғылыми зерттеу орталығын бірыңғай республикалық ғылыми-әдістемелік орталық ретінде дербес ұйымға айналдыру мәселесі пысықталды, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.
Сайып келгенде, елімізде «жастарға арналған саясаттан» «жастармен нақты жұмыс істеуге» түбегейлі көшу қажеттігі туындады. Яғни мемлекеттік жастар саясаты объектісінен жастар мемлекеттің негізгі субъектісі мен серіктесі ұстанымдарына ауысатынын білдірді.
– Жастар – мемлекеттік құрылымдағы ең үлкен әлеуметтік топ. Басқаша айтқанда, болашақ демографиялық дивиденд. Бүгінгі жастардың басым бөлігі – тәуелсіз елде дүниеге келгендер. Әдетте, әлеуметтанушылар оларды Y, Z ұрпағы деп те қарастырады. Соңғы Z ұрпақ (1996-2012 жылдар аралығы) саяси және экономикалық тұрақтылық жылдарында дүниеге келгендіктен қоғамдық, саяси, әлеуметтік, медиалық және ақпараттық шынайылыққа әлеуметтенген. Сәйкесінше, бұл олардың құндылықтарына да әсер етеді. Жалпы, жастар мәселесінің бүгінгі таңдағы өзектілігі – осы бағыттағы мемлекет саясатының маңыздылығын, бағдарын айқындап отыр. Бақылап қарасам, бүгінгі жастар қоғамдағы саяси үдерістерге белсене араласа бастады, – деді әлеуметтанушы Алмагүл Мусина.
Бүгінде еліміздегі жастар қауымының үлесі 3,7 миллионнан 6 миллионға көбейді. Демек мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көретіндер саны да артты. Қазір жастардың даму индексі, NEET санатындағы жастар, жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары секілді ұғымдар ресми түрде қолданылып жүр. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған реформалардың бір көрінісі еді.
Қоғамның көкейкесті мәселесіне айналған жастардың жұмыссыздығы осы заң аясында жүйеленіп келеді. Жоғарыда атап өткендей, «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін», «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламаға қазір 35 жасқа дейінгі азаматтар да қатысып жүр. Әсіресе, не еңбек етуге, не оқуға құлқы жоқ NEET жастардың санын мейлінше азайту мақсатында бірқатар іс-шара қабылданды.
– 2023 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша жастар жұмыссыздығының деңгейі 4,1 пайызды құрады. NEET жастарының үлесі – 7,9 пайыз. Өңірлік жастар ресурстық орталықтар құрылымында NEET санатындағы жасты атаулы жұмыс бойынша арнайы бөлімдер құрылды. Сонымен қатар жыл сайын гранттық қаржыландыру шеңберінде NEET жастарын жұмыспен қамту және әлеуметтендіру, кәсіптік бағдар беру жұмысы, жастарды еңбек нарығының қажеттіліктері туралы ақпараттандыру бойынша жобалар іске асырылады. 20 мыңнан астам жастарды, соның ішінде NEET санатындағы жастарды қамти отырып, кәсіби бағдар беру жұмысы бойынша жастарға арналған 100-ден астам онлайн-семинар өткізілді. Тұрақты түрде онлайн және офлайн режімде бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіледі. Жастарды жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыс іздеп жүргендер, жұмыссыздар және азаматтардың жекелеген санаттары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктер бойынша қысқамерзімді оқыту курстарынан, жұмыс орнында оқытудан, «Электрондық еңбек биржасы» базасында онлайн оқытудан өте алады, бизнес идеяларды іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік гранттар мен микрокредиттер алуға, сондай-ақ жастар қатарындағылар өз мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларына қатыса алады. «Жастар практикасы» 6 айдан 12 айға дейін, және «Алғашқы жұмыс орны» 12-ден 18 айға дейін ұзартылды. Бұған қоса аталған жобалардың жалақысы да өсті. Жоғарыда аталған шаралар тұрақты жұмыс орындарына – 107,2 мың азаматтарға өз идеяларын іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру арқылы өз бизнесін ашу үшін жағдайлар жасалған, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Роллан Құспан.
Жастардың тағы бір уайымы – баспана. Өйткені бұл заманда үй алу мен үй салудың машақаты олардың бас ауруына айналды. Талай жастар қаржы жетіспей қиналып, ащы суды ұрттап, қылмысқа да салынып, айырылысып та жатыр. Яғни бір проблеманың ізінше туындап жатқан мәселелер жетерлік. Статистикалық деректерді бағдарласақ, қазақ жастарының тек 18 пайызында жекеменшік үй бар. Елдегі әр төртінші жас жалдамалы пәтерлерді паналап жүр. Ал 52%-ы ата-анасымен бірге тұрады. Түйткілдің түйінін тарқату үшін осы санаттағы азаматтарға арналған «Елорда жастары» мен «Алматы жастары» сынды ипотекалық бағдарламалар 2025 жылға дейін барлық облыста іске қосылмақшы.
– 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылдан 2022 жылға дейін Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша 7 мыңнан астам пәтер берілді. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарға 5 жыл ішінде жеке тұрғын үй сатып алуға бастапқы жарна жинауға жағдай жасау. Өз кезегінде, жалға берілетін тұрғын үй тетігі өз құқықтарына тұрғын үй сатып алу бойынша жеңілдікті бағдарламаларға қатысу үшін өз тұрғын үйін сатып алуға бастапқы жарнаны жинақтауға мүмкіндік береді, «Отбасы банкі» депозитінде бес жылға дейін жинақтауды көздейді. Сонымен бірге «Отбасы банк» әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған «Бақытты отбасы», «Өз үйім», «Шаңырақ», «Әскери баспана», «Жас отбасы» ипотекалық бағдарламаларын іске асырады. Бұған қоса қазіргі кезеңде жастарға қолжетімді тұрғын үй ипотекалық кредит бойынша бір жылдың пайыздық мөлшерлемесі 5 пайыз, бастапқы жарна – 10-нан 20 пайызға дейін, мерзімі 20-25 жылға дейінгі өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 14 өңірде (Алматы, Астана, Шымкент қалаларында және Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Абай, Павлодар, Ұлытау – облыстарында) іске асырып келеді. Жалпы жастар арасындағы суицид, қылмыс, баспанамен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам тармақ барлық деңгейдегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді. Бұған қоса «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес Үкімет «Қазақстан жастары туралы» жыл сайын республикалық деңгейде Ұлттық баяндама әзірлейді. Ұлттық баяндаманың құрылымы жастардың демографиялық сипаттамалары мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын, оның ішінде оның денсаулығын, білімін, құндылық бағдарларын, қызығушылықтары мен бос уақытын қамтиды, – деді Роллан Құспан.
Әйгілі ағылшын премьер-министрі Маргарет Тэтчердің «Мемлекеттің бірінші байлығы – халық. Үкімет тек оның әлеуетін ашуға көмек беруі керек», деген парасатты сөзі бар. Мұнымен Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың ойлары да ұштасады. Бірақ осы әлеуметтік жауапкершілікті сезінбей, мемлекеттің қолдауына еліріп жүрген инфантилді жастарда бар.
– Жалпы, жастарды қолдағанымыз жақсы, десек те, мен үйрену, баулу дұрысырақ дер едім. Өйткені қолдау инфантилизмнің, масылдықтың пайда болуына түрткі болуы мүмкін. Ал жастарға белгілі бір дағдыларды беру, еңбекке баулу олардың азаматтық белсенділігін, жауапкершілігін оятады. Ал мемлекет саясаты туралы ақпаратты дұрыс тарату жергілікті жастар ұйымдары, билік органдарының құзыретінде. Яғни аймақтық деңгейде мемлекеттік жастар саясаты аясында жүзеге асатын жобалар мен бағдарламалар туралы белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Егер жергілікті жерлерде, аймақтарда мұндай жұмыс жүргізілмесе, жастардың нақты қажеттіліктері мен сауалдары жауапсыз қала береді. Бұл тұйық шеңбер іспеттес, наразылық пен қанағатсыздықты өршіте береді, – дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.
Қорыта айтсақ, ұлттың кемел келешегі үшін бүгінгі жас ұрпаққа артылар үміт пен жауапкершілік жоғары. Сондықтан жастардан шынайы патриоттыққа негізделген білім мен біліктілік, креативтілік талап етіледі. Ал мемлекет осы санаттағы азаматтарды қолдап, жастар саясатын жүйелі жүзеге асырса, еліміздің іргетасы мықты қаланатынына сенім бар.