Беларусьте өтіп жатқан ІІ ТМД елдері ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір алтын медаль түсті.
Кеше каратэшілер сайысында Лия Қошқарбаева асқан шеберлік танытып, ката жаттығуында алдына жан салмады. Күміс медальды Анна Щербина (Ресей) иеленсе, Захра Гурбанзаде (Әзербайжан) мен Наталья Филюкова (Ресей) қолаға қол созды. Ал кумитэден 75 кило салмақта өнер көрсеткен Әбілмансұр Батырғали күміспен күптелді. Естеріңізге сала кетейік, Беларусьте алғаш рет Қазақ елінің әнұранын Максим Сказобцов шырқатты. Баттерфляй әдісімен 100 метрлік қашықтықты ол 53,61 секундта жүзіп өтті. Бас жүлденің тағы екеуін самбошылар иеленді. Атап айтсақ, 58 кило салмақта Жасұлан Нариманов қарсылас шақ келтірмеді. Финалда ол қырғызстандық Қайрат Жүсулды жеңді. 71 кило салмақ дәрежесінде Арнұр Қуантайға тең келер ешкім табылмады. Шешуші тұста қандасымыз ресейлік Иван Агафоновтан айласын асырды.
Қазіргі кезде аталған жарыстың жалпы командалық есебінде Қазақстан құрамасы бесінші орында келеді. Қоржынымызда 38 (4+13+21) жүлде бар. Біздің алдымызда – Ресей (124+76+42), Беларусь (34+60+99), Өзбекстан (24+16+45) және Әзербайжанның (8+14+30) спортшылары.