Кейінгі жылдары Қазақстанның таэквондошылары тым сүреңсіз өнер көрсетіп жүргені белгілі. Соңғы екі әлем чемпионатынан олжасыз оралуымыз – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі.
Осы спорт түрінің тізгінін ұстаған азаматтар содан тиісті қорытынды шығарып, жаңа бастамаларды қолға алды. Атап айтсақ, қыркүйек айында Қытайда алауы тұтанатын Азия ойындары қарсаңында олар Оңтүстік Кореядан келген маман Ким Кванг Судың көмегіне жүгінуді жөн көрді. Ол – тәжірибелі және білікті маман. Кезінде Чунчон қаласының құрама командасын баптап, Францияның ұлттық командасын жаттықтырған Ким енді Қазақстан құрамасында жаттықтырушы-кеңесші қызметін атқарады. Ал танымал спортшы, Азия ойындарының күміс жүлдегері, бірқатар халықаралық турнир жеңімпазы, Лондон Олимпиадасына қатысушы Нұрсұлтан Мамаев аға жаттықтырушы болып тағайындалды.
Қазіргі кезде есімдері аталған мамандар өз жұмыстарына кірісіп те кетті.