• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Ғылым 14 Тамыз, 2023

Биотехнологиялық білімнің болашағы

286 рет
көрсетілді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдау­ла­рында білім сапасын жақсартуға баса мән беріп келеді. Шынында да, еліміздегі маңызды сала – білім жүйесі. Бұл сала ұлт сапасын жақсартуда аса маңызды рөл атқарады. Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі.

Ұлттық және әлемдік экономикада жүріп жатқан интеграциялық үдерістер елдің бәсекелестікке қарсы тұру қабілет­ті­лігін қамтамасыз етуде білім беру сапасының орны орасан зор екенін көр­сетеді. Білім беруді дамытудың мем­лекеттік бағдарламасын орындау үдерісінде біз сапалы қызмет ұсынуымыз қажет. Қазіргі әлемдегі қоғамдық-экономикалық және технологиялық өзгерістер күрделі міндеттерді алға тартып отыр. Олардың көпшілігі еліміздің жоғары оқу орындарының білім беру қызметіне байланысты.

Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінің тарихы 1943 жылы Шымкент технологиялық құрылыс материалдары институты екі факультет болып бөлініп, технологиялық факультеттің «Силикаттар технология­сы» мамандығы және тау-кен фа­куль­тетінің «Металл емес пайдалы қаз­баларды өндіру және пайдалану» мамандықтары ашылған кезден бас­тал­ған. Сол себепті бұл құрылым уни­верситеттің ең байырғы әрі ірі бөлім­де­рінің бірі саналады. 1947 жылы тау-кен факультеті жабылған соң инс­ти­тут директоры Сафа Үмбеталиннің тіке­лей қолдауымен технологиялық факультет дами бастаған. 1948-1957 жылдар аралығында 532 маман жоғары білімге ие болған. Ал 1957 жылы жаңа мамандықтар ашылып, әрі материалдық база нығайып технологиялық және механикалық екі факультеттен құралған институт атауы Қазақ технологиялық институты болып өзгертілген. Инсти­туттың дамуына ректор Сұлтан Сүлей­меновтің қосқан үлесі орасан зор. 1962 жылы химия-технологиялық факультетінің құрамында химия-технология бағытындағы бірнеше  жаңа кафедра қосылған. 1964 жылы жоға­ры оқу орнының атауы Қазақ химия технологиялық институты болып ауысқан. 1996 жылы институт тех­ни­ка­лық университет мәртебесін иеленген. Осыған байланысты университет Оңтүстік Қазақстан техникалық уни­верситеті болып өзгертілді. 1998 жылы оқу ордасы Оңтүстік Қазақстан гу­манитарлық университетімен бірік­ті­ріліп, М.Әуезов атындағы Оңтүс­тік Қазақстан мемлекеттік универ­ситеті деген жаңа атауға ие болды. 2021 жылы «М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан университеті» ком­мерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгертілді. Қазіргі таңда Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарованың басқаруымен аталған оқу орны Қазақстан бойынша рейтингтегі жоғары дәрежесінен төмендемей, алға жылжып келеді.

Химия-технологиялық факультетінің негізінде 2014 жылы Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебі құрылған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде студенттерді әртүрлі бағытта дайындайтын 12 факультет бар. Солардың бірі – алғаш ашылған, тарихы тереңде жатқан елге мәлім «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебі. Оның деканы – техника ғылымдарының кандидаты, доцент Мұрат Айтөреев. Жоғары мектеп құрамында 5 кафедра жұмыс істейді: «Бейорганикалық заттар және мұнай-химия өндірістерінің технологиясы», «Силикаттар технологиясы және металлургия», «Биотехнология», «Экология», «Химия және фармацевтикалық инженерия». Химиялық инженерия және биотехнология жоғары мектебінде жалпы 120 профессор оқытушы, соның ішінде 17 ғылым докторы, 27 профессор, 57 ғылым кандидаты, 10 РhD және 37 ғылым магистрі, сонымен қатар 56 «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» жұмыс істейді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университеті ірі әрі көп профильді оқу орны болғандықтан, еліміздің оң­түстік аймағының білім беру, ғылыми, мәдени-гуманитарлық орталығы ретінде қалыптасқан. Сонымен қатар қазіргі заманның университеті және респуб­ликаның қарқынды дамуы үшін ауқымды үлес қосуға қабілетті, біліктілігі жоғары мамандар дайындауда негіз болуды мақсат етіп отыр.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің «Химиялық инженерия және биотехнология» жоғары мектебінің «Биотехнология» кафед­расы 2003 жылдың 10 қыркүйегінде құрылған. Жаңа мамандықтың дамуына, оқу-әдістемелік және материалдық-техникалық базаларды жасауға үлес қос­қандар қатарында техника ғылым­да­рының докторы, профессор Мәлік Сатаев, химия ғылымдарының докторы, профессор Қазым Надыров, химия ғылымдарының кандидаты, доцент Наталья Приходько, химия ғылым­да­рының докторы, доцент Анар Есімова, биология ғылымдарының канди­даты, профессор Альмира Сапарбекова, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Кеделбаев бар.

2019 жылы 18 қазанда «Биотех­но­логия» кафедрасы үшінші рет халық­аралық және мемлекеттік аккредитация­дан өтті. Демек кафедраның жұмысы жоғары дәрежеде әрі алдыңғы қатарда деген сөз. Кафедраның оқытушылар құрамы біліктілігі жоғары білімді мамандардан тұрады. Олар сабақ беруде оқытудың жаңа инновациялық-дидактикалық әдіс­терін меңгерген.

«Биотехнология» кафедрасының мін­дет­терінің бірі – білім деңгейі, білік­ті­лігі үнемі өздігінен өзгеріп отыратын жағдайларда үздіксіз маман даярлау. Бұл істі кафедра меңгерушісі, ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжайна Алпамысова ойдағыдай ұйымдастырып келеді.

Биотехнология кафедрасында мамандарды дайындау білім берудің үш деңгейлі жүйесі бойынша жүргізіледі: бакалавриат (оқу мерзімі – 4 жыл); магистратура (кәсіби және ғылыми-педагогикалық бағыттар (оқу мерзімі – 1 және 2 жыл); PhD докторантура (оқу мерзімі – 3 жыл).

«Биотехнология» кафедрасы жаңа уақыт, жаңа жоба барысында универ­ситеттің бір орында тұрмай алға жылжуына, дәрежесінің жоғары болуына үлес қосып келеді. Тәжірибе алмасу мақ­сатында «Биотехнология» кафед­ра­сы­ның оқытушылары білікті­лігін арттыру үшін жыл сайын алыс-жа­қындағы алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарында іс-тәжірибеден өтеді.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университеті шетелдердің жоға­ры мектептерімен байланыс жасау туралы екі жақты келісімшарттарды бе­кіт­­­кені белгілі. Қуаныштысы шетел уни­­­верситеттерімен жасалған келісім­шарт­­тардың саны да артып келеді. Бұл еліміздің жоғары оқу орындарында білім беру саласында халықаралық байланыс­тарды жүзеге асыру қарқынды дами түс­кен­дігінің белгісі.

«Биотехнология» кафедрасы өнді­рістік мекемелермен және ғылыми ұйым­дармен тығыз байланыста. Сту­денттер мен магистранттар, доктарант­тар ғылыми зерттеу жұмыстарына белсенді қатысады және алыс-жақын шетелдерде (Ресей, Германия, АҚШ және тағы басқа елдерде) іс-тәжірибеден өтуге, соны­мен қатар оқуын жалғастыруға мүм­кіндіктері бар.

Биотехнология саласы – ғылыми-тех­никалық дамудың алдыңғы қатарлы бағыттарының бірі. Көптеген өндірістің болашақта қарқынды дамуына «жоғарғы технологиялар» нақты мысал бола алады. Қазіргі таңда биологиялық технология жақсы дамып келеді. Биотехнологияны қолдану аймағы шексіз десе де болады. Әлемнің дамыған елдері биотехнологияны қазіргі уақыттың қажеттілігіне сәйкес өнеркәсіптерді қайта құрудың негізі ретінде қарастырып отыр. Бұған өте маңызды сала деп қарайды.

Білім беру сапасын арттыру үшін оқу үдерісінде мемлекеттік мекемелердің, шетелдердің жетекші мамандары, профессорлары ұтқырлық бойынша арнайы дәріс беруге шақырылады. Тиісінше, біздің оқытушы профессорлар да алыс-жақын шетелдерде дәріс беріп жүр.

Қазіргі таңда білімді және өндірісті интеграциялау қарқынды дамып келе жатқан биотехнология индустриясының бөлінбес бір бөлігі саналады. Кафедрада бірқатар ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Мәселен, б.ғ.к., профессор Альмира Сапарбекованың же­тек­шілігімен «Жоғарғы биологиялық және тағамдық құнарлығы бар тағам өнімдерінің биотехнологиялық өндірісін жасау» тақырыбында, х.ғ.к., доцент Анар Есімованың жетекшілігімен «Оңтүстік Қазақстан облысы агроөнеркәсіп кешені үшін табиғи және техногенді шикізаттан биопрепараттар, биотыңайтқыштар мен БАЗ биотехнологиялық өндірісін жасау» тақырыбында зерттеу жүргізіліп жатыр.

«Биотехнология» кафедрасында Ресей мен Қазақстанның жоғары оқу орындарында қалдықтарды тұрақты бас­қарудағы құзыреттілікті арттыру тақы­рыбы бойынша Ботагөз Муталие­ваның жетекшілігімен жұмыс жүргізіліп жатқанын да айта кетейік. Серіктес университеттердің қатарында Тампере қолданбалы ғылымдар университеті (Финляндия), Лиллебаелт академиясы (Дания), Вальядолид университеті (Испания), ИТМО университеті – Ұлт­тық ақпараттық технологиялар, ме­ханика және оптика зерттеу университеті (Санкт-Петербург, Ресей), Ресейдің тұңғыш президенті Б.Ельцин атындағы Орал федералды университеті, Түмен мемлекеттік университеті (Ресей), Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан уни­верситеті бар. Жобаның негізгі мақ­саты – Қазақстан мен Ресейдегі физика ғылымдары мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы жоғары білім беру жетістіктерін меңгеруді халық­аралық тұрғыда жетілдіру және жаңалау. Бұл мақсатқа елдер бойынша қатысатын серіктес университеттердің жергілікті оқу орындарының құрамын құру арқылы келесі бағыттар бойынша (жобаның негізгі мақсатты тобы) қалдықтарды тұрақты басқару саласы және жаңа еуропалық педагогикалық тәсілдермен қол жеткізіледі. Одан басқа қалдықтарды тұрақты басқару бо­йынша онлайн-оқытудың сегіз модулі екінші мақсатты топтың, студенттер мен компаниялар, жергілікті билік органдарының қызметкерлері мүддесі үшін құрылады. Білім беру сапасын арттыру үшін оқу үдерісінде еліміздің мекемелерінің және алыс-жақын шетелдердің жетекші мамандары арнайы дәріс оқуға шақырылады.

«IUCLAND Еуропа мен Азия елдерінде жерлерді қорғау бойынша уни­вер­ситеттердің халықаралық қа­рым-қатынасы» тақырыбы бойынша кафедра профессоры Бақытжан Кедел­баевтың жетекшілігімен жұмыс жүргізілді. IUCLAND – Еуропа мен Азия елдерінде жерлерді қорғау бойынша уни­вер­ситеттердің халықаралық қаты­насы Erasmus+ бағдарламасы арқы­лы қаржыландыратын (озық тәжіри­белерді алмасу және инновация бойынша қарым-қатынас) білім беру жобасы болып саналады. Бұл бағдарламаның мақсаты – жерлердің деградациясына арналған оқу қызметін (оның ішінде жаздық мектептер мен семинарлар) жүзеге асыру аясында университеттердің-се­рік­тестердің халықаралық қатынасы мен жұмыс істеуі. Шындығында, жоба Еуропа, Шығыс Азия мен Орталық Азия серіктестері арасындағы байланыс есебінен ай­мақтар арасындағы халықаралық қарым-қатынастарды қарастырады. IUCLAND жоғары оқу орындарының білім беру құрылымы арқылы озық тәжірибелерді және қарым-қатынас потенциалын арттыру жолымен топырақты дамыту мен топырақты қорғау бойынша стра­те­гиясының тиімділігін жақсартуды жоспарлайды. Сонымен қатар жоба кон­сорциумы келесідей мақсаттарды қарастырады: Еуропалық одақ және Азия елдерінде жерлер дег­радациясы бойынша халықаралық білім берудің нақты шамада сапасын жақсарту және санын арттыру; магис­транттар мен аспиранттарға мониторинг және топырақты қорғау саласында сараптау жағдайларының дағдыларын қалыптастыру; табиғи ресурс­тарды рационалды қолдану саласында зерттеулер жүргізу үшін университеттер-серіктестер арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты тереңдету. Жобаның мақсаты – Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда топырақ ресурстарының дег­­радациясы саласында білім беру және ғылыми зерттеулер сапасын, ақпараттық мүмкіндігін өзара жақсарту, сондай-ақ жоғары білім беру мен экономикалық қоғамдық орта арасындағы байланысты бекіту.

Еліміздің ауылшаруашылық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы осы салада еңбек өнімділігін арттыруда ғылыми негізделген жерлерге орналастыру жобаларын жасау да маңызды мақсаттың бірі. Жоба аясында топырақтың сапасы мен мақсатына сәйкес жерге орналастыру, жердің топырағын жел және су эрозиясынан қорғауға және құнарлылығын арттыруға негізделген өңдеудің технологиясын жасау, оны бәсекеге қабілетті болатындай кешенді жұмыстар жүргізу де маңызды.

Елімізде топырақты тиімді пайда­лану тек шаруашылықпен айналы­са­тын­дарға ғана емес, болашақ ұрпақ үшін ел аумағында несібесін айырып, халқымыздың ортақ мүддесі, игілігі жолында еңбек етіп жатқан баршаға жүктеліп отырған үлкен міндет. Шар­уа­лардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Осындай пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Қаржыландыратын ғылыми зерттеу жұмыстары, соның ішінде шаруашылық келісімшарттары бойынша 3 жоба біздің кафедраға жүк­телген. «Түркістан облысының шө­лейт аймағындағы тозған ауыл жайылымдарын ұтымды пайдаланудың тиімді технологияларын әзірлеу» тақыры­бын­дағы жобаны қаржыландыру көлемі – 49 млн теңге. Ғылыми жетекшісі – т.ғ.д.,профессор Бақытжан Кеделбаев. «Жануарлар және өсімдік тектес егінші­лік шикізатты өңдеудің кешенді технологиясын әзірлеу» тақырыбындағы жобаны қаржыландыруға 250 млн теңге бағытталып отыр. Ғылыми жетекшісі – ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Нұридин Әлібаев. «Жасыл нанотехнология және қор­шаған ортаны зондтау саласында серік­тестік бағдарламасын құру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми жобаны қаржы­лан­дыру көлемі 2 310 331,45 теңгеге тең. Ғылыми жетекшісі – «Био­тех­но­логия» кафедрасының доценті, х.ғ.к., Ботагөз Муталиева. Жоба барысында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінен, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті және Нью-Джерси (Рутгерс, АҚШ) мемлекеттік университетінің профессоры Пол Тахистовтың грант ұтып алған бірлескен бағдарламасы бойынша жұмыс істеліп жатыр.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақ­стан университетінің «Химиялық инже­нерия және биотехнология» жоғары мектебі ғалымдарының жаңалықтары мен ғылыми идеяларының іске асуын қолдау еліміздің дамуына қызмет етері даусыз. Студенттердің де жетістіктері баршылық. Мәселен, биотехнологиялық тәсілмен халық шаруа­­шылығына тиімді зат алуда Гүл­жайна Алпамысованың жетек­шілігімен 4-курс студенттері Жанжігіт Шайділдә мен Нұржамал Абдукәрімова аймақтық байқаулардың жеңімпазы атанған. Г.Алпамысованың жетекшілігімен ХТ-20-5к1 тобының студенттері Мәншүк Саймова, Әмина Әріпбаева, Рахат Оразғали республикалық пәндік олимпиададан үшінші орын иеленді.

Бакалавриат бағдарламасын бітіру­шілерді жұмыспен қамтамасыз ету білім беру нәтижесінің негізгі көрсеткіші екені анық. Бітірушілер азық-түлік, тағам­дық, биотехнологиялық өнімдерді өндіру мекемелерінде, биотехнологиялық өндірістер мен үдерістер зертханаларында, ғылыми зерттеу мекемелерде жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында «Фудмастер», «Шымкентсүт», «Шым­кентпиво», «Хим­фарм», «Петро Қазақстан», «Қаз­АгроИнновация», «Биотехнология» ұлттық орталығы секілді құрылымдар бар.

 

Анар ЕСІМОВА,

М.Әуезов университеті биотехнология кафедрасының доценті,

химия ғылымдарының кандидаты